Ауызсу мәселесімен қай мекеме айналысады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3350

Роман Скляр бұл мәселені тұтастай ауыл шаруашылығы министрлігіне беру керек деп есептейді.

Ауызсу мәселесімен қай мекеме айналысады  Фото: primeminister.kz

Қазақстанда ауызсу мәселесімен екі бірдей ведомство айналысады. Бірі – индустриялық инфрақұрылымдық даму министрлігі, екіншісі – ауыл шаруашылығы министрлігі. Бәлкім, ауызсу мәселесінің осы уақытқа дейін шешімін таппай келе жатқаны да сондықтан шығар. Екі мекеме бір-біріне сілтеп отырады береді дегендей.

Үкіметтің бүгінгі отырысында индустриялық инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр жақсы ой айтты. Ол ауылдарды кешенді дамыту үшін ауылдық жерлерді ауызсумен және су бұру қызметтерімен қамтамасыз ету функцияларын ауыл шаруашылығы министрлігіне беру қажет деп есептейді.

"Бүгінгі таңда ауылдарда сумен жабдықтау саласын дамыту жөніндегі функцияларды екі мемлекеттік орган жүзеге асырады. Ауыл шаруашылығы министрлігі елдімекендерден тыс орналасқан топтық су тартқыштарды салуды және реконструкциялауды қамтамасыз етеді. Ал біздің министрлік  ауыл ішіндегі желілерді дамытуға жауап береді. Осыған байланысты ауылдарды кешенді дамыту үшін ауылдық жерлерді ауызсумен және су бұру қызметтерімен қамтамасыз ету функцияларын ауыл шаруашылығы министрлігіне беру қажет деп санаймыз", – деді Роман Скляр.

Оның айтуынша, бұл бір мемлекеттік органға ауыл халқын су көздерінен соңғы тұтынушыға дейін сумен жабдықтау жұмысын жүргізуге мүмкіндік береді.

"Қызылорда облысында осындай оң тәжірибе бар. 2017 жылдан бастап пилоттық режимде ауылдарды сумен жабдықтау жүйелерін басқаруға ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты ұйым жауапты болған. Осы мәселені мақұлдау "Ауыл – ел бесігі" атты арнайы жобаны тиімді іске асыруға мүмкіндік береді", – дейді Роман Скляр.

Жалпы, Қазақстан үшін өзекті мәселенің бірі осы – ауызсу. Мәселен, ел халқының (18,4 млн адам) 90,2 пайызы немесе 16,5 млн адам орталықтандырылған сумен жабдықталған. 2018 жылы қалаларда 10 млн адам орталықтандырылған сумен қамтылған екен. Бұл қала халқының 94,5 пайызын құрайды. Қалған тұрғындар өркениет әлдеқашан келсе де, су тарататын колонкаларды пайдалануда. Қалалардағы өмір сапасын арттыру үшін биыл бұл көрсеткішті 97 пайызға дейін, ал 2023 жылы 100  пайызға дейін арттыру жоспарланған.  

"Ауылдарда орталық сумен 6,5 млн адам немесе 84,4 пайызы қамтылған. Басқа ауылдар жергілікті су көздерін пайдаланады. Министрлік 2019 жылы бұл көрсеткішті 88 пайызға дейін жеткізуді және 2023 жылы халықтың 100 пайызын тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бүгінгі күні біз ауылдарды сапалы және қажетті көлемде сумен жабдықтау қызметімен қамтамасыз ету жоспарын дайындадық. Халқының саны 200 адамнан аз шағын ауылдарды санитарлық нормаларға сәйкес келетін ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында суды тазартатын кешенді блок-модульдер орнату қажет. Бұл 1333 ауылды сумен қамтуға мүмкіндік береді. Тұрғындары 200 адамнан көп 1274 ауыл орталық су құбырларымен қамтылатын болады. Осылайша 2607 ауылда тұратын 1,2 млн адам санитарлық нормаларға сәйкес келетін сумен жабдықтау қызметімен қамтамасыз етіледі", – деді Роман Скляр.

Премьер-Министр Асқар Мамин, ауылдарды ауызсумен қамту деңгейі жоғары өңірлерді атады. Оның сөзінше, Алматы облысы тұрғындарының – 89,5 пайызы, Қызылорда облысы  тұрғындарының 83,2 пайызы ауызсумен қамтамасыз етілген. Ал Жамбыл, Қостанай және Павлодар облыстарындағы жұмыс тиісті деңгейде жүргізіліп отырған жоқ.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу