Жаңа министрлікке қатысты шешім қабылданды

3136

Онымен бірден бірнеше министрлік енші бөлісетін болды.  

Жаңа министрлікке қатысты шешім қабылданды

Ел Президенті VI сайланған Парламенттің қорытынды сессиясының ашылымында Жолдау жариялап, Төтенше жағдайлар министрлігін қайта құратынын мәлімдеген. Енді ел Үкіметі оның құрамына не кіретінін анықтады. Шешім "Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволары туралы" Үкіметтің жаңа қаулысы жобасымен бекітілмек.

Ең алдымен, Ішкі істер министрлігінің бүгінде Владимир Беккер басқарып отырған Төтенше жағдайлар комитеті алдағы күндері таратылады.

Содан кейін жаңа министрлік қалыптастыру жұмысы басталады. Бүгінде оның қайда орналасатыны, мекенжайы мәселесі шешілуде. Бір нұсқа ретінде әзірге ол қазіргі ғимаратында қала беретіні қарастырлуда екен. Меморган Нұр-Сұлтандағы "Мәңгілік Ел даңғылы, 8" мекенжайында, "Министрліктер үйінің" 2-ші кіреберісінде жұмыс істеуі мүмкін.

Төтенше жағдай министрлігінің құрамында 4 комитет болады.

Біріншіден, онда Өртке қарсы қызмет комитеті құрылады.

Екіншіден, Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдері жөніндегі комитеті ірге көтереді.

Үшіншіден, Руслан Дәленовтің Ұлттық экономика министрлігінің қарауынан мемлекеттік материалдық резервтер алып қойылады. Ол енді ТЖ министрлігінің Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті болып атауын өзгертеді.

Төртіншіден, Бейбіт Атамқұлов басшылық ететін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі де бір бөлігінен айырылады: оның қазіргі Индустриалдық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті, оның штаты, аумақтық бөлімшелері, бюджеті, техникасы, мүлік-мүкәммалы қаққа жарылуы керек. Нақтылай кетсек, осы ведомство орнына ТЖ министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті және ИИДМ-нің Индустриалдық даму комитеті пайда болады.

Қорыта айтқанда, жаңа меморганның жеке отау тігуі қолданыстағы 3 меморганның – ІІМ-нің, Ұлттық экономика министрлігінің, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қайта құрылуына соқтырады.

Бұдан бөлек, ТЖМ (жұртшылық пен журналистер қайтадан осы аббревиатураға бой үйрететін болады) құрамына "Республикалық жедел-құтқару жасағы" мемлекеттік мекемесі енеді. Бұл жасақтың құтқарушылары авария-апаттан құтқару және кезек күттірмейтін, соның ішінде аса күрделі және аса қауіпті жұмыстарды жүргізеді, сондай-ақ елдегі су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

"Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесі қар көшкіндері мен селдердің алдын алу іс-шараларын жүргізеді.

"Апаттар медицинасы орталығы" ММ төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен адамдарға медициналық және психологиялық көмек көрсетуге байланысты жауапты міндетті атқарады.

"Өрт сөндіруші" АҚ-ы – жұмыстар мен қызметтер нарығында өрт қауіпсіздігі саласындағы аса ірі кәсіби операторлардың бірі.

Құтқару авиациясы да жаңа министрлікке беріліп, "Қазавиақұтқару" АҚ-ы аясында жұмыс жүргізеді. Оның тікұшақтары ТЖМ-нің жоғары жедел әрекет етуіне жауапты.

Сонымен қатар, жаңа министрлік азаматтық қорғаныс органдарының офицерлерін даярлайтын жалғыз ЖОО – Көкшетау техникалық институтын, сондай-ақ "Республикалық азаматтық қорғау оқу-әдістемелік орталығы" ЖШС-ын өз балансына алады.

Ішкі істер министрлігі Ерлан Тұрғымбаевтың мәліметінше, Үкімет қаулысын іске асыруға, жаңа министрлікті қалыптастыруға мемлекеттік бюджеттен қосымша шығын шығарылмайды. Өйткені аталған комитеттерге және олар жауап беретін салаларға бюджетте қаржы бұрын бекітілген.

Төтенше жағдай саласын басқаратын меморган тәуелсіздік жылдарында әртүрлі мәртебеде жұмыс істеді. Мысалы, 1990 жылы Үкімет құрамындағы ТЖ жөніндегі мемлекеттік комиссия ретінде ашылып, 1997 жылға қарай мемлекеттік комитетке айналды. Осы кезеңде сала Украина тумасы, Кеңес заманында Қазақ КСР Ауыр индустрия кәсіпорындарының құрылысы министрі болған Николай Макиевскийге сеніп тапсырылды.

Одан кейін Шалбай Құлмаханов тұсында ТЖ жөніндегі агенттік болып жеке отау тікті.

2001–2004 жылдар аралығында осы агенттік басшылығында марқұм Заманбек Нұрқаділов болды.

2004 жылдың күзінде, 30 қыркүйекте ТЖ министрлігі құрылып, Сенаттың вице-спикері Мұхамбет Көпеев тұңғыш министр атанды. 2005 жылғы 11 тамызда сала басшылығына Шалбай Құлмаханов қайта оралды. 2007 жылғы 11 қаңтарда Виктор Храпунов министр атанды. Алайда сол жылғы 1 қарашада Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың ұсынысымен Елбасы Храпуновты отставкаға жіберді: Алматының әкімі болған тұста оның Алатаудың ең әсем жерлерін, тау бөктеріндегі қымбат жер телімдерін өз қалауынша таратқаны анықталды. Олардың біразы сол бойы қайтарылмады. Ал жанжал шыққанда, 2007 жылы В.Храпунов Швейцарияға тайып тұрды.

ТЖМ-ның соңғы министрі болған Владимир Божко (2007 жылғы 13 қарашадан 2014 жылғы 6 тамызға дейін, одан кейін министрлік таратылды) журналистерге сұхбатында жаңа министр кім болуы мүмкін деген сұраққа жауап берді.

"Төтенше жағдай министрі лауазымына табанды, талапшыл, адал, шұғыл ден қою жүйесін жақсы білетін тұлға келуі керек. Бізде кадрлық саясатпен айналысатын ведомстволар, тіпті агенттік бар. Олар дұрыс шешім қабылдайды деген ойдамын", – деп қысқа қайырды В.Божко.

Оның байламынша, жеке министрлік құрудың қисыны бар. Себебі, Үкіметтің апаттар мен аварияларға үн қатудағы және азаматтарды қорғаудағы жеделдігін арттыру керек. Сонымен қатар қылмыс ашуға баса мән беретін ІІМ-де шетқақпай көріп келген ТЖ секторының материалдық-техникалық базасын жаңаша нығайту қажет.

"Халықаралық ынтымақтастықты күшейткен жөн. Бұл бағыт ІІМ аясында біршама доғарылып қалды", – деді Мәжіліс төрағасының орынбасары, Ассамблея атынан сайланған депутат В.Божко.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу