Жас кәсіпкер аудандағы алғашқы қонақ үйдің иесі

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3904

"Ауыл жастарына бизнес-тренингтер ауадай қажет".

Жас кәсіпкер аудандағы алғашқы қонақ үйдің иесі

Кәсібін 5 мың теңгемен бастаған жас кәсіпкер Айбек Таңатбаев қазір қонақ үй бизнесімен айналысады. Ол – 18 мыңнан астам халқы бар Амангелді ауданындағы алғашқы қонақ үйдің иесі.

"Қостанай облысына қарасты Амангелді ауданы тоғыз жолдың торабында орналасқан. Ауданға келімді-кетімді кісі көп. Жолаушылар жиі қатынайды. Өкінішке қарай бертінге дейін біздің ауданда қонақ үй болған емес. Аталған олқылықтың орнын толтыру маған бұйырған екен. Осыдан төрт жыл бұрын, 24 жасымда аудан орталығынан қонақ үй аштым", – дейді Айбек Таңатбаев.

Айтуынша, кәсіпкерлікке деген қызығушылығы 18-19 жасында басталған. 2010 жылы кішігірім сауда-саттықпен айналысуды жөн көрген.

"Кәсібімді 5 мың теңгемен бастадым. Әуелде шаруашылық тауарларын саттым. 2014 жылы қонақ үй аштым. Аудан орталығынан лайықты ғимарат сатып алып, күрделі жөндеу жүргіздік. Сөйтіп қонақ үй іске қосылды. Әуелде нарықта бәсекелес болмады. Қазір ауданда менікінен бөлек тағы бір қонақ үй бар. Меніңше, нарықта бәсекелестік болғаны дұрыс. Бәсеке болмаса, бизнес жүрмейді", – дейді жас кәсіпкер.

Айбек Таңатбаев бүгінде үш адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

"Биыл мемлекеттен 6 пайыздық мөлшерлемемен 4 млн теңге несие алдым. Қазір қонақ үйді кеңейтіп жатырмыз. Қонақ үйде дәмхана жоқ еді. Бірнеше күннен кейін құрылыс жұмыстары басталады. Қонақ үйге жапсарлас ғимарат салынуда. Бұйыртса, клиенттерге жатар орыннан бөлек, тамақ та ұсынатын күн жақын", – дейді амангелділік бизнесмен.

12 орындық қонақ үйге көбінесе тауар тасушылар, іс-сапармен жүргендер, жолаушылар түнейді екен. Кәсіпкердің сөзінше, қонақ үйге тәулігіне 7-8 адам келіп қонады. Бағасы да қолжетімді.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы, "Даму" кәсіпкерлікті қолдау қоры секілді ірі ұйымдардың шапағатын көріп отырмыз. Мемлекет кәсіпкерлерге, оның ішінде жас кәсіпкерлерге толыққанды жағдай жасауда. Тегін курстар ұйымдастырылады. Бірнеше күн бұрын ғана астанадан оралдым. Назарбаев университетінде кәсіпкерлерге арналған курсқа қатысып, білімімді жетілдірдім. Оның алдында "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы бір айлық тегін курсқа қатысқан едім. Жалпы, мұндай курстардың, бизнес-тренигтердің пайдасы мол. Өкінішке қарай ауыл жастарына бизнес-тренингтер ауадай қажет", – дейді ол.

Айбектің жер учаскесіне қатысты мәселесін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы шешіп бергенін де атап өткен жөн.

"Әкімдікпен жер учаскесіне қатысты мәселе туындады. "Атамекен" палатасына жүгіндім. Олар маған құқықтық тұрғыдан кеңес беріп, бағыт-бағдар көрсетті. Соның нәтижесінде шаруам бір-ақ күннің ішінде шешімін тапты дейді", – жас бизнесмен.

Кәсіпкер бизнес-тренигтерден, бизнес-семинарлардан, оқу курстарынан мотивация алып, екінші тынысым ашылғандай болады дейді.

"Мұндай шараларда өзің секілді жас кәсіпкерлермен танысып, тәжірибе алмасасын. Қазір бизнеспен айналысуға мүмкіндік көп. Алайда қатарластарымның дені жалқау, енжар. Ауыл жастарының ішінде ата-анасына масыл болып отырғандар көп. Сондықтан бизнес-тренингтерді ауылдарда жиі ұйымдастыру қажет. Ауылда болашақ жоқ деп жатады. Қате пікір. Ауылда бизнеспен айналысуға мүмкіндік жеткілікті", – деп есептейді Айбек Таңатбаев.

Оның айтуынша, бизнес рухани тұрғыдан да жетілуді қажет етеді.

"Сол себепті білімімді жетілдіріп отыруға тырысамын. Бизнес күн сайын өзгереді. Сол трендтердің бәріне ілесу керек", – дейді 28 жастағы кәсіпкер.

Айбек Таңатбаев – Қостанай облысы Амангелді ауданының тумасы. Осы жерде өсіп, ержеткен. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін тәмамдаған. Мамандығы – заңгер. Алғашқы 1 млн теңгесін 23 жасында тапқан кәсіпкер.  

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу