Қайта қаржыландырылған қарызға салық салынбайды

17004

Мемлекеттен бөлінген қаржы есебінен ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландырған жеке тұлғалар салық төлеуден босатылады.

Қайта қаржыландырылған қарызға салық салынбайды

Мұндай норма қарашаның аяғында мемлекет басшысы қол қойған салық салу және кедендік әкімшілік мәселелері жөніндегі заңнамалық түзетулерге енгізілді.

Салықтық жеңілдік тұрғын үй/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын тиімді іске асыру үшін енгізілді. Бұл жеңілдіксіз екінші деңгейлі банк (ЕДБ) немесе ипотекалық ұйым қарызын кешірген тұлға 10 пайыздық жеке табыс салығын (ЖТС) төлеуге міндетті болған.

Түзетулерге сәйкес, кешірілген қарыз – табыс емес, ал қарызын қайта құрылымдап болған немесе осылай істемек болған адам салық төлеуге тиіс емес. Бұл норма 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енеді және тұрғын үй/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы аясында іске асырылады.

Ұлттық банктің ақпаратына сәйкес, салықтық жеңілдік:

- негізгі қарызға қайта қаржыландырылған сыйақы, комиссия, тұрақсыздық төлемі (өсім, айыппұл);

- есептелген, бірақ, төленбеген сыйақы, комиссия, тұрақсыздық төлемі (өсім, айыппұл);

- 2015 жылдың 18 тамызындағы валюта бағамы бойынша валюталық қарызды қайта қаржыландыру кезінде пайда болған бағам айырмашылығы;

- халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз санатына жататын адамның қарызы бойынша сотқа шағым берілген жағдайда банк немесе ипотекалық ұйым төлеген мемлекеттік баж алымы бойынша қарыз кешірілген жағдайда қолданылады.

Қаржы қызметтерін дамытудың ұлттық қоры" қоғамдық қорының төрағасы Андрей Ли салық жеңілдігінің мәнін жеңіл тілмен түсіндірді. "Мысалы, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобынан шыққан адамның 10 млн теңге қарызы бар дейік. Ол кісі негізгі қарыздың тең жартысын төлеп, 2015 жылдың 1 қаңтарында негізгі қарызы 5 млн теңгеге дейін азайды. Ал өсімі мен айыппұл қарызы 2 млн теңгеге жетті. Қайта қаржыландыру бағдарламасының талаптарына сәйкес, қалған 5 млн теңге – негізгі қарызы белгілі бір мерзімге жылына 3% өсіммен есептеледі.

Банк кешірген 2 млн теңге өсім мен айыппұлдан жиналған қарызды бұрын қайта қаржыландыру бағдарламасы аясында 10% жеке табыс салығын төлеуі тиіс еді. Заңнамалық өзгерістерге сәйкес, кешірілген қарыз табыс болып саналмайды және одан ешқандай салық алынбауы тиіс. Біздің ойымызша, бұл өзгеріс – бағдарламаны іске асыруға бағытталған маңызды қадам.

Айта кетейік, қаржы қызметтерін дамытудың ұлттық қоры қайта қаржыландыру бағдарламасы аясында қарыз алғандарды салықтың салмағынан босату ұсынысымен экономика министрлігіне де, ұлттық банкке де бірнеше рет шыққан.

Қаржы секторына келетін болсақ, қарызды кешіретін кезде ЕДБ ол сомадан 20% корпоративті табыс салығын төлеуі тиіс болатын. Дәл осы заңда екінші деңгейлі банкке 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енетін өзгерістер көзделді. Десе де, Андрей Лидің ойынша, бұл жай банк секторын түбегейлі ынталандырмайды.

"Мәселе мынада. Банкке қойылатын салық талаптарының көлемі белгілі бір жағдайларда қысқармайды. Төленбеген қарызды кешіру көлемі мен негізгі қарыз сомасына есептелген сыйақы көлемі және салық кезеңі басталмас бұрын есептелген сыйақы көлемі 0,1 коэффицентінен аспауы тиіс. Яғни, егер банк 2 млн теңге несиенің есептелген айыппұлы мен өсімін кешірсе, ал негізгі қарыз сомасы 10 млн теңге болса, онда коэффицент 0,2-ге тең болады. Мұндай жағдайда банк ең жоғарғы 0,1 коэффицентінен аспайтын салық төлеуден босатылады. Осылайша, ЕДБ қатынастың ең жоғарғы көлеміне тәуелді, бұл дұрыс деп айта алмаймыз. Бүгінгі күні көптеген банктерге мұндай бас ауыртатын қарыздар қажет емес және инвестиция тару мақсатында олар қарыздың бір бөлігін, не қарыздың барлығын кешіруге дайын. Алайда, бұл жағдайда оларға салық төлеу қажет, ең жоғарғы қатынас көлемін ескермесек, әрине, бұл аздап қисынсыз", – дейді қоғамдық қор басшысы.

Оның айтуынша, көптеген ЕДБ тұрғын үй/ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасының талаптары бекітілгеннен кейін 2015 жылдың сәуірінде талқылады. Көптеген банк кешірілген қарыз сомасынан КТС төлеу қажет болғандықтан оған қатысуға тілек білдірмеді.

Бағдарламаны іске асыруға бөлінген 130 млрд теңгені игеру мерзімі 2017 жылдың 1 сәуірінде аяқталады. Ұлттық банктің мәліметтеріне сүйенсек, 2016 жылдың 1 желтоқсанында бөлінген сомадан 70%-дан сәл жоғары сома – 94 млрд теңге игерілді.

Андрей Лидің пайымдауынша, қалған төрт айда банктер бөлінген қаражатты толығымен игере алмауы мүмкін.

"Біз бірнеше рет Ұлттық банктен салымдарды игеру мерзімін 2017 жылдың аяғына дейін ұзатуды сұрадық (бұрын мерзім 2016 жылдың 1 желтоқсанына дейін болатын), алайда, әзірге мерзім тек 2017 жылдың 1 сәуіріне дейін ғана ұзартылды", – дейді Андрей Ли.

Қайта қаржыландыру бағдарламасының талаптарына 2004 жылдан 2009 жылға дейінгі аралықта банктерден қарыз алған,2015 жылдың 1 қаңтарында қарыз қалдығы 35,5 млн теңгеден аспайтын тұрғын үй/ипотекалық қарыздар сәйкес келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу