Қанат Сахария: Еліміздегі екі мың маңызды телекөрерменнің қатарында кімдер бар?

1403

"ATAMEKЕN BUSINESS" медиа холдинг басшысы Қанат Сахария Astana Media Week-те өткен дискуссия барысында еліміздегі медиа өлшемдердің жүргізілуіне тоқталды, деп жазады inbusiness.kz.

Қанат Сахария: Еліміздегі екі мың маңызды телекөрерменнің қатарында кімдер бар?

"Әр арнаның белгілі бір миссиясы болады. Бізде бұл жаппай кәсіпкерлікті, бизнесті, жалпы Қазақстанның іскерлік мәдениетін дамыту екендігі түсінікті. Біз қазір TNS Central Asia көрсеткен рейтингтерге шағымданбаймыз. Өйткені біз бизнеспен тікелей жұмыс істейміз. Мен Қазақстандағы телевизиялық нарықтан 20 жылдан астам уақыт бойы хабардар медиаменеджер ретінде сараптамалық пікірімді білдіргім келеді. Өкінішке қарай, елімізде медиа өлшемдермен тек бір ғана компания айналысады. Бұл жеке қазақстандық компания. Ол Kantar деп аталатын ірі ойыншымен серіктес", – деді ол.

Қанат Сахария дискуссияның модераторы Ұлттық медиа ассоциациясының басшысы Кемелбек Ойшыбаевқа медиа өлшемдер бойынша пікірін білдірді.

"Сіздің келуіңізбен  Қазақстанның медиа өлшемінде қандай да бір өзгерістер болады деп үміттендім. Бірақ өкінішке қарай, бәрі сол күйінде қалды. Неліктен? Себебі Қазақстан нарығына ойыншыны тарту бойынша өткізілген тендер біздің ешкімге қызық емес екенімізді көрсетті. GFK компаниясы, Nelson компаниясы, басқа да компаниялар – барлығы тендерге қатысудан бас тартты. Мұндай ірі ойыншылардың Қазақстандағы медиа өлшемдерден бас тартқаны өкінішті. Енді біз TNS Central Asia компаниясымен және Kantar-мен бұрынғыдай жұмыс істейтін боламыз. Олардың жаңа технологиялар мен жаңа тәсілдерді қолданатынын көріп отырмыз. Бұл өте маңызды. Бірақ жаңашылдық туралы сөздің болғанына да біраз болды. Осыдан 5 жыл бұрын ID TV Қазақтелекомның TNS Central Asia панелімен бірге интеграция болады деп уәде етілді. Бірақ біз ештеңе де көріп отырғанымыз жоқ", – деді холдинг басшысы.

Оның айтуынша, нәтижесінде медиа өлшемнің қалай жасалатыны жөнінде біріктірілген панель де, сурет те жоқ.

"Біздегі шындық аудиторияның интернетте отырғанын көрсетеді. Ал теория бойынша біз әлі күнге дейін қабырғаға бекітілген теледидарды қарастырамыз. Мен медиасарапшы ретінде бұл еліміздегі басты мәселе деп есептеймін. Бізде медиа өлшемдерін жүргізетін 3 тәуелсіз компания – GFK, Nelson, Kantar болса қуанар едім. Келесі мәселе панельде 1055 үй шаруашылығы өлшеу панеліне енгізілгені, 2 100 адамның өлшеу панеліне қатысатындығы көрсетілген. Шынымды айтсам, мен бұнымен келісе алмаймын. Демек бұл медиа өлшемдерге 2 адам бар үй шаруашылықтары ғана қатысты дегенді білдіреді", деді Қанат Ақылбайұлы.

Медиаменеджердің айтуынша, пиплметрі бар 2000 адам Қазақстанның барлық жарнамалық бюджеті қайда бағытталатынын анықтайды. Бұл Қазақстанның стратегиялық ресурсы.

 "Бұдан бөлек мемлекеттік ақпараттық саясат мемлекеттік тапсырысты осы 2 000 адам анықтайтын рейтингтерге қарап бөледі. Қазақстанда телеарналардың міндетті пакеті сияқты институт бар. Оған 15 телеарна кіреді – 9 мемлекеттік, қалғаны жеке арналар. Осы жеке телеарналар бұл міндетті тарату пакетіне қалай және қандай принцип бойынша кірді? Мен бұл сұрақты барлығына қоямын, бірақ тұшымды жауап жоқ. Себебі Қазақстан заңнамасына сәйкес бұл пакетке 3 негізгі критерийі бар телеарналар ғана кіруі керек. Оған еліміздің бірыңғай ақпараттық кеңістігін қамтамасыз ету, ақпараттық саясатты қамтамасыз ету, Қазақстанның мәдени құндылықтарын сақтау жатады... Қазақстан өз рейтингтерін қазақстандық сериалдарға, отандық өндіріске негіздеп қалыптастыратынына қуанып отырмын. Бұл жақсы. Бірақ басқа жеке коммерциялық телеарналар осы пакетке қалай кірді? Бұл біздің ведомствоға қойылған сұрақ. Біз комиссияның шешімімен келіспегендіктен, себебі ол заңсыз болатын,  министрліктің шешімін сотқа бердім. Бірақ министрлік 2022 жылғы желтоқсанның соңына дейін бұл шешімді қайта қарайды деген бітімгершілік келісімге қол жеткіздік. "ATAMEKЕN BUSINESS"-ті осы міндетті телеарналар пакетіне қосады деген үміттемін. Себебі 100 пайыз отандық өндірісі бар телеарналар міндетті пакетте болуы керек деп есептеймін", – деді спикер.

Оның айтуынша, бұл талаптың негізгі тақырыбы ол тізімнен тізімнен "Мир" телеканалын алып тастау керектігі туралы болған. Себебі бұл телеарна жоғарыда аталған 3 критерийдің бірде-біреуіне сәйкес келмейді.

"Ол мемлекеттік тілде (қазақ тілінде) хабар таратпайды, ұлттық бірыңғай ақпараттық кеңістікті қамтамасыз етпейді. Алдыңғы сессияда Орталық Азия бойынша бірыңғай телеарна құру туралы айтылды. Бірақ бізде "Мир" телеарнасы бар ғой. Міне, ол осы функцияны орындайды. "Мир" телеарнасын не үшін құрдық? Қазіргі күнде ол қандай қызмет атқарып отыр? Бұл үлкен сұрақ. Сіз бен біз салық төлеушілер ретінде бұл телеарнаның эфирімізде болғаны үшін үнемі ақша төлейміз", – деп қорытындылады Қанат Сахария.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу