Қала шетіндегі қараусыз ауыл

1605

Ауылға жас мамандар келгісі келмейді.

Қала шетіндегі қараусыз ауыл

Шығыс Қазақстанда Ұлан ауданына қарасты Украинка деген ауыл бар. 1000 нан астам тұрғыны бар елдімекенде интернеттің болмағандығы былай тұрсын, тіпті ауылда дәрігер де жоқ. Басы ауырып, балтыры сыздағандар көрші ауылға сабылатын көрінеді. 
Бір қарағанда Өскеменнің іргесінде тұрғанымен, мұндағы жағдай өзгеше. Тұрғындар мәселені осыған дейін де бірнеше рет көтерген. Бірақ нәтиже жоқ.

- Ауылда интернет жоқ. Сеть ұстату үшін арнайы "тарелка" қойдыру керек. Бағасы удай қымбат. Жұмыссыз отырған біздің қалтамыз көтере бермейді. Біздің ауылдың аяқ жағында тұратын балалар карантин кезінде ағашқа шығып сабақтарын орындады. Мен осы жағдайды видеоға түсіріп алғанмын. Ата-аналары ауысымға жұмысқа кеткенде, балалар осы жерде отыр екен. Олардан неге ағашқа шығып алғандарын сұрағанымда, олар "біз сабақ оқып отырмыз, интернет ұстамайды" деп жауап берді, - дейді ауыл тұрғыны Инна Ивановна.

Цифрландырудың сиқыры жетпеген ауылдың сиқы осындай. Ғаламтор жылдамдығының нашарлығына біздің де көзіміз жетті. Телефонымыз байланыссыз қалды. 

Медпунктке медбике керек

Тұрғындар мұнда медбике де жоқ екендігін айтып қалды. Бұрынғы дәрігер зейнет жасына толуына байланысты еңбек демалысына кетіпті.

- Ауылда фельдшер жоқ. Зейнетке шығып кетті. Медпункт жабық жатыр. Көрші Герасимовка ауылының ауруханасына барамыз. Казачьи, Украинка және Герасимовка үш ауыл бір округ болып саналамыз. Қаланың іргесінде тұрсақ та, өркениеттің исі де мұрынымызға келмейді. Ауырсақ, шаһарға өз көлігімізбен барамыз. Ал кейбірінде көлік жоқ болғандықтан, жедел жәрдем шақыртамыз. Бізге бірінші фельдшер дәрігері керек. Біз адам аяғы баспайтын құлантүзде тұратын сияқтымыз. Өскеменнен 14 шақырым жерде тұрсақ та, ешқандай әкім көмек қолын созбай отыр, - дейді Украинка ауылының тұрғыны Инна Троеглазова.

Төлеген Тохтаров ауылдық округінің әкімі ауылда 244 үй, 1360 жан саны бар екенін айтты. Дәрігер мәселесінің жуық арада шешіліп қалатынын айтуда.

- Мәселенің барлығымен таныспыз. Ауылға соңғы 10 жылда интернет тартылмаған. Аудан әкімдігі келер жылы тартып береміз деп отыр. Енді дәрігердің жоқтығына келер болсақ, маман табылмай жатыр. Жастар келгісі келмейді. Жуық арада шешіліп қалады, - дейді округ әкімі Марат Дауенов.

Тағы бір айта кететіні, ауылдың қатынасы да қолайсыз екен. Автобус жүрмегендіктен, тұрғындар үлкен жолға шығып, қөлік күтеді. 

- Ауылға автобус дұрыс жүрмейді. Семейге бара жатқан көліктерге мінгесеміз. Жолдан түсіп қалып, 2 шақырымдай жаяу жүреміз. Жазда онша қиындық тудырмағанымен, қыста тоңып кетеміз, - дейді Людмила Александровна.

Көше жолдары көңіл көншітпейді

Ауылда көше жолдары да көңіл көншітпейді. Шеткері көшелерге тек тас қиыршықтарын төгумен ғана шектеліпті. 

- Орталық көшелердің жолдары жақсы болғанымен, шеткі көшелердің жолдары жаман. Жаңбыр жауса батпақ кешеміз. Бізге жолымызды жөндеп берсе дейміз, - дейді Людмила Александровна.

Ауылды аралап келе жатқанымызда кітапхана мен клубты көзіміз шалды.  Бір үйде орналасқан екен. Сырты да айтарлықтай тозған. Тұрғындар клубтың қазір почтаға айналғанын айтуда. 

- Ауылда клуб жоқ. Жастар түнде көше кезіп жүреді. Мәдени шараларды көбінесе мектепте өткіземіз. Мәселемізді айта-айта жалықтық. Балалар ойын алаңы бар болатын. Оның да әбден тозығы жетті. Шөп басы, қипар жатыр, - дейді ауыл тұрғыны Анна Хайдина.

Округ әкімі барлық мәселені жіпке тізіп, ауданға өтінім берген. Бірақ қашан шешілетіні белгісіз. 

- Қалған мәселелердің барлығын жоғарыға өтінім беріп қойғанбыз. Бірақ аудан әкімдігі қаржылық қиындықтарға байланысты осы жылы істелмейтіндіктерін айтты, - дейді округ әкімі Марат Дауенов.

Айта кетейік, осыған дейін аудан әкімдігі мәселені толық шешеміз деп уәде еткенімен, әлі орындамаған. 

Таунар Қайратұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу