Қазақстан әкiмшiлiк-аумақтық құрылысын қайта құруы мүмкін

9207

Көптеген ауылдық округ жойылғалы тұр. 

Қазақстан әкiмшiлiк-аумақтық құрылысын қайта құруы мүмкін

Сарапшылар да, журналистер де әдетте "өңірлер", "аймақ басшысы" дегенде облысты немесе үш мегаполисті меңзейді. Ал шынында қолданыстағы "Қазақстанның әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы" заңына сәйкес еліміздің әкiмшiлiк-аумақтық құрылысының негiзгi буындары, яғни облыс, аудан және ауылдық округ – өңір, аймақ (регион) болып табылады. Бірақ кейінгі кезде осы буындар тым ұсақталып кетті. Оған қарқынды жүрген урбанизация, әсіресе, жастардың қалаға кетуі ықпал етуде.

Ұлттық экономика министрлігінің жаңа бастамасына сәйкес, алда ауылдық округ болып саналуы үшін "оның 2 және одан да көп ауылы болуы, ал халқының жалпы саны 500 адамнан кем болмауға" тиіс.

Бас экономист Руслан Дәленовтің мәліметінше, бүгінде Қазақстандағы 532 ауылдық округ тек 1 ауылдан ғана тұрады. Осыған байланысты әкімшілік-аумақтық бірліктің бұл санаты қайта құрылмақ. Біраз ауылдық округ мәртебесін жоғалтуы мүмкін.

Елу адамы ғана қалса, ондайлар тіпті ауыл атағынан да айырылады, "халқының саны 50 адамнан аз шаруа қожалықтары және өзге де қоныстар жақын маңдағы қаланың не ауылдың құрамына енгiзiледi".

"Облыстағы аудан" деп халқының жалпы саны 300 мың адамнан аспайтын, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалардан, ауылдардан, кенттерден, ауылдық округтерден тұратын аймақ танылады.

"Қаладағы аудандар" – облыстық маңызы бар қалаларда және үш мегаполисте ғана құрылады. Шаһар өз ішінде аудандарға ажыратылуы үшін қала тұрғындарының жалпы саны 400 мың адамнан асуға тиіс. Халқы одан аз қалада аудандар құрыла алмайды. Оның үстіне жаңа ереже бойынша қаладағы әр аудан тұрғындарының саны 200 мың адамнан кем болмауы керек. Яғни, қарапайым арифметикаға жүгінсек, 400 мың адам өмір сүретін қала тек 2 ауданға ғана бөліне алады.

Осындай өзгерістер Үкімет депутаттармен бірге талқылап жатқан және биылғы қыркүйекте Парламентке енгізілетін "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасында қарастырылған.

Ол Қазақстан Президентiне жаңа өкiлеттiк береді. Енді Мемлекет басшысы қаланы ауылға айналдыру жөнінде шешім қабылдай алады. Қолданыстағы заңнамада ондай өкілеттік болмаған екен.

Құжаттың тағы жаңалығына сәйкес, Үкіметтің резерві секілді "нәубет күніне арналған қор" енді әр ауылда құрылатын болады. "Аудандық маңызы бар қала, ауыл, ауылдық округ әкімінің аппараты резервіне біріншіден, төтенше резерв; екіншіден, шұғыл шығындарға арналған резерв кіреді" деп жазылған заң жобасында. Ол резервке шек-лимит белгіленеді: ондағы қаражат ауыл не қала бюджеті түсімдері көлемінің 10 %-нан аспауға тиіс.

Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, 2019 жылы ауылдық округтердің дербес бюджетінің орташа көлемі 31,7 млн теңгені құрады. Резерв оның 10%-ына тең болса, онда ол қорда 3,2 млн теңге жиналады. Бірақ бұл орташа көрсеткіш. Жалпы, бюджеті 1 млн теңгеден аспайтын ауылдар көп екені мәлім болды, демек, олардың резерві бар-жоғы 100 мың теңге ғана болады.

"Жергілікті маңызы бар міндеттерді жедел шешу үшін түсімдер көлемінің 10%-ынан аспайтын мөлшерде ауылдық округ, ауыл әкімі аппаратының резервін құру ұсынылады. Осы қаражат жергілікті тұрғындардың бастамасы бойынша шұғыл шығындарға, мысалы, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға бағытталатын болады", – деді Үкімет басшысы Асқар Мамин Парламентке жолдаған түсініктемесінде.

Рас, алда бұл елді мекендердің түсімі, тиісінше резервінің көлемі де артуы мүмкін.

"Қазір бюджеттің IV деңгейі салық төлемдері мен салықтық емес төлемдердің 6 түрінен құралады. Алайда бұл салықтар мен алымдар ауылдық округтің лайықты әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті шығыстарды толық көлемде өтемейді. Осыған байланысты заң жобасы арқылы бірнеше алым-салықты – бірыңғай жер салығын, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемді, жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдерді, жер учаскелерін жалдау құқығын сатқаны үшін төлемді аудандық деңгейден алып қойып, аудандық маңыздағы қалаларға, ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге беру көзделіп отыр", – деді Премьер-министр. 

Ауыл-кентте жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсалатын қаражат та аудандық деңгейден тартып алынып, ауылдық округ әкіміне беріледі.

Шерифтер әмірін жүргізетін Америкадағыдай бізде де жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мақсатында 2018 жылы ауылдық округ әкімдеріне жергілікті бюджетті еш тендер өткізусіз-ақ шығындауға мүмкіндік берілді. Тек бір талап бар, яғни сатып алынатын заттың не қызметтің құны 3000 АЕК-тен (2020 жылы 8 млн 334 мың теңгеден) аспауға тиіс. Бірақ бұл норма 2021 жылғы 1 қаңтарда жойылады.

Асқар Мамин жаңа заң жобасы арқылы ауылдық округ әкімдері аппараттары үшін бір көзден сатып алуға рұқсат беретін осы норманың әрекет ету мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылатынын жеткізді.

Өткен жылы билік транзиті жүргенде халық Қазақстанда Президенттен кейінгі екінші ірі тұлға Сенат төрағасы екеніне қанықты. Ал ауыл-аймақта әкімнен кейінгі "екінші" тұлға кім екені заң жүзінде белгісіз болып келді. Жұрт бейресми түрде ол мәртебені әкімнің орынбасарына беріп қойған. Алайда бұл тәжірибе өзгеретінге ұқсайды. Аталған заң қабылданып, өмірге енсе, өңірлерде мәслихат хатшысы күш алады.

Осы мақсатта қазіргі "мәслихат сессиясының төрағасы" деген лауазым жойылады да, оның барлық өкілеті мәслихат хатшысына беріледі деп жоспарлануда. Түсіндіре кетсек, мәслихат сессиясының төрағасы – мәслихат депутаттарының арасынан сайланатын, мәслихаттың кезекті сессиясында ұйымдастырушылық-билік ету функцияларын жүзеге асыратын лауазымды адам. Оның болуы мәслихатты басқаратын хатшынның бедел-ажарын төмендетіп келді. Енді тек мәслихат депутаттары мен хатшы ғана қалмақ.

Жергілікті "парламенттер" жылына кемінде 4 рет отырысқа жиналатыны мәлім. Заң жобасы бойынша мәслихаттың кезектi сессиясын бұрынғыдай сессия төрағасы емес, мәслихат хатшысы шақырып, өзі жүргізетін болады. Басқаша айтқанда, толыққанды спикерге айналады.

Мәслихат хатшысы шақырса, сол қала не ауылдық округтегі кез келген шенеунік немесе ұйым басшысы мәслихат сессиясына келіп, депутаттарды алаңдатқан мәселе бойынша есеп-ақпарат ұсынуға міндетті болады, одан бас тарта алмайды.

Сенат депутаты Төлеубек Мұқашев елордадағы Парламент секілді, мәслихаттар – өңірлердегі жоғарғы өкілді орган екенін айтады.  

"Демек, мәслихат хатшылары да өңірде іс жүзінде әкімнен кейінгі екінші тұлға болуы тиіс. Бұл үшін олардың мәртебесін көтеру керек. Біріншіден, оларға төраға ретінде мәслихат сессиясының отырыстарын жүргізу құқығы берілуі керек. Екіншіден, облыстық мәслихат хатшысының мәртебесі облыс әкімінің бірінші орынбасары деңгейіне дейін арттырылуы қажет. Сонда оның алатын жалақысы да, оны материалдық-техникалық жабдықтау жағы да облыс әкімінің 1-орынбасарына жасалатын игіліктермен теңеседі", – деді сенатор.

Депутаттар ұсынысын Ұлттық экономика министрлігі пысықтап жатыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу