Қостанай облысында халық пен билік уақытқа таласуда

3300

Бастамашыл топ Президентке шағымданған.

Қостанай облысында халық пен билік уақытқа таласуда

Ал жергілікті билік өкілдері Үкіметтен кеңес сұрап отыр. Мәселенің мәнісін түсіндіре кетсек, қазіргі кезде Қазақстанда 2 сағат белдеуі ғана бар. Дегенмен, шынында қазақтың ұлан-байтақ жері 4 географиялық сағат белдеуінде орналасқан: UTC+3, UTC+4, UTC+5, UTC+6.

1924 жылдан бері мемлекетіміз осы ғылыми тұжырымдаманы ұстанды. Алайда Үкіметтің 2004 жылғы 20 маусымдағы қаулысымен еліміз 2 сағаттық белдеуге ауысты. Осы мақсатта 2004 жылғы 31 қазанда Қостанай, Қызылорда, Орал, Атырау және Ақтау жазғы уақытқа көшпей қалды. Нәтижесінде, Қостанай UTC+06 уақытына көшті.

Өңірдің өз сағат белдеуінде болмауы жасөспірімдер және ересектер арасындағы суицидке, жас ұрпақтың әлжуаздануына, жүрек-қан тамыры дерттерінің дендеуіне, психикалық-эмоционалды жүктемеге, сүйек патологияларына және басқасына соқтыратын көрінеді. Елордалық екі ғылыми-зерттеу мекемесінің – Айтхожин атындағы Молекулярлық биология және биохимия институты мен Адам және жануарлар физиологиясы институты "қос белдеудің" адам денсаулығына және әлеуметтік өміріне теріс ықпалын растаған. Бұл зерттеу осының алдында Қызылорда өңірінің сұрауы бойынша жүргізілді.  

Енді Қостанай өңірінің жұртшылығы Мемлекет басшысынан бұрынғы уақытқа қайта оралуды сұрап жатыр.

"Құрметті Президент! Үкіметке Қостанай облысын өз сағаттық белдеуіне қайтару туралы тапсырма беруіңізді сұраймыз! Психикалық-эмоционалды көңіл-күйі жақсы, дені сау адамдар – гүлденген мемлекеттің тірегі, табысты экономиканың кепілі. Қостанайлықтар әрқашан адал әрі көп еңбек етіп, өз Президентін барлық бастамада әрдайым қолдап келеді", – делінген 3 мың адам қол қойған хатта. 

Бұл мәселе өткен жылы жергілікті өкілетті органда қаралған. Оған шақырылған медицина мамандары уақыт ауысуынан еш зиян жоқтығын, халықтың үйреніп қалғанын айтыпты. Сонымен тынғандай болды. Бірақ бұл мәлімдеме жергілікті жұртшылықты тіптен ашындырды. Мәселе алда мәслихаттар қарауына қайта шығарылмақ. Осыған орай Лисаковск қаласында идеяны белсенді ілгерілетуші бастамашыл топ құрылды. Олар сағат тілін ең болмаса, 1 сағатқа кері жылжытуды талап етеді.

Жергілікті өзін-өзі басқару органдары қолданыстағы сағат белдеуінің зиянды-зиянсыздығын кең ауқымды тексеруге қаржы таппай отыр. Лисаковск қалалық мәслихатының хатшысы Салтанат Шалдыбаева бастамашыл топтың облысты географиялық табиғи уақытына кері көшіру ұсынысын қарау кезінде проблемаға жолыққандарына назар аудартты.

"Біздің қолымызда тіпті институттардың әлеуметтік зерттеу қорытындылары да жоқ. Оң немесе теріс шешім қабылдауда неге сүйенерімізді білмейміз. Бастамашыл топқа "Қостанай облысының сағаттық белдеуі шекарасын өзгерту бойынша дәлелдеріңіз орынды не орынсыз" деп қалай айтамыз? Бұл мәселені 2019 жылдың сәуірінде Қостанай өңірінің тұрғындары да көтерген. Мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырыстары қорытындысында жергілікті депутаттардың басым бөлігі бастамаға қарсы дауыс берді. Алайда бастамашыл топ қабылданған шешіммен келіспей, биыл қайта ұсынып отыр", – дейді Салтанат Шалдыбаева.

Бұл ретте ақпарат құралдары өз беттерінше, сондай-ақ мәслихат депутаттары өз округтерінде халық арасында сауалнама мен анкеталық зерттеу жүргізіпті. Екеуі де қостанайлықтардың кезінде уақыттың өзгеріп кеткенін әлі күнге құптамайтынын көрсетті.

Себебі, сағат тілінің табиғи уақытқа сәйкеспеуі салдарынан ересек адамдар дел-сал күй кешеді, артериалды қысым артқан, ұйқысыздық көбейген. Балалар жағы қазіргі оқу режиміне біраз бейімделіп алған екен. Әрине, оларға мектепке бару үшін түн қараңғысында тұруға тура келеді. Сонымен бірге екінші ауысымдағы шәкірттер үйлеріне бұрынғыдай тас қараңғыда емес, ашық-жарықта орала алады.   

"Біз әлеуметтік зерттеу жүргізуді сұрап, Маркетингтік және әлеуметтік зерттеулер институтына жүгіндік. Алайда олар өз қызметі үшін сұрап отырған ақы – шамамен 4 миллион теңге біздің 45 мың ғана тұрғыны бар моноқала үшін тым көп", – дейді Салтанат Қазымбекқызы.

Сондықтан олар Үкіметтен өз құрылымдары көмегімен тиісті зерттеу жүргізіп, нақты әрі білікті түсініктеме беруді сұрайды.

Әйет ауылының тұрғыны Ольга Ведлер халық талабына көнбей қыңырланған биліктің тірлігіне қапаланады.

"Жағрафия – нақты ғылым. Біздің өңір қандай уақыт белдеуіне жатады екен, солай болуы керек. Әйтпесе, жердің айналу жылдамдығын өзгертсін! Бізді жазғы уақытқа көшіріп, сонда 15 жылға қалдырып қойды. Бұл – халыққа қарсы қылмыс деп санаймын. Қазақстанның өзге өңірлері күнмен бірге күлімдеп оянып жатады. Бізде сағат тілі бойынша түскі уақытымыз таңертеңге сәйкес келеді. Не деген масқара! Сыртта жарық болғасын, ойын баласын түнде жатқыза алмайсың, таңертең зорға оянады. Ересектер де үлкен стресте", – дейді ол.

БҒМ Адам және жануарлар физиологиясы ғылыми зерттеу институтының байламынша, сағат тілінің тиісті уақыт белдеуіне көшуі физиологиялық ауытқуларды жоюға, сонымен бірге өңірде электр қуатын 4,2% үнемдеуге мүмкіндік береді.   

"Қостанай облысы аумағында биологиялық және әлеуметтік уақыттың өзара сәйкеспейтіні байқалуда. Бүгінде онда географиялық және әкімшілік сағат белдеулері арасындағы айырмашылық 2 сағатты құрайды. Демек, географиялық тұрғыдан қарастырсақ, Қостанай өңірінде сағат тілін ауыстыру орынды", – дейді Білім және ғылым министрлігінің География институтының директоры, профессор Ахметқал Медеу.

Әзірге Қостанай Нұр-Сұлтанның сағатына сай жатып, тұрады. Елорданың бұл істе өңірге тәуелсіздік берер-бермесі биыл анықталуы ықтимал.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу