Қайта құрылымдаудан басталып, жаһанға жарқ еткізумен жабылған жыл

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
11206

Жаңа жылға аяқ басқалы отырған Қазақстан халқы өткенді бағамдап, жеткенді бағалап, жарқын болашаққа болжам жасауда.

Қайта құрылымдаудан басталып, жаһанға жарқ еткізумен жабылған жыл

Осы орайда сарапшылар мен экономистер биылғы жылдың саяси-экономикалық қорытындыларын шығарып, жылдың басты оқиғаларын анықтап жатыр.

Ғарыштық жылдамдықпен зымыраған мына заманда кірпік қаққанша жаңалықтардың бірін екіншісі басып, алдыңғылары лезде ұмыт болып жатады. Бұл ретте сарапшылар биылғы 2017 жыл үкіметтегі қайта құрылымдаудан басталғанын еске салады. 5 қаңтар күні елбасының "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы" жарлығы шықты. Ол бойынша екі ведомство – әлеуметтік даму және ішкі істер министрліктері қайта құрылымдауды бастан өткеріп, нәтижесінде, соңғысының құрамында жаңа "Көші-қон қызметі комитеті" пайда болды. Тамара Дүйсенова министрлігінің біраз штаты Қалмұханбет Қасымов басқаратын құқық қорғау органына көшті.

Мұның экономикаға тікелей қатысы бар. Кейбір дерек бойынша, бұрынғы кеңестік елдерден келетін еңбек мигранттары жыл сайын Қазақстаннан ешқандай алым-салық төлемінсіз 5-7 млрд долларды алып кетеді екен. Демек бұл саланы жаңаша реттеу қажет болған. Саясаттанушы Данияр Әшімбаев кезінде бұл комитеттің өзге комитеттер құрамына қосылып, көші-қон саласын бақылау деңгейі төмендегенін айтады.

"Осыдан екі жыл бұрын еңбек министрлігі құрамында жеке көші-қон комитеті отау құрды. Алайда 2014 жылдың тамызындағы үлкен реформадан кейін бұл комитет те министрліктің басқа құрылымдарына еніп кетті. Нәтижесінде миграция проблемалары сол күйі қалды, ал оларды ары қарай шешетін уәкілетті әрі автономды орган болмай шықты. Соның салдарынан бұл функциялар әралуан ведомстволар арасында тарыдай шашылды", – деген ол жаңа жарлық бұрындары қолданылған тәжірибе-нұсқаны "қайта тірілтіп" отырғанына назар аудартады. Әзірге қайта оралған тәжірибенің нәтижелері белгісіз. Жаңа орган әлі жұртшылық алдында қорытынды есебін берген жоқ. Парламент депутаттары да елге ағылған еңбек мигранттарынан қанша салық түскені туралы ақпарат алдырта алмай отырғандарын айтады.

Тауық жылының басты экономикалық жаңалығының бірі тәуелсіз Қазақстанның тарихында алғаш рет ауыл әкімдерінің төл бюджеті пайда болды. Елбасы ұлт жоспарының 98-қадамында "селолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу" міндетін қойған болатын. Биыл ел парламенті осы қадамды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етті.

Бұған дейін елімізде бюджет жүйесі тек 3 деңгейден тұратын және ең төменгі сатысы – "аудандық бюджет" болып табылатын. Ары қарай ауыл мен кенттер осы аудандық бюджет құрылымындағы 19 бюджеттік бағдарлама аясында қаржыландырылатын. Енді жалпы саны 2,5 мыңнан асатын ауыл-кенттер ауданнан "тәуелсіздік" алып отыр.

Бірден айта кетелік, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің жеке бюджеттеріне нақты ақша алдағы жаңа жылдан бастап түседі. Биыл соған дайындық және кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүрді. Іс барысында кейбір ауыл әкімдеріне өз бетінше жұмсайтын бюджеттің қолға түсуін әлі де күте тұруға тура келетіні анықталды. Атап айтқанда, ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті 2018 жылдан бастап алдымен тұрғындарының саны 2000 адамнан асатын аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округтер деңгейінде ғана пайда болатынын, ал қалғандарында тек 2020 жылдан бастап жаппай енгізілетінін мәлімдеді.

Ең қызығы да осыдан кейін басталмақ. Себебі елбасы биыл жариялаған "Рухани жаңғыру" бағдарламасындағы "Туған жер" жобасы аясында басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдерін ауылға демеушілік жасауға шақырған болатын. Ал бас экономистің айтуынша, төл бюджетін иеленетін ауыл әкімдері енді кіндігі ауылдан ажырамаған жомарт қазақстандықтардың және шетелдегі жерлестерінің қайырымдылық қаражаттарын өз есеп-шоттарында жинайтын болады. Бұл істе қай әкім белсенділік танытса, сол ауылдың көркейетін мүмкіндігі молаяды.

Әзірге аталған 2,5 мыңдай ауылдық әкімшілікті қаржыландыруға жыл ішінде 110 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалыпты. Яғни әрқайсысына орташа есеппен 44 миллионнан келеді. Төл бюджеті құрылғанымен орталық бюджет ауылды қаржыландыруды тыймайды, бұл миллиондар ары қарай да соларға арна тарта бермек. Бұған қоса ауылдарға жергілікті салықты да өздері жинап, бай азаматтарды да демеушілікке тартып, әл-ауқатын қосымша көтеруге жол ашылуда.

Биылғы жылғы тағы бір экономикалық ірі оқиға ретінде Қазақстанның "Үшінші жаңғыруының" жариялануын айтуға болады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 31 қаңтарда ақпарат құралдарында жарық көрген халыққа жолдауында еліміздің "жаңа дәуір қарсаңында" тұрғаны мәлімделді.

"Әлемде кезекті, төртінші өнеркәсіптік революция басталды. Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі ұлтқа берілген мүмкіндік. Бүгін мен Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып отырмын. Елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажет", – деді президент.

Бұл жаңғыру нәтижесінде ел экономикасының әлемдік өсімнің орта деңгейден жоғары қарқыны қамтамасыз етілуге және Қазақстан 30 озық елдің қатарына кіруге тиіс. Үшінші жаңғыру аясында ел үкіметі "экономиканы жеделдетілген технологиялық жаңғыртуға" кірісті. Оның аясында 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салалар дамытылады. Сондай-ақ үкімет "Цифрлық Қазақстан" жеке бағдарламасын қабылдап, іске асыруды бастады. Мемлекет автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, "ауқымды мәліметтер" алмасу секілді озық индустрияларға ден қойды. Рас әзірге негізінен сөз және қағаз жүзінде. Қазақстандықтар бұл бағыттағы нақты жаңалықтарды алдағы уақытта естіп, ұстап көре алады деп үміттенеміз.

Қазақстан тауық жылында "Нұрлы жер" тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруды бастады. Бұл мембағдарлама елбасы қойған міндет бойынша "құрылыс секторын отандық экономиканың толыққанды драйверіне айналдыруға тиіс". Өйткені жол, тұрғын үй және басқа да инфрақұрылым құрылысына инвестиция сала отырып, мемлекет қалаларымыздың ұзақ жылдарға дейін сыртқы және технологиялық келбетін айқындайтыны мәлім. Құрылысты өркендетпеген елдерде қалалардың келбеті бетін терең әжім басқан, ескі-құсқыны киген кедей қарияны елестетпек. Ал құрылысы қарқынды жүрген мемлекеттердің шаһарлары жыл сайын түрленіп, ажары арайланып, жасара түспек.

"Нұрлы жер" аясында мемлекет басшысы "алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуді" жүктеді. Бұл міндет үдесінен үкімет қаншалықты шыға алып отыр? Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2017 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша тұрғын үй құрылысына барлық қаржыландыру көздерінен 820,7 млрд теңге инвестиция бөлінген. Оның 134 млрд теңгесі – "Нұрлы жер" аясында құйылған мемлекеттік инвестиция болып табылады. Нәтижесінде биыл 84 мыңнан астам пәтер мен жеке тұрғын үй немесе 9,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Алайда мәжілісте айтылғандай, бұл әкімдіктерде үй кезегінде тұрғандардың мәселесін шешпеуде. Нақты айтсақ, үй кезегіндегілердің қатары 2014 жылғы 255,7 мың адамнан 2017 жылы 458,4 мың адамға, яғни 2 есеге жуық өскен. Ұзын-сонар кезектегі халық үкіметтен бұл істе қарқын күтеді.

Елбасы биыл "бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту" басымдығын жариялады.

"Біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету. Бұл – өте өршіл мақсат, бірақ оған қол жеткізуге болады", – деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы орайда 2017 жылы үкімет "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын" іске асыруға кірісіп кетті. Оның арқасында Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 млн теңгеге дейін шағын несие ала алады. Әйткенмен бағдарламада берілген мүмкіндік жергілікті жерлердегі бюрократиялық кедергілерге соғылып, шашылады екен. Мәселен  үкіметтің биылғы жылжабар отырысында мәлім болғанындай, 16 млн түгіл, "микронесиені" алу үшін ғана 32 түрлі құжат жинау талап етілетін көрінеді. Оларды жинап шыққанша, бизнесмендерге қаншама қаржыны, есіл уақытты шығындауға, жүйкесін жұқартуға тура келеді.

Сөз соңында ескі жылдағы жағымды бір жаңалыққа да тоқтала кеткен жөн. 2017 жылы қазақстандық компанияларды корпоративтік басқару жүйесін жаппай жетілдіру бойынша іс-шаралар жүргізілді. Бұл ақыр соңында Doing Business жаһандық рейтингінде "Миноритарлық инвесторларды қорғау" көрсеткіші бойынша Қазақстанға шығандай көтерілуіне мүмкіндік берді. Енді қараңыз: дүниежүзілік банктің осы әлемдік рейтингінде қазақ елі аталған көрсеткіш-индикатор бойынша биыл дөңгеленген дүниедегі тәуелсіз 190 ел арасында 1-ші орын алып отыр.

Осылайша әлемдік рейтингті құруға тартылған халықаралық сарапшылар Қазақстанда инвесторларды қолдауға қолайлы жағдай туғызылғанына жоғарғы баға берді. Ал бұл жарқ ете қалатын уақытша құбылыс па, әлде елде тұрақты қалыптасқан ұдайы көрініс пе, оны алдағы уақыт көрсетеді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу