Күні кеше коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлерді дәріптеп, жер-көкке сиғызбай мақтаған, тіпті көпқабатты үйлердің балкондарына шығып, шапалақпен құрмет көрсеткен жұрт, бүгін ақ жейделі жандардың барлығын сыпыра сыбап, жаппай жазғырып жатыр. Алғыс пен қарғыстың тайталасына Ақмола облысының Қосшы ауылындағы 64 жастағы әйелдің Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 облыстық көпсалалы ауруханада бақиға аттануы мен марқұмның айналасында көзі тірі кезінде өрбіген оқиғалар себеп болып отырғаны айтпаса да түсінікті.
Әлеуметтік желі арқылы таралған видеода марқұмның ұлы 22 наурыз күні жедел жәрдеммен келген медицина қызметкерлері ем қабылдау қажеттігін айтып, науқасты үйінде қалдырып кеткенін, 23 наурыз күні таңертең науқас емханаға барғанын, дәрігер цефазолин егіп, ингаляция жасау қажеттігін айтқанын, тиісті ем-дом қабылдағанына қарамастан науқастың дене қызуы екі күн түспегенін баяндайды.
Оның сөзінше, науқастың жүрегі қысылғандықтан екінші рет жедел жәрдем шақырылған. Медицина қызметкерлері науқастың жүрегін тексеріп, барлығы дұрыс екенін, оның өлмейтінін айтқан. Бес сағаттан соң науқастың жағдай тіпті нашарлаған соң, үшінші рет жедел жәрдем шақырылған. 25 наурыз күні таңғы сағат 6-да жедел жәрдем науқасты ауруханаға алып кеткен. Науқас 26- наурыз күні таңғы сағат 8 шамасында ауруханада қайтыс болған. Осы жерде түсініксіз жағдай туындайды. Дәл осы күні Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова коронавирус пандемиясына қатысты 26 наурыз сағат 18:00-дегі жағдай бойынша мәлімдеме жасады. Бірақ ол адам өлімі туралы ләм-лим деп жақ ашқан жоқ. Есеп берді де, мәселені жылы жауып қойды. Екі сағаттан соң ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев елімізде коронавирус инфекциясынан әйел адам қайтыс болғанын мәлімдеп, марқұмның жақындарына көңіл айтты.
Сонда бұған дейінгі 12 сағатта денсаулық сақтау, ақпарат министрліктері мен Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы адам өлімінен бейхабар болған ба? Әлде Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысына адам өлімі туралы мәлімдеме жасау құзыреті берілмеген бе? Бірден айтайық, бұл жерде ешкім "тырнақ астынан кір" іздейін деп отырған жоқ. Тек 12 сағаттан соң жасалған мәлімдеменің жай-жапсары мен ақ-қарасы ғана анықталып отыр.
Тағы бір түсініксіз жайт марқұмның ұлының видеодағы сөзінен туып отыр. Ол былай дейді: "Бүгін таңертең, дәрігер маған қағаздарды берген кезде анамның коронавируспен ауырмағанын айтып, "шешеңіз пневмониядан қайтыс болды, коронавирус сынамасының қорытындысы – теріс нәтиже көрсетті" деп қорытынды шығарып берді. Абылайхан көшесіндегі мәйітханадан шешемнің денесін алып кеттім. Сол күні сағат 17.00-де хабарласып, шешемнің өліміне коронавирус себеп болғанын айтты".
Дәрігерлер неге екі сөйледі. Алғашқы қорытындыларын не үшін өзгертті? Бұл сұрақтың жауабы түсініксіз, жұмбақ күйінде қалатын тәрізді. Дегенмен Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов науқас екіжақты пневмониядан қайтыс болғанын, екіжақты пневмонияның асқынуына коронавирус инфекциясы түрткі болғанын айтты.
Мақала сайтқа жарияланғанға дейін ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жоғарыдағы сұрақтарға тікелей эфир арқылы ішінара жауап берді. Ол марқұмның неден қайтыс болғанын анықтауға көп уақыт кеткенін, соған байланысты мәлімдеме кеш жасалғанын жеткізді.
Қанат Махамбет