Қазақстан татарларға ең арзан несие ұсынады

16656

"KamLitKZ" компаниясы артында кімдер тұр?

Қазақстан татарларға ең арзан несие ұсынады

Биылғы ақпан айында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі елімізде Ресей 2 жаңа жобасын іске қосатынын, олардың жалпы құны 106 миллиард теңге болатынын хабарлаған-тын. Бұл – жүк көліктерінің жетекші білігінің басты берілісін (главная передача ведущих мостов) және шойын құймаларын өндіретін зауыттар болуға тиіс еді.

"Қос жобада 1,5 мың жұмыс орны ашылады. Дайын өнімнің 95%-ы шетелге экспортталады: Ресейдегі "КамАЗ"-дың басты конвейеріне жеткізіледі. Осылайша, аталған кәсіпорындар жеткізушілердің жаһандық технологиялық тізбегіне кірігеді", – деп дәріптеді министрлік.

Енді Татарстанның әзірше бұл жобаларды келесі жылға ысырғаны мәлім болды. Ал олар мүлдем бас тартпау үшін ынталандыру керек.

Сауда және интеграция министрлігі "Экспорттық қаржыландыруды ынталандыру үшін "Қазақстанның даму банкі" АҚ-ына кредит бере отырып, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ-ына бюджеттік кредит берудің негізгі шарттарын бекіту туралы" деген адам жаңылысар атауы бар Үкімет қаулысының жобасын әзірлеп отыр.

Қарапайым тілмен айтсақ, тізбек келесідей: Үкімет алдымен бюджеттен Сауда және интеграция министрлігіне 30 миллиард теңге несие ұсынады, ведомство оны ары қарай "Бәйтерекке" ұзатады, ол оны өзінің "Қазақстан даму банкіне" береді, одан кейін осы мемлекеттік банк ақшаны өзінің "БРК-Лизинг" еншілес кәсіпорнына ұстатуға тиіс. Ары қарай ел қаржысы ресейлік-татарлық инвесторға жол тартады.

Қыруар қаржы не үшін қажет болды?

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың түсіндіруінше, Үкіметтің осы қаулы жобасы экспортқа бағдарланған кәсіпорынды 2020 жылы 30 миллиард теңгеге қаржыландыруды көздейді. Нәтижесінде Қазақстан шетелге сататын шойын құймасының көлемі 2030 жылы 29,9 млрд теңгеге жетпек. Зауыт Қостанайда бой көтереді деп күтілуде.

"Кәсіпорын шығаруға тиіс құрамдас бөліктердің негізгі сатып алушысы – Ресейдің жүк автомобильдерінің ірі өндірушісі. Сондықтан жоба экспортқа бағдарланған саналады. "КамАЗ" ЖАҚ өндірістік желілерін жүк көліктерінің блоктарымен, жетекші білік картерінің арқалығымен толық қамтамасыз ету жоспарлануда. Еуропалық инжиниринг компаниясын тарта отырып, "үлкен жетілік" елдерінің компанияларына құрамдас бөліктерді өткізудің бизнес-мүмкіндіктері қарастырылады. Жобаны іске асыру нәтижесінде 297 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылады. 2020–2023 жылдар аралығында құрылыс-монтаж жұмыстары кезеңінде құрылыс саласында 200-ден астам уақытша жұмыс орны ашылады", – деді министр Бақыт Сұлтанов түсіндірме жазбада.

Сонымен, инвестордың шойын құймасы өндірісін құруы үшін құрал-жабдықтар сатып алуын лизингтік қаржыландыруға 30 миллиард теңге бюджет заемы 20 жыл мерзімге жылдық 0,2% ставкасымен беріледі. Пайыз деген аты ғана, себебі Қазақстанда жыл сайынғы инфляция 5–7%. Яғни, қарыз алушы пайдаға шығады, ал бюджет шығын шегеді.

Бұл жерде ел қаржысын бөліп төлеп, сақтық таныту деген болмайды: құжатта бүкіл сома қарыз алушының шотына бір мезгілде аударылатыны жазылған. Кредит бойынша негізгі қарызды өтеуге борышкер тек 2026 жылы кіріседі. Оған дейін 6 жыл жеңілдікті кезең беріледі.

Осы жоба бойынша Қазақстанның технологиялық серіктесі – Татарстанның Яр Чаллы (орысша Набережные Челны) қаласындағы "КамАЗ" жария акционерлік қоғамы болмақ.

"Бәйтерек" жобаға делдалдықтан қанша табады?

Негізі, кәсіпорын шығыны 30 миллиардпен шектелмейді, әлдеқайда көп. Сауда және интеграция министрлігі әзірлеген "Қаржы-экономикалық негіздемеде" (ҚЭН) жаңа кәсіпорынға барлығы 58 миллиард 286 млн теңге бюджеттік арзан кредит беру көзделіп отырғаны айтылады.

"Қазіргі әлемдік жағдайға байланысты Қостанай қаласында зауытты салу жобасын іске асыру 2021 жылға ауыстырылды. Осыған байланысты ҚЭН сомасы қысқартылды", – деп хабарлады министрлік.

Демек, қалған сома кейін қосымша бөлінуі керек.

Биылғы жыл басында билік "Қостанайда жүк автокөліктеріне арналған шойын құймаларының өндірісі 2022 жылы құрылады" деп нақты айтқан. Енді ондай нық сенім жоқ сияқты. ҚЭН-інде: "Егер құрылысы салынса (орысша нұсқасы: в случае строительства), жобаны жүзеге асыру мерзімі 2020–2040 жылдар" деп көрсетілген.

"Жоспарланып отырған зауытта құйма бұйымдар, яғни қозғалтқыштарға арналған цилиндрлердің блоктары және оның бастары, сондай-ақ жүк автомобилдеріне арналған жетекші білік картерінің тұтас құйылған арқалықтарының өндірісі жолға қойылады деп болжануда", – дейді ведомство.

Егер татарлар бас тартпаса, әрі бюджеттік миллиардтаған қаражат босқа талан-тараж етілмей, нысаналы жұмсалып, жаңа технологиялы зауыт шынымен пайда болса, онда оның тауарларының негізгі сатып алушысы – татардың "КамАЗ" ЖАҚ-ы болмақ. Ол 40 мың тоннаға дейінгі көлемде әлгі ірі габаритті құйма бөлшектерді сатып алуға ниет танытып отыр. Жеткізуші мен сатып алушының осыған қатысты міндеттемесі оффтейк контрактімен бекітілетін болады. Сонда жыл сайын қостанайлық жаңа зауыт шамамен 28 миллиард теңге тұрақты табыс тауып отырмақ.

"Зауыттың өндіріс цехының жалпы ауданы шамамен 25 мың шаршы метрді, ал құрылыс алаңы 31,8 гектарды құрайды. Құрылыс жұмыстарын 2021 жылдың екінші жартыжылдығында аяқтау шамаланып отыр. Жабдықты монтаждау шамамен 2021 жылдың 4 тоқсанында басталады. Зауытты толығымен пайдалануға беру 2023 жылдың бірінші тоқсанына жоспарлануда", – деп хабарлады министрлік.

Қостанайда кәсіпорнын ашатын "KamLitKZ" ЖШС-ының қожайындары да анықталды. Оның 44,1%-ы – Татарстанның "КамАЗ" ЖАҚ-ына, 20,9%-ы – Австрияның PowerLine Handels GmbH компаниясына, 20%-ы – KIDF (Премьер А.Мамин төрағалық ететін, АХҚО құрамындағы Kazakhstan Investment Development Fund қорына), 10%-ы – "ҚазБелАгроЛизинг" компаниясы, 5%-ы – "Тобыл" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі.

Айтқандай, бюджеттік 58 миллиард теңге қаржыдан жолай делдалдар, "Бәйтерек" холдингінің топ-менеджерлері біраз пайдаға кенелмек: "Холдинг маржасы жыл сайын 0,05%-ды құрайды". Бұған "Бәйтеректің" кредиттерді әкімшілендіру бойынша шығыстары және салығы кіріп отыр.

Жанат Ардақ


Telegram каналымызға жазылыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу