Ішінде дәретханасы жоқ үйлер заңдастырылмай жатыр

6248

Қазақ ауылдарында ауқымды проблема туындады.  

Ішінде дәретханасы жоқ үйлер заңдастырылмай жатыр

Бұған қарапайым халық та, кәсіпкерлер де қарсы. Өйткені ауылдық елдімекендерде әр жерде шашырай орналасқан жеке үйлерге кәріз секілді инженерлік желілерді тарту қиын әрі ол өзін-өзі ақтамайды.

Білім беру саласына маманданған ұйым басшысы Нұрланбек Болысбек ауылда тұрғын үйлердің біразы рұқсат беру құжаттарынсыз тұрғызылғанын айтады.

Тіпті құжаттары барларының өзі заң бұзушы болып танылуы мүмкін. Себебі заң бойынша сәулет-құрылыс органынан алдын ала рұқсат алмай, үй ішін қайта бөлуге тыйым салынған. Оған барғандардың барлығына жүздеген мың теңгеге дейін жететін үлкен айыппұл салынады. Оны төлейтіндей, бұқара бай емес, кедей.

Қалалықтарға қарағанда, ауылдықтар әбжіл, жағдайға тез бейімделгіш. Ұл үйленсе, бас көбейсе, қабырғалар құлатылып, бөлмелер қайта құрылады, болмаса, үйге іргелес жаңа орынжай салынады.

Заңға бағынатын азамат ретінде ауыл тұрғындары жаңадан тұрғызылған үйін заңдастырайын десе, оның эскиздік жобасын қабылдаудан жауапты мемлекеттік органдар бас тартып жатыр. Олар дәретхана үйі ішінде болуын талап ететін көрінеді.     

"Адамдар заңдастырғысы келеді, бірақ бюрократияға кезігіп, сергелдеңге түседі. Мысалы, тұрғындар тұрғын үй құрылысының эскиздік жобасын бекітуге тапсырады. Бұған дейін олар "Инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету көздеріне қосылу бойынша техникалық шарт жасаусыз тұрғын үй құрылысын жобалау жөніндегі сәулет-жобалау тапсырмасын" алған. Соған қарамастан, жұртшылықтың эксизін бекітуден бас тартылуда. Шенділер эскиз жобасында инженерлік желілер жоқтығын алға тартады. Тұрмыс деңгейінің төмен болуына байланысты ауыл тұрғындарының үйінде дәретхана болмайтыныны баршаға мәлім", – дейді Нұрланбек Болысбекұлы.

Ол жауапты мемлекеттік органға жүгініп, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізуді ұсыныпты.

"Инженерлік желісі жоқ деп, архитектура бөлімі тұрғын үй эскизін бекітуден бас тартпауы керек. Ауыл үйінде барлығы желіге байланбай, автономды жұмыс жасайды ғой. Пеш жеке жағылады, дәретхана далада орналасады. Су көшедегі колонкадан алынады не арбамен тасылады", – дейді кәсіпкер.  

Осыған ұқсас сұрақтар әкімдерге де қойылуда. Мысалы, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың блогында Тимур есімді азамат инженерлік желінің жоқтығы негізінде эскизді бекітпей жатқанына шағымданады.

Оған жауабында аймақ басшысы "Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларына" сілтеме жасайды және егер эскиздік жоба нысанның мақсатына, негізгі параметрлеріне, орналасуына қойылатын талаптар кешенінен ауытқыса, ол бекітуден бас тартуға негіз болатынын ескертті.

Осы сауалдарға орай өз блогында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов түсініктеме беріп өтті. Оның айтуынша, ауылда биіктігі 2 қабаттан аспайтын жеке тұрғын үйлер мен уақытша шаруашылық-тұрмыстық орынжайларды салу кезінде құрылыс жобасын жобалау және сараптама жүргізу талап етілмейді.

Сондай-ақ сәулет-құрылыс секілді қадағалаушы органды хабардар етудің де керегі жоқ. Инженерлік инфрақұрылымға қосылу жөніндегі техникалық шарттар тек соған қажеттілік болса ғана сұралады.

Бірақ эскизге келісім беру қазір жергілікті атқарушы билік құзырына берілген. Демек жергілікті шарттарға сай, себебін түсіндіре отырып олар бас тарта алады.

Министр азаматтарға жергілікті атқарушы органның бас тарту туралы келісіміне келіспесе, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке шағымдануға немесе сотқа жүгінуге кеңес береді.

Жалпы, сарапшылар қазіргі кезде елімізде дәретхана мәселесі көкейкесті екенін айтады. Жақында бір топ бизнесмен "Қазақстанда дәретхана жүйесін дамыту бағдарламасын" әзірлеп, билік назарына ұсынған. Онда елімізде 10 мыңнан астам дәретхана жетіспейтіні айтылады. Олардың біразы қазір бар, бірақ іші "ит байласа тұрғысыз", санитарлық талаптарға жауап бермейді.

Мысалы, Жамбыл облысында 446 мектеп бар, соның 290-ына жуығында дәретхана далада орналасқан және есігі жабылмайтын, бетон еденде тесілген бірнеше тесік түрінде болып келеді. Бұл әрине, дамыған елдердің ең озықтары қатарына ұмтылған елге ұят.

Тұтастай алғанда, еліміз бойынша 5 мыңнан астам мектеп дәретханасы жаңадан тұрғызуды және реконструкциялауды талап етеді. Бизнесмендер есептеуінше, 10 мыңдай заманауи үлгідегі әжетті өтеу орнын салу үшін шамамен 500 млн доллар немесе 193 млрд теңгедей қажет екен.

Кәсіпкер Марғұлан Сейсембай елде бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін қолдану керек деп есептейді.

"Оларды мемлекет сатып алып, орнатуы, ал ары қарай жеке фирмалар қызмет көрсетіп, сол үшін ай сайын мемлекеттен төлем алып отыруы керек. Оның сынып қалмауы, таза күйде болуы, күзетілуі, жөнделуі және басқасы жеке компанияның мойнында болады. Бұл ауылда көптеген қосымша жұмыс орындарын ашады. Сондай-ақ индустрия түзіледі: туалеттік модулдер жасау Қазақстанның өзінде жолға қойылады. Әйтпесе, Қазақстан туризмді дамытуға, мемлекет беделін көтеруге қыруар қаржы жұмсауда. Шетелдіктер бізде қарапайым санитарлық-гигиеналық жағдайлар да жасалмағанын көріп, түңіледі", – дейді Марғұлан Сейсембай.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу