Қаланы қазақыландырамыз деп ауылды аздырып алдық

4463

Алматыға ауылдан ағылған ағайын баспанасыз босып жүр.

Қаланы қазақыландырамыз деп ауылды аздырып алдық Фото: Максим Золотухин

Бала кезімізде Алматыны көру арман болатын. Біреудің қалаға барып-келгенін естісек, "Пәленше Алматыны көріп келіпті" деп қызығатын едік. Сол Алматы шынында да, бауырына басқан адамды жібермейді екен. Белгілі ақын Қасым Аманжоловтың "Берсең бер, бермесең қой баспанаңды, сонда да тастамаспын астанамды..." деп келетін өлең жолдарындағыдай, Алматыға табаны тиген адамның қайта шегініп жатқан жері жоқ. Не де болса нәпақасын осы қаладан тауып, күнін көріп жүр.

Бүгінде Алматы қаласының аумағы кеңейді. Осыдан жеті жыл бұрын бес аудан болса, соңғы жылдары бұл қатарға екі аудан қосылды. Бұрын адам ізін салмайтын елді мекеннің көбі қаланың санатына кірді. Инфрақұрылымы  жөнделіп, жол төселді. Ауыз су мәселесі де біртіндеп шешімін тауып жатыр. Алайда  соңғы кездері қалаға ағылып жатқан ауылдағы ағайынға ұлтарақтай жер бұйырар емес. Себебі маңайдағы жердің бәрі сатылып кеткен немесе қожайыны бар. Мұны өз пайдасына асырғысы келген делдалдар да Алматы облысына қарайтын елді мекендердегі жер телімдерін қымбат бағаға саудалауға кіріскен. Соның ішінде алаяққа арбалып, ақшасын жегізіп жүргендері қаншама?!

Бұл жердегі мәселе ішкі миграцияның толастамауы және ауылдардың қаңырап бос қалуынан туып отыр. Мұнымен қоса Алматы, Астана сияқты ірі қалаға келген жұрт баспанасыздардың да қатарын көбейтуге үлес қосып жатыр. Биыл енгізілген "уақытша тіркеу" шарасының да нәтижесіз жүргізіліп жатқаны анық. Ауылдан қалаға келген ағайынның бәрі тұрақты тіркеуге  тұрады деуге де сену қиын. Оның кейбірі маусымдық кезеңде уақытша жұмыс істеп, қайтадан ауылына оралуы мүмкін. Енді бірі қалайда қалаға тіркеліп, тұрақты тұрғынына айналғысы келеді. Әрине  бәрі  адамның өз мүмкіндігі мен қалауына байланысты ғой. Дегенмен қаңыраған ауылдың мүшкіл халін кім ойлайды? Билік пе, әлде...

Тәуелсіздік алған соң  ауылдың жағдайынан гөрі урбанизацияға көп иек артқанымыз рас. Ауыл  жұртын қалаға көшіру қаланы қазақыландырудың бірден-бір жолы деп саналғандықтан, ауылды көркейту экономиканың басым бағыттарының қатарына кірмеді. Керісінше  ауылдағы ағайынды қалаға  көшіп келуге үндедік. Жастар қалаға лек-легімен ағылды,  ал ауылда тек кәрі-құртаңдар қалды. Ауылдан береке қаша бастады. Халықтың әлеуметтік жағдайы жылдан жылға құлдырады. Үкіметтің 2002-2005 жылдары қабылдаған "Ауыл жылы" мемлекеттік бағдарламасы да шаруасы шатқаяқтаған ауылдың ахуалын жақсарта алмады. Үш жыл тек есептік көрсеткіште ғана керемет көрінді. Облыс, аудан әкімдерінің "пәлен ауылға жарық келді, пәлен ауылға көгілдір отын кірді" деген лепірме есебінен халық та жиренді. Тіпті, шалғайдағы елді мекендерге дейін ауыз су жеткізеді делінген "Ақ бұлақ" бағдарламасының соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Сусыз отырған ауылдарға таза су жеткен жоқ.

Бұл аздай, соңғы жылдары қоғамға "болашағы жоқ ауылдар" деген термин кірікті. Алтын бесік – ауылды көркейтеміз, дамытамыз дейміз, бірақ неге оған "болашағы жоқ ауылдар" деп айдар тағамыз? Ауыл бұл халге қалай жетті? Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін қорасы малға, қамбасы астыққа толған ауылдардың құрдымға кеткені бәзбіреулер үшін жұмбақ шығар, бірақ әрқайсымызға ыстық мекен – ауыл көз алдымызда гүлдей солып жатты. Кезінде облыс, аудан орталықтарында жұмыс істеп тұрған зауыт-фабрикалар да істен шығып, жұмыссыздық белең алды. "Болашағы жоқ" дей берген соң, бала санының аздығына байланысты мектеп те жабылып, есігіне қара құлып салған. Бұдан кейін бұл ауыл онсыз да "болашағы жоқ" болып шыға келмей ме? Қолда бар мәліметтерге сенсек, елімізде мұндай ауылдар 1 мыңға жуықтайды. Бүйте берсе, жақын арада барлық қазақ ауылы қаңырап бос қалатын түрі бар.

Күштеп көшіру дұрыс па?

Әрине  әркімнің туған жері ыстық әрі қымбат. Қазақта "Ер – туған жеріне, ит – тойған жеріне" деген мәтел бар. Бүгінде халқы тығыз қоныстанған оңтүстік жұртын солтүстікке көшіру жобасы жүзеге асуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақ­станның үшінші жаңғыруы: жа­һан­дық бәсекеге қабілеттілік" жол­дауында еңбек нарығын жаң­ғыр­ту мақ­сатында еңбеккерлерді ар­тық жұ­мыс күші бар өңірлерден жұ­мыс күші же­тіс­пейтін өңірлерге ұтымдылықпен тартуға қолдау көр­сету керектігін атап көрсеткен болатын. Демек бұл жоба солтүстік өңірді қазақыландыруға және халықтың жұмыспен қамтылуына бағытталып отыр. Оның үстіне 2050 жылға қарай оңтүстік өңірлерде халық саны 5 млн  300 мың адамға жетеді деген болжам бар. Керісінше солтүстік өңірлерде тұрғындар саны 900 мыңға ке­міп, жұмыс күшінің жетіспеушілік қаупі басым. Халық көп жерде, жұмыссыздық та белең алатыны заңдылық. Сондықтан мемлекет қолға алған бағдарламаның бір жағынан пайдасы да мол. Алайда  халықты байырғы тұрақты мекенінен күштеп көшіру қаншалықты дұрыс? Бұлай дейтініміз жақында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ішкі көші-қон мәселесінде Мақтаарал ауданының жайбарақаттылық танытып отырғанын сынға алды. Себебі соңғы екі жылда ауданнан небары 12 отбасы ғана солтүстік аймаққа көш түзеген.  Облыс әкімі көшуге ниеті бар тұрғындардың қоныстану мәселесіне жергілікті кәсіпкерлердің де қаржылық қолдау көрсетуін сұрады.   

Десе де құзырлы мекемелер оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударып жатқандар өз еркімен көшіп жатқанын айтады. Ол үшін мемлекет арнайы қаржылай көмек беруге де дайын. Айталық  отбасының  әрбір мүшесіне  35 АЕК көлемінде, яғни 79 мың теңге өтемақы төленеді. Сондай-ақ  олардың  бір жылдық пәтер шығынын мемлекет береді. Қысқасы солтүстікке көш түзеген ағайын жерсініп, жұмысқа орналасып кеткенше қамқорлық аясында болады.  Ал оларды қадағалап отыру оңтүстіктегі шенділердің еншісінде.

Бұл солтүстік облыстарды қазақыландыруға байланысты таптырмайтын амал. Тіпті  бүгінде елге атбасын бұрған шеттегі қандастарды да солтүстік аймаққа қоныстандыру мәселесі де бір ізге түскен.

Тағы бір дерек көзінде солтүстікке қоныс аударған халыққа арнап тұрғызылған баспаналардың бос тұрғаны айтылды. Себебі  бұл өңірге көшіп келеді деген жұрт келмеген. Сол мәліметтерде Павлодар өңірінің 7 ауданында құны 230 миллион теңгеге бағаланған баспана, сол сияқты Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан қаласынан бой көтерген тұрғын үйлердің бір жарым жылдан бері қаңырап тұрғаны тайға таңба басқандай жазылды. Сол баспананы салуға мемлекет қазынасынан бөлінген 37 миллиард теңге толықтай игерілді ме? Бұған қарағанда көшуге ниетті жұрттың қарасы әзірге көп емес.     

Ал елімізде оңтүстіктен солтүстікке көшуге арналған бағдарламаға 2011 жылдан бері жарты триллион теңге көзделген. Алайда  әлі күнге шамамен 460 мың адам екі қолға бір күрек таппаған.

Жұрт қалаға ағылса, ауылдың берекесі қашады. Қалаға нәпақа табуға келсе, баспанасыздардың санатын арттырады. Екеуі де өлместің күнінен туған тіршілік. "Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынады".

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу