Манчестерде таэквондодан 2019 жылғы әлем чемпионаты аяқталуға айналды. Әзірше Қазақстан қоржынында – бір ғана жүлде. 74 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Қайрат Сарымсақов әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Ол жартылай финалда ғана ұтылып, үшінші орынға ие болды.
Қайрат алғашқы айналымда Косова спортшысын жеңді (14:5). Бұдан кейін Жапония жігіті Й.Хамаданы да жолынан тайдырды (5:3). Одан соң Португалия үміті Джулио Феррерадан айласын асырды (10:7). Ширек финалда Австарлия таэквондошысы Джек Мартонды тізе бүктірді (12:7).
Алайда жартылай финалда 2016 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы, Иорданияның жас таланты Ахмад Абугаушқа есе жіберіп алды (3:7). Сөйтіп, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері атанды. Ол 2017 жылы Оңтүстік Кореядағы бүкіләлемдік біріншілікте де үшінші орынға ие болған.
Өкінішке қарай, үміт артқан басқа қыз-жігіттеріміз жүлделі орындарға іліге алар емес. 68 келіде бақ сынаған Нұрсұлтан Мамаев екі рет жеңіске жеткенімен, үшіншісінде 2015 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Бельгия спортшысы Си Мохаммед Кетбиден ұтылып, 9-орынды қанағат тұтты.
Әйелдер арасындағы 73 келі салмақта сынға түскен Жансель Дениз болса, екінші айналымда Испания қызы Сесилио Кастродан ұтылып қалды. Осы жеңілісінен соң, әлем чемпионатына жарақатынан толық айықпай қатысып, жанкүйерлер сенімін ақтай алмағандығын мәлімдеді.
2019 жылғы әлем чемпионаты бүгін аяқталады. Енді ауыр салмақтағы жігіттерімізге сенім артамыз. Әрі әлі де үмітімізді үзбейміз. Жалпы, Манчестердегі әлем чемпионатына Қазақстан ұлттық құрамасы төмендегі құрамда аттанған болатын:
Ерлер – Самат Темірхан (54 келі), Елдос Ысқақ (58 келі), Эльдар Бірімбай (63 келі), Нұрсұлтан Мамаев (68 келі), Қайрат Сарымсақов (74 келі), Нұрлан Мырзабаев (80 келі), Смайыл Дүйсебай (87 келі) және Руслан Жапаров (87 келіден жоғары).
Әйелдер – Айнұр Уашпай (46 келі), Айнұр Есбергенова (49 келі), Фариза Алданғарова (53 келі), Ботагөз Қопанова (57 келі), Фатима Жақсыбаева (62 келі), Ақсәуле Ерқасымова (67 келі), Жансель Дениз (73 келі), Мереке Жүнісова (+73 келі).
Маруан Түсіп