Қалайыдан құйылған қазақ батырлары

12236

"Asian Nomads" әскери-тарихи шеберханасы алғаш болып қазақ батырларының мүсінін шығара бастады.

Қалайыдан құйылған қазақ батырлары Фото: Ксения Татаринова

Қалайыдан құйылған сарбаздар: біреуге балалық шақтың сүйікті ойыншығы, біреуге саналы ғұмырының мәні. Әлдебір уақытта жер бетінде болған, тіпті, ойдан шығарылған халықтардың әскері мүсін болып құйылған шығар. Бірақ олардың қатарына қазақ батырлары енді қосылды. Еліміздегі ұлттық нақыштағы әскери-тарихи мүсіндердің өндірісін "Asian Nomads" шеберханасының негізін салушы, астаналық Ернар Нұрмағанбетов ашты.

- Барлығы сарбаз ойынынан басталды десе болады...

- Алдымен мен әскери-тарихи мүсіндерді, яғни кеңес кезеңінің, Ежелгі Рим, Ежелгі Грекия заманының сарбаздарын жинап жүрдім. Бұдан бес-алты жыл бұрын, ұлым ер жете бастағанда бұл іске ден қойдым. Сарбаздардың коллекциясын жинай жүріп, уақыт өте келе мынаны түсіндім, олардың арасында өзіміздің қазақ батырлары жоқ, демек орын бос, бұл іспен айналысуға болады. Сурет салып, мүсін жасауды үйрене бастадым және бұл бірте-бірте бизнеске айналды.

- Бұл іс қалай басталды? Үйде ме?

- Иә, дәл таптыңыз. Үйде пішінін салып, бірінші құймаларды жасадым. Бірақ қазір мен мүсін жасамаймын, боямаймын десем де болады. Барлық уақыт бизнесті дамытуға кетеді. Сондықтан мен жақында өз тобымды жинай бастадым. Қазір тек коллекциялық мүсіндерді ғана бояймын: коллекциялық мүсін нәзік, шынайылыққа жақын, барлық көлеңкенің, түстер ауысымының боялуын талап етеді. Мүсіндеуге келсек, қазір менің тапсырысыммен Сан-Петербордан шыққан Виталий Пузенко сияқты посткеңестік елдердің белгілі мүсіншілері жұмыс істейді. Халықаралық тәжірибеде кез келген елден шыққан мүсіншіге мүсін жасауға тапсырыс беру қалыпты жағдай.

- Ал нобайын өзіңіз саласыз ба?

- Мен суретші емеспін, сол себепті нобайын салмаймын, техникалық тапсырма құрамын. Худяков, Бобров, Горелик және өзіміздің тарихшымыз Қалиолла Ахметжанұлы сияқты белгілі авторлардың жұмыстарын қолданамын. Батырдың сауыты немесе дулығасы қандай болу керектігі туралы нақты түсінік алу үшін мен өлкетану мұражайларына барып іздеймін, суретке түсіремін, өлшемдерін аламын... Одан бөлек, интернетте археологтар мен тарихшылар материалдар мен фотосуреттер салатын арнайы ресурстар бар. Мысалы, алдаспанды алайық – бұл ұшы жуандау келетін үлкен қылыш – мен оның бар болғаны бір-екі суретін таптым. Сол бойынша біз шағын батырға алдаспан жасап бердік.

- Қару-жарақ, сауыт-сайманды жасағанда ойдан шығаруға жиі жүгінесіз бе?

- Біз тарихи шындықтан алыстамауға тырысамыз. Мүсінші мүсін жасаған кезде, белгілі бір өзгерістерді әдейі істейді. Мысалы қару-жарақ сәл үлкендеу; егер шындық өлшемнің қатынастарын сақтап жасасақ, мүсін майысып, сынатын еді. Барлық сәйкестік толық сақталған мүсіндер өте нәзік болады және олар коллекция жиюшылар үшін арнап жасалады. Мұндай мүсін боялғаннан кейін, сөреге қойып сүйсіну үшін ғана арналған. Ал кәдесыйды қолмен ұстап қарайды. Бастапқыда мен өз өнімімді коллекциялық мүсіндер ретінде жасаймын деп ойлағанмым, бірақ бізде коллекция жинаушылар аз, сондықтан кәдесый мүсінін жасауға тура келді.

- Яғни, оңай әрі арзан мүсіндер жасай бастадыңыз ғой?

- Жоқ, баға өзгеріссіз қалды, талап та сол қалпы. Кәдесый нарығында менің өнімім тамаша деп саналады. Алқам-салқамдық жоқ, бәрі ұқыпты жасалған.

- Сіз бұған қалай жеттіңіз?

- Бірден емес. Мысалы басында қораптардың кесілуі жаман болды да, жиналған кезде бұрыштары жыртылды. Бірақ біз осымен айналысып жүрген жігіттермен бірлесіп барлығы тегіс әрі әдемі болып шығуына қол жеткіздік. Бірнеше партия жарамсыз болып қалды, ол қораптар қажетсіз болып жатыр.

- Ең қиыны мүсіннің пішінін, кішкене детальдарды жасау шығар?

- Иә, бірақ пішінді мен өзім жасамаймын. Посткеңестік елдердің ішінде жақсы қалыпшылардың саны саусақпен санарлық. Оларға жету үшін үлкен кезектен өту керек. Уақыт өте келе, әрине, біз барлығын өзіміз істейміз, бірақ ол үшін бізге көкжиегімізді кеңейту керек, жоқ дегенде айына 1000 мүсін сату керек. Ал ол көрсеткішке біз әлі жеткен жоқпыз.

- Дағдарыс сіздің өндірісіңізге қалай әсер етті?

- Негізі, көпшілігі менің әлі жұмыс істеп тұрғаныма таң қалады. Мен бірінші айда жабылады деп ойлапты олар. Бірақ өндірісті оңтайландыру есебінен мен дағдарысқа дейінгі бағаны сақтай алдым. Менің мүсіндерімнің бағасы бастапқыда қандай болса, қазір де сондай. Тек қана қораптың есебінен құны 500 теңгеге қымбаттады, басында мүсіндер қорапсыз сатылған еді. Мен шеберхананы жалдағанға дейін, қорапсыз мүсіндер 1800 теңге тұратын. Кейін жалдау ақысына 200 теңге, қорапқа 500 теңге қосылды және қазір менің боялмаған мүсіндерім 2500 теңге, ал боялғандары 4500 теңге тұрады. Бөлшектеп сату нүктелерінде екі есе, тіпті, үш есе үстеме ақы қосады.

- Қандай батыр сұранысқа ие, боялғаны ма, жоқ әлде боялмағаны ма?

- Боялғаны.

- Неге? Мүсінді өзің бояғаннан керемет рахат алмайсың ба?

- Иә, бірақ барлығы олай ойламайды. Негізінен, мүсіндерді туристер кәдесый ретінде алып жатады. Немесе біреуге сыйлақ ретінде алады. Ал Қазақстандағы коллеция жинаушыларда біздің барлық батырымыз бар...

- Бірақ сіз жаңа түрлерін ойлап табасыз ғой?

- Иә! Қазір бізде төрт қазақ батыры, ұлттық киімдегі қыз және бақсы сатылып жатыр. Сондай-ақ, тағы төрт батыр құйылып жатыр, олардың сапасы әлдеқайда жоғары. Тағы бір ат үстіндегі батырдың және Жәнібек пен Керейдің мүсініне тапсырыс бергім келеді. Одан бөлек, екі мүсін пішінін құюға даяр тұр, олар – бүркітші мен әже мүсіні. Олар Астанада құйылды, авторы – Екатерина Иванова. Ең қызығы, бұл қыздың шығармашылық білімі жоқ, өте дарынды кісі, өзі сурет салады, мүсін жасайды. Біз фейсбук арқылы таныстық. Оған қызық болды, мен оған бояуға мүсіндерді бердім. Шынын айтсам, бір нәрсе шығады деп үміттенген жоқпын, бірақ шықты және өте тамаша болды. Енді оның өз авторлық мүсіндері бар.

- Бизнесті бастар алдын қаражатыңыз болды ма?

- Иә, аздаған сома болды. Егер белгілі бір уақытта бизнес өз шығынын өзі жаппаса, барлығын жабамын деп жоспарлағанмын. Бастапқыда шағын шеберханамды ашпас бұрын, бір жыл бойы үйде жұмыс істедім. Күніне 10-15 мүсін құятынмын, содан кейін бояу бар, қорабы бар. Күніне ең көбі 3 мүсінді бояуға болатын, оның өзі – күн ұзаққа тұрмай жұмыс істегенде. Есесіне, ісіме берілген кезде, мен сабырлы бола бастадым, ұсақ-түйекке бола уайымдауды қойдым, отбасымдағы қарым-қатынас та дұрыс қалыпқа түсе бастады. Отырып мүсінді бояймын, арасында оқып, үйренемін – бәрі дұрыстала бастады!

- Қызығушылық жұмысқа айналған кезде, сол бастапқы әсерді жоғалтып алмадыңыз ба?

- Жоқ. Түптеп келгенде, мен сонымен айналысып жүрмін ғой. Жылдамдықты ширату керектігі де жақсы болды, қол үйренеді.

- Сіздің біліміңіз қандай?

- Кеден қызметкері.

Екі жарым жыл кеденде жұмыс істедім, оның алты айында орталық аппаратта. Адал жұмыс істедім, кейін өз еркіммен жұмыстан шықтым.

- Оған не себеп болды?

- Енді... адал болып қалғым келді... Шынымды айтсам, еңбекақым аз болатын. Қателеспесем, 2004 жылдары төрт мыңнан басталды, одан кейін 16 мыңға көтерілді. Орталық аппаратта 21 мың теңге табатынмын, бұл ақшаның барлығы жолға кететін еді: отбасым Көкшетауда тұрды, мені Астанаға ауыстырды, сондықтан үнемі әрі-бері жол жүретінмін. Жұмыс өте қызық болатын, мемлекет игілігіне жұмыс істейсің әрі күнделікті ақпарат өте көп. Менің бастығым керемет адам болды, менің алғашқы қадамдарыма сол кісінің көмегі зор болды. Бірақ кету керек болды. Өз-өзіме жұмыс істей бастадым: Көкшетауда бейнежазба студиясын, веб-студия аштым, кейін дағдарыс кезеңінде Астанаға көштік, мұнда менің бизнесім тақырға отырды. Яғни, мен бизнесті жаптым. Біріншіден, шенеуніктердің тиімді ұсыныстарынан бас тартқандықтан: бірнеше млн теңгенің тапсырысы болды, бірақ оның 30%-ын өздеріне беру керек еді... Тек жекеменшік секторда жұмыс істегендіктен, табыс түспеді. Мүмкін сол кезде бизнес жүргізуге дайын емес болған шығармын. Қазір де мен кез келген жемқорлық схемаларынан бас тартамын: ешкімге ештеңе сыйламаймын, пара бермеймін. Түсінемін, әрине, бұлай жұмыс істеу қиын. Сондықтан серіктестер, инвесторлар келгенде, мен бірден тоқ етерін айтамын: яғни пысық адам еместігімді түсіндіремін. Кейбіреулерінің қызығушылығы бірден жоғалады.

- Туған-туыстарыңыз сіздің ісіңізге қалай қарайды?

- Қолдайды. Олардың қолдауынсыз қолымнан түк келмейтін еді! Шындығын айтсам, аға буын менің не істеп жүргенімді білген жоқ. Ал жұбайым бұл істің болашағы бар екенін түсінді, бірден ұнатты. Қаражат жағынан алғанда да, басқасын алғанда да: мен ойын-сауық орындарында отырған жоқпын, үйде, тыныш қана мүсін бояп отырамын – мінсіз күйеумін! Уақтылы бояу әкеліп беріп отырсаң болды.

- Ал жұбайыңыз сізге көмектесе ме?

- Иә! Басында ол тапсырыс берушілерді іздестіруге көмектесетін, келіссөздер жүргізді. Менімен келісу қиын. Менменсінген кісімен сөйлеспей, теріс айналып кетуім мүмкін. Сөйтіп біраз келіссөзді құртқаным бар. Содан кейін жұбайым менің орныма келіссөз жүргізе бастады. Оның арқасында біз көптеген жақсы серіктес таптық. Жалпы, жұбайым көп жұмысты өз мойнына алды, салық есебін өзі жүргізді. Бірақ, қазір оның уақыты аз, үш баламыз бар, сондықтан мен көмекші алдым.

- Мемлекеттік немесе демеушілік қолдау табуды ойламадыңыз ба?

- Жоқ, мен ондайды білмеймін. Ол ақшаны алу үшін мені үгіттеу керек, әлі. Өте жаман қасиет! Десе де, бір ауқымды тапсырыс алсам жақсы болар еді. Мысалы білім министрлігі мамандығын насихаттау мақсатында мұғалімнің мүсініне, ал ТЖМ өрт сөндірушінің немесе құтқарушының мүсініне не "Қазмұнайгаз" мұнайшының мүсініне тапсырыс берсе...

- Сіздің сарбаздарыңыз тек Астанада ғана сатыла ма?

- Астана, Алматы, Қызылордада және жақын арада Қарағандыда сатылады. Көбінде кәдесый дүкендерінде, коллекция жинаушылардың дүкендерінде сатылады.

- Сіз өз бизнесіңіздің дамуын қалай елестетесіз?

- Бірінші кезекте, мүсіннің түрін көбейту керек. Қазір тек алты түрі бар, ең азы жиырма түрін жасау қажет. Келесі кезең – өзіміздің сауда нүктелеріміз бен толық өз өндірісімізге ауысу. Біздің мүсіндер – ойыншық емес, ал балалар оны көргенде көзі жайнап ойнағысы келеді. Балалар үшін біз ойыншық батырларды жасап шығарғымыз келеді. Ертегілерде батырларға қарсы дұшпандар да бар ғой. Сондықтан қаһармандарға қарсы дәулердің және қазақ ауыз әдебиетінің өзге кейіпкерлерін жасап шығаруға болады. Одан әрі дамуға болады – бос орындар көп. Мысалы, қазақ бәкісін жасауға, ұлттық киім өнеркісібімен айналысуға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу