Жамбыл облысында соңғы жылдары орын алған өзгерістер Жаңатас моноқаласына жан бітіргендей. Бір жылдары қарыштап дамып, кейін қарқыны бәсеңдеп қалған бұл шаһарда біраз уақыт бұрын екі ірі кәсіпорын ашылды. Қалада бұдан бөлек қандай өзгеріс бар? Inbusiness.kz тілшісі жергілікті тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.
Жаңатас – 23 мыңнан аса адам өмір сүретін Жамбыл облысындағы Сарысу ауданының әкімшілік орталығы. Кеңестік кезең аяқталғаннан кейін, қала құлдырай бастаған. Тіпті халық үдере көшіп, көптеген үй бос қалған.
Ал соңғы жылдары шаһардың көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, адам тұрмайтын пәтерлер сүрілді. Бір сөзбен айтқанда, жаңа инвесторлардың келуі шағын қалаға жаңа дем берді.
Кен орнының "прокуроры"
Карьерді жарар алдында геодезиялық барлау жұмыстарын жүргізетін маманды осылай деп атайды. Мұндай маркшейдерлерді ресейлік "ЕуроХим – Тыңайтыш" кәсіпорнының бөлімшесі мен тараздық "Қазфосфат" үшін Жаңатас көпсалалы колледжінде дайындайды. Оқу-өндірістік тәжірибе жөніндегі мекеме директорының орынбасары Дина Саримбетова колледжде 300-ден аса студент білім алатынын айтады.
"Электромеханик, техник-технолог, бағдарламашы, соңғы уақытта экскаватор машинисті мен электр жабдықтарын жөндеу бағыты бойынша білім берудеміз. Сондай-ақ, жуырда "ЕуроХим" мемлекеттік тапсырысына сәйкес минералдарды зерттейтін лаборантты оқыта бастадық. Олар 50 адам, қазақ және орыс тілдерінде білім алады", – дейді колледж директорының орынбасары.
Дуалды білім беру елімізде талқыланып жатқанда, Жаңатаста жүзеге асырылып үлгерді. Студенттер өндіріс орынында кәсіпорын қызметкерлерімен бірге міндетті тәжірибеден өтеді. Ал оқуды аяқтағаннан кейін, олар жұмыс барысын теориялық жағынан білім қана қоймай, тәжірибе жүзінде де барлығынан хабардар болады.
Ал соңғы жылдары біліктілігін арттыру үшін колледжге жергілікті тұрғындар оқуға түсе бастаған. Тіпті кейбір жоғарғы оқу орнын аяқтағаны туралы дипломы бар жаңатастықтар жаңа мамандық бойынша білім алып, туған қаласында жұмыс істеуге ұмтылуда. Колледжде олардың дені жұмыссыздар деп атап өтті.
Моноқала жел энергиясын пайдаланбақ
Жамбыл облысы мен Жаңатастың дамуы жаңа энергетикалық нысан салу керек екенін дәлелдеді.
Сондықтан 2019 жылы қалада Орта Азиядағы ең ірі жел электростансасының құрылысы басталды. Оның жалпы қуаттылығы 100 мВт болады деп күтілуде. Жобаны Визор Қазақстан мен қытайлық China Power International Holding Limited бірігіп жүзеге асыруда. Жобаға салынған жалпы инвестиция көлемі 130 млн долларды құрайды.
"Әрқайсының қуаттылығы 2,5 мВт-ты құрайтын 40 жел турбинасын салуды жоспарлап отырмыз. Олардың барлығы іске қосылғаннан кейін, жел электрстансасы жылына 140 млн кВт/сағат энергия өндіреді. Бұл кем дегенде үш аудан – Сарысу, Талас, Мойынқұм аудандарын электр энергиясымен қамтуға жетеді", – деді Жаңатас жел электр стансасының өңірлік менеджері Наурызбек Жұмагазин.
Сонымен қатар ол "жасыл" электр энергиясы іске қосылса заңды тұлғаларға арналған тариф те өзгеріссіз қалады деп сөз берді. Алайда төлем мәселесі бойынша соңғы нүктені KEGOK қоятыны анық. Себебі келісім бойынша Жаңатас жел электр стансасы оған электр энергиясын сатады.
Ауыл шаруашылығы да артта қалмады
Моноқалада бизнес те қарыштап дами бастады. Оған сүт өңдеумен айналысатын цехтың ашылуы мысал бола алады.
"Жабдықтар алып келдік. 1 қазанда жұмыс бастауды жоспарлап отырмыз. Алғашқыда сүт өнімдерінің кейбір түрлерін шығаруды жоспарлап отырмыз. Олардың қатарында сүт, айран, сүзбе, сарымай бар. Барлығы ойдағыдай болса, кейін ірімшік, моцарелла мен чечил ірімшігін шығарамыз", – деді кәсіпкер Фархат Шаемкұлов.
Бизнесмен 20 жылдан аса саудамен айналысқан. Сүт зауытын ашпастан бұрын ол жақын маңдағы барлық шаруа қожалықтарын аралап шыққан. Шикізаттың жеткіліктілігіне көзі жеткен 80-100 ірі қарасы бар қожалықтарға сиыр сауатын жабдық қоюға келіскен. Ал 120-дан көп сиыры бар қожалықтарға сүт суытатын танкер орнатуды жоспарлап отыр. Оларға болашақта халық шикізат жинайды. Ал бастапқыда сүт тасушы машиналар жұмыс істейді.
"Барлығын жұмыс басталғаннан кейін көреміз. Аз-аздан бастаймыз. Алғашқы өнімдерді балабақшалар мен мектептерге өткіземіз. Себебі тек бөбекжайларға айына 800 литр сүт қажет. Жаңатаста шамамен 6 балабақша және 6 мектеп бар. Яғни, өнімді өткізетін нарық дайын", – дейді кәсіпкер.
Бүгінде Жаңатас қаласы қайта жаңғыра бастағандай. Бұрын қала халқы үдере көшсе, қазір жаңатастықтар алысқа кетпей, осы жерден жұмыс табуға тырысады. "Туған жердің топырағы жұмсақ, ауасы шипа, жуасы тәтті" деген осы болар.
Құралай Құдайберген