Биыл елімізде арақ күрт қымбаттайды

4440

Ел Үкіметі қызуы жоғары ішімдіктің ең төменгі бағасын белгіледі.  

Биыл елімізде арақ күрт қымбаттайды

Үкімет шешіміне сәйкес, бұдан былай спиртінің үлесі көп алкоголь өнімдерінің литрін екі мың теңгеден арзан сатуға тыйым салынады.

"Арақтарға және айрықша арақтарға, күштілігі жоғары ликер-арақ бұйымдарына 2020 жылға арналған ең төмен бөлшек сауда бағалары литріне 2000 теңге мөлшерінде белгіленсін", – делінген Премьер Асқар Маминнің қол қоюымен бекітілетін қаулы жобасында.

Құжаттағы "айрықша арақтар" (водки особые) деген термин назар аудартады. Мемлекеттік стандартқа сәйкес, осы ішімдік араққа және айрықша араққа бөлінеді. Соңғысы құрамына қандай да бір ерекше дәм мен жұпар беру үшін қоспалар қосылады. Мысалы, Ресей мүкжидек дәмі мен қалампыр иісі бар арақтарын көптеп тасуда. 

Бірінші вице-премьер әрі қаржы министрі Әлихан Смайыловтың түсіндіруінше, күштілігі жоғары ішімдіктердің ең төменгі бөлшек сауда бағасының көтерілуіне негізінен, әкімшілік және логистика шығындарының артуы түрткі болып отыр. Ол шығындар өндірушілер мен сатып алушылардан өндіріледі.

"2019 жылы арақтарға, айрықша арақтарға, күштілігі жоғары ликер-арақ бұйымдарына арналған ең төменгі бөлшек сауда бағасы 1 мың 923 теңге болды. Ал 2020 жылы бөлшек сауда бағалары 2 мың теңгеге дейін қымбаттайды. Бұл жалпы әкімшілік шығыстың артуы, тасымалдау мен құрауыш өнімдер бағасының артуы секілді кейбір үстеме шығындардың көбейуіне байланысты", – дейді Әлихан Смайылов.

Оның мәліметінше, арақ пен ликердің бөлшек сауда бағасы артса, оларды өткізуге лицензиясы бар барлық сауда орындары, дүкендер, базарлар және басқасынан түсетін корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығы түсімдері де артып, бюджет толығады.

Үкімет жобаны қабылдау кері әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарларға соқтырмайтынына сенімді. Алайда ішімдік өндірушілер "самопал" өндірісінің артатынына сендіріп бағуда.

Мысалы, Қазақстанда пластик бөтелкелерге құйылған арақтар танымал бола бастапты. Мемлекеттік кірістер комитеті арзан арақтың қауіпті екенін ескертті. Халық арасында "колхозка" аталатын, 5 литрлік стандартты құтыға құйылған арақ небары 2500–3000 теңгеден сатылады. Яғни, ресми бекітілген бөлшек сауда бағасынан үш еседен астамға арзан. Сондықтан ол заңсыз және құзырлы органдар күрес жүргізіп жатыр.

Оның үстіне "Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы" заңына сәйкес, елімізде сыраны қоспағанда, арақ-шарап өнімдерін пластикалық құтыда, қаңылтыр ыдыста, полиэтилен пакетте сатуға тыйым салынған.

"Масайғысы не "басын жазғысы" келетін адамға әрине, заң тосқауыл емес. Сондықтан арақ бағасын көтерумен бірге мемлекет ел арасында саламатты өмір салтын кең насихаттауға баса көңіл бөлгені жөн. Әйтпесе, қазір корпоративтер мен әртүрлі мерекелік шаралар, той-томалақ өтуде. Оған кейбір ата-аналар балаларын ерте барады. Сонда үлкендердің арақты суша сіміргенін көрген балалар өсе келе, одан тартынбауы, маскүнемдікке салынуы мүмкін. "Колхозканы" арақ деуге де келмейді. Ол құтыға құйыларда тазартудан өтпейді. Алматыда сот сарапшылары институты тәркіленген сондай ішімдіктердің біріне сараптама жасаған. Сонда оның "Сивушное масло" деп аталатын, этил спирті өндірісінің қалдығы саналатын, иісі қолқаны қабатын улы майлы сұйықтықтан тұратыны анықталды. Алайда осы залал өнімді кімнің өндіріске қойғанын құзырлы органдар әзірге әшкере еткен жоқ", – дейді экономист Ерлан Ойлыбаев.

Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің дерегінше, Қазақстанда соңғы айда бір немесе бірнеше күн ішінде әрбір төрт әйелдің кем дегенде біреуі немесе 25,1% күштілігі жоғары ішімдікті ең аз дегенде бір рет ішкен. Әйелдердің 33,7%-ы алкоголь ішімдіктерін ешқашан қолданбаған.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу