Елімізде қайталама нарықтағы үйлер бағасы орта есеппен 15%-ға қымбаттады. Бұл теңгенің құнсыздануынан болған өзгеріс. Алайда "VP меншікті бағалу" ЖШС сараптама департаментінің директоры Анна Шацкая, аталған сегментте бағаны көтеруге еш негіз жоқ деп есептейді.
"Теңгенің құлдырауынан кейін, кейбір жылжымайтын мүлік сатушылар бағаны көтеріп жіберді. Нәтижесінде тұрғын үй бағасы қымбаттағандай болды. Алайда бұл дұрыс емес. Себебі өздерінің депозиттегі қорларын долларға ауыстырып үлгергендердің жинақтары артты. Ал бұлай істеп үлгермегендер бар. Олар шамамен 40-50%. Жалақы мен тауарларды біз теңгемен аламыз. Ал шетелден келетін тауарлар жалпы айналымның 40%-ын құрайды. Демек қымбатшылықтың нәтижесінде халықтың табысы төмендейді. Сонымен қатар ипотека бойынша мөлшерлеме де өсті", – дейді Анна Шацкая.
Сарапшының пікірінше, сатып алушылардың басым бөлігі жоғары бағаға үй алмайды. Сондықтан доллармен бірге құбылған үй бағасы қайта түседі.
"Бір-екі айдан кейін сұраныс төмендейді. Баға тұрақтала бастайды. Қымбаттайды деп ойламаймын", – деді маман.
Естеріңізге сала кетсек, 16 наурызда доллар күрт қымбаттап, ұлттық валютамыз 7,2%-ға құнсызданды. 17 наурыздағы ресми бағам 1 доллар 434,59 теңге.
Құралай Құдайберген