Қанат Сахария: "Індеттің таралуы, таралмауына қарамастан өмір жалғаса береді"

2392

Көп жанрлы телевизияның орнына қызығушылыққа негізделген теледидар келеді.

Қанат Сахария: "Індеттің таралуы, таралмауына қарамастан өмір жалғаса береді"

Коронавирустық пандемияға байланысты дүние жүзіндегі карантиндік шаралар мен төтенше жағдай режимі бұқаралық ақпарат құралдары үшін үлкен сын сағаты болды. Еліміздегі журналистер соңғы екі айда қалай жұмыс істегені туралы білу үшін inbusiness.kz тілшісі MEDIA HOLDING "ATAMEKEN BUSINESS" ЖШС бас директоры Қанат Сахариямен кездесті. 

Қанат Ақылбайұлы, сіз басқаратын жас телеарна мемлекеттен кепілдендірілген қаржылай көмек алмайды. Карантин кезінде холдингтің барлық қызметкерін қашықтан жұмыс істеуге жіберуді ұйғардыңыз. Ал журналистер төтенше жағдайға қарамастан, жұмысын жалғастыратын мамандар санатына жатады. Қашықтан жұмыс істеу режиміне ауысқан кезде қандай қиындықтарға тап болдыңыздар? Еңбек тәртібі мен жұмыс сапасы нашарлап кеткен жоқ па?

Білесіз бе, менің алғашқы білімім – дәрігерлік, сондықтан  билік қабылдаған барлық эпидемиологиялық шаралардың қажет екенін түсінемін әрі адамның иммундық жүйесінің жұмыс істеу механизмінен де хабарым бар. Ерте ме, кеш пе, адамдар осы вируспен ауырып, оған қарсы иммунитет пайда болады. Бұл әлемдегі алғашқы вирус емес.

Індеттің таралу, таралмауына қарамастан өмір жалғаса береді. Әзірге бейтаныс болып тұрған COVID-19 вирусын кейін кәдімгі тұмау тәрізді емдейтін боламыз. Әзірге вакцинаның болмауы басты мәселе болып тұр, бірақ адамзат бәрібір коронавирустың емін табады.

Сол себепті қызметкерлерімізді дереу қашықтан жұмыс істеу режиміне жіберуді ұйғардық. Бүгінде карантин режиміндегі біздің ақпараттық порталдың тілшілері материалдарын үйде отырып та табысты жазып, өз міндеттерін атқаруда. Тележурналистерге келер болсақ, олардың бір-бірімен және сыртқы ортамен қарым-қатынас жасамауы үшін ерекшеліктерді ескере отырып, кезекшілік кестесін әзірледік. Карантин режимінің аяқталғаны ресми түрде жарияланғаннан кейін, барлық қызметкерлеріміздің жұмысын сақтай отырып, тез арада бұрынғы үйреншікті қалыпқа қайта оралатынымызға сенімдімін.

Соңғы кездері жаңа пандемияға байланысты әлем өзгеріп, бәрі басқаша болады деген сарындағы көптеген пікір естіп жүрмін. Дегенмен бұнымен келісе алмаймын. Адамзат өз тарихында коронавирустың қазіргі пандемиясы тәрізді сыннан бірнеше рет өткен. Әр заманда да адамдар "тамақтанғанды және бір нәрсені қызықтағанды" жақсы көреді. Адамның табиғаты сондай. Менің мұны айтып отырғаным, карантин кезінде халықты ең алдымен азық-түлік және ақпарат мәселесі алаңдатқанын байқадым. Мәселен, карантин уақытында коронавирустың пайда болуы немесе қастандық теориясы туралы ақпарат ағымы және ойдан шығарылған нәрселер көбейіп кетіп, сенімді ақпаратқа деген қажеттілік арта түсті.
Дәл осы карантин кезінде біздің портал мен телеарнаның рейтингі он есеге артты.

Құпия болмаса, рейтинг қалай өскенін айтсаңыз? 

Біздің ұжым жас болғанымен, өте кәсіби мамандар жұмыс істейді. Телеарна 2015-2016 жылдары ұлттық валюта құнсызданған дағдарыстан кейінгі кезеңде ашылды. Сол себепті арнаның ерекшелігі – өзгерістерге тез бейімделе алуы. Мысалы, біз хабар тарату кестесіне қатты байланып қалмаймыз, ақпарат ағыны көбінесе аналитикалық хабарлардан тұрады. Ал, төтенше жағдай туындаған кезде бірден моноэфирге көшеміз, яғни бұрын түсірілген репортаждарды алып тастап, орнына Арыс қаласындағы жарылыс, жолаушылар ұшағының апаты, елдің бірінші президентінің отставкасы сияқты шұғыл оқиғаларды жарыққа шығарамыз. Яғни, көрермендерді сол уақытта толғандыратын ақпаратты береміз.

Біз журналистерге үйден де репортаж бере алатындай үрдіс құрдық. Режиссерлер мен жарық мамандары оларға жарық пен дыбысты реттеуге көмектесті.

Осылайша, тіпті карантин кезінде де басты міндетімізді атқарып, адамдарға хабар тарата алдық.

Бейнетүсірілімнің сапасы нашарлау болғанына қарамастан, көрермендер бұл уақытша кемшілікті кешірді. Ең бастысы, сенімді әрі толық ақпарат алу үшін бізді қарады, оқыды.

Үйде отырып жұмыс істеуге дағдыланып қалған журналистердің үлкен ұжымға қайтып оралғысы келмеуінен басшы ретінде жүрексінбейсіз бе? Сонымен қатар, карантин кезінде көптеген кәсіби журналист әріптесім өзінің жеке телеарнасын ашып, әлеуметтік желілерде эфирге шыға бастады. Онда жүргізуші де, режиссер де өзі. Бұл туралы не айтасыз?

Жұмысыма байланысты үнемі YouTube арнасын, әлеуметтік желілерді қарап отырамын. Әлеуметтік желілердің пайда болуына байланысты бүгінгі күні көптеген жеке ақпарат көздерінің ашылғанын байқаймыз. Оларды блогер дейді. Бұл уақыт шындығы. Бірі сәтті жұмыс істеп, арналарын монетизациялай да алды, ал енді бірінің қолынан бұл келмеді. 

Мысалы, бұрынғы депутат Тәңірберген Бердоңғардың әлеуметтік желідегі арнасы табысты болды. Бұл кәсіби журналист болмай-ақ, қарапайым адамдар кездестіретін әділетсіздікке бей-жай қарамайтын, бейімі бар журналист болудың жарқын мысалы. 

Жақсы жүргізгісі келетін, алайда жұмсартып айтқанда, көбінесе қызықсыз әрі әлсіз материал беретін блогерлер де кездеседі.

Ал Ресейлік журналист Юрий Дудь жеке телеарнасында былапыт сөздер айтып отырып "нарықты жарып шықты". Бейне репортаждарында балағат сөздерді айтуға негізделген арнаның жетістігін жұрт түсінбей дал. Бұл сол кезде көгілдір экрандағы "жалтырап, өңдеген" жүргізушілерден жалыққан көрермен үшін тосын сый болып, қызықты көрінді.

Сіздің сұрағыңызға жауап ретінде, кейбір кәсіби журналист жеке және қашықтан жұмыс істегісі келуі мүмкін екенін айтып өткім келеді. Әркімнің таңдауы әр түрлі. Автор жұмысына шабыттанып, құмарланып іске кіріскен кезде блогына видео мен мәтіндерді оңай әрі тез толтырады. Алайда кез-келген жеке телеарна немесе блог ұзақ уақыт бойы күнделікті жұмыс істеуді талап етеді. Бірақ бұндай әдіспен жұмыс істеу әркімнің қолынан келе бермейді. Шығармашылық күю деген ұғым бар. Дара автор мен ұжымның арасындағы айырмашылық осында жатыр. Газеттің, агенттіктің, порталдың немесе телеарнаның редакциясы – шығармашылық күйіп кетуден қорғайтын ұжымдық ой, жүйеге. Сондықтан мен жеке даралықты емес, институттандыруды жақтаймын.

Карантин аяқталғаннан кейін холдингіміздің журналистері ұжымға қайта оралатынына сенімдімін. "Жалғыз сән-салтанат – адаммен қарым-қатынастың сәнділігі" деген Антуан Сент-Экзюперидің сөзін дәлел ретінде айтқым келеді. Ешқандай қашықтықтан жұмыс істеу адамдардың тікелей қарым-қатынасын толықтай алмастыра алмайды, визуалды байланыс виртуалды байланысқа қарағанда әлдеқайда тиімді әрі адамға сенім ұялату де әсері күштірек. Сондықтан, карантин аяқталғаннан кейін әдеттегі жұмысқа оралатынымызға сенімдімін.

Қанат Ақылбайұлы, сіз қазір процестің шығармашылық жағына тоқталдыңыз. Жоғарыда айтылғандай, холдинг мемлекетке тиесілі емес. Жеке және демеушілік қаражатпен жұмыс істейді. Карантин кезінде көптеген жеке компания, фирмалар мен кәсіпорындар ауыр жағдайға душар болды. Холдинг осындай уақытта қалай аман қалады?

Карантин кезіндегі басты қиындық – жарнама легінің азаюы, бұл кез-келген жеке меншік телеарна үшін өте маңызды. Мәселені түсіне отырып, клиентіміз – шағын және орта бизнеспен байланысты сақтап қалуымыз қажет. Күні кеше ғана жарнама берушіміз болғандардың өздері де табыссыз қалып отыр. Айта кетерлігі, біз бизнеске арналған науқан өткізіп, жаңадан ашылған және істеп тұрған кәсіпкерлерге сәтті көмектесе алдық. Іскерлік мәселелерді шешуге де назар аудардық. Осындай қиын-қыстау кезде менің менеджер ретіндегі міндетім жұмыс істейтін адамдарға жалақы төлеу  мәселесін шешу болды. Ұжымның бір бөлігін еңбек демалысына жібердік, кейбіреуі демалыс алды. Осылайша, өндірістің көп бөлігі сақталып, холдингтің қызметкерлері жұмысын жалғастырды. Алайда карантинге дейінгі уақытқа қарағанда жүктеме де артты, өйткені өңделеуі қажет сұраныс көбейді. 

Қанат Ақылбайұлы, карантин кезінде жүзеге асырыла бастаған онлайн-баспасөз конференциялары туралы журналистер арасында пікірталас бар. Біреулер оны ыңғайлы десе, басқалары жөн санамайды. Өйткені журналист сұрағын нақтылау мүмкіндігінен айырылып отыр. Бұл туралы сіздің пікіріңіз қандай?

Иә, интернеттегі баспасөз конференцияларында карантин кезінде журналистерге нақтылау сұрақтарын қою мүмкіндігі болмады. Модераторлар аудитория мен оқырмандар үшін маңызды емес, бірақ спикерлерге ыңғайлы сұрақтар қойды. Бұл жерде модераторларды таңдау мәселесі туындап отыр. Екіншіден, баспасөз конференцияларын ұйымдастырушылар журналистердің спикерлерге сұрақ қоюына мүмкіндік беретін байланыс құралдарын таңдағаны жөн. Өйткені, қазір білікті IT-қызметкері қоса алатын қолайлы байланыс құралдары бар. Онлайн форматта болса да, екі жақты байланыс орнату маңызды. Менің ойымша, болашақта онлайн баспасөз конференциялары тікелей брифингтердің орнын баса алмайды. Дегенмен сауатты қолданар болса, бұл тәсілді де тиімді пайдалануға болады.

Жұмыс форматы тақырыбын қозғаған екенсіз, сіздер ең алғашқы болып Қазақстан теледидарына енгізген виртуалды жүргізуші туралы сұрақ қойғым келеді. Бұл өнімді алғаш жариялаған кезде сіздің виртуалды жүргізушінің ұйықтамайтынын, түнде де жұмыс істейтінін, ауырмайтынын, шаршамайтынын айтқаныңыз есімде. Карантин болатынын біліп, алдын-ала дайындалған сияқтысыз. Болашақ жоспарыңызбен бөлісе отырсаңыз, осындай техникалық жаңалықтар тағы бола ма? 

(Күлімсіреп. – авт. ескертпесі). Сіз виртуалды жүргізуші коронавируспен ауырмайтынын айтуды ұмытып кеттіңіз... Шынтуайтына келсек, біз жас әрі өршіл компаниямыз, алға қойған асқақ мақсатымыз – нарық көшбасшысына айналу. Ең соңғы технологияны пайдаланбай мақсатқа жету мүмкін емес. Осылайша, виртуалды жүргізуші идеясы пайда болды. Оны Гонконг телекомпаниялары өздерінің жұмысына енгізген еді. Біздің қай жеріміз кем? Көптеген сынақ жасап, идеяны жүзеге асырудың жолдарын іздедік. Нәтижесін білесіз: жобаны әзірлеу отандық IT мамандардың қолынан келді. Ал келесі қадамымыз – қазақ тілінде сөйлейтін виртуалды жүргізуші жобасын жасау. Тек бір мәселе, орыс, ағылшын немесе испан тілінің цифрлық нұсқасы болғанымен, қазақ тілі әлі цифрланбаған. Біз бұны да жүзеге асырмақ ойдамыз.

Тағы бір жобаны жүзеге асыру жоспарда бар, бірақ ол туралы айтуға әлі ерте. Әзірше, тестілеу сатысынан өтіп жатыр. Оны жүзеге асырған кезде, отандық теледидар нарығында шағын революция орнайды.

Бұл не болды екен?! Мүмкін жасанды интеллект саласына қатысты шығар?

Бір жағынан солай деуге де болады, өйткені бүгінде БАҚ digital бағытқа көшуде. Жақын арада бұқаралық ақпарат құралдарының модельдері өзгереді. Бүгін телеарналарды таңдау белгілі бір сұраныс бойынша жүзеге асырылып жатқанын көріп отырмыз. Яғни, телевизияның жаңа түрлері пайда болады, олар адамның жеке қызығушылығына бағытталады.

Сондықтан бүгінгі таңда көп жанрлы дәстүрлі телеарналардың орнына белгілі бір салаға маманданған, адамдардың ерекше мүдделеріне жауап беретін телеарналар келеді. Енді журналистке тек материал жазу негіздерін біліп, жаңалықты аналитика мен репортаждан ажырату ғана емес, белгілі бір салаға мамандану маңызды. Егер банк немесе экономика саласының маманы болсаңыз, журналистік шеберлік сізге маңызды ақпаратты адамдарға жақсырақ жеткізуге көмектеседі. Бүгінгі таңда көрермендер әуесқойларды тыңдауға қызықпайды, олар үшін оқиғаға кәсіби тұрғыда баға бере алатын адам қажет.

Мұны тек тақырыпты ішінен білетін әрі оны жақсы түсінетін журналист дұрыс жеткізе алады. Мысалы, сұхбат жанры біздің қызметтің биігі. Бұл жерде журналист сұхбат берушіні ашу үшін ол адамнан эмоционалдық жағынан жоғары болуға тиіс. Журналист көрерменге толық ақпарат беру үшін осы проблемаға дендеп еніп, сұхбат берушіні тыңдай білуі керек. 

Жақында арнаның көрші Қырғыз елінде хабар тарата бастайтынын холдинг мәлім етті ме? 

Ия, бүгінгі күні екі ел арасындағы қаржы-экономикалық байланыстың өте тығыз екенін көріп отырсыздар. Қос республиканың да бизнес құрылымдары өсіп келеді. Сондықтан бизнес-аудиторияға бағытталған біздің бизнес-контентіміз сұранысқа ие болмақ. Алдағы жоспарымызда Өзбекстан және жалпы Орталық Азияда елдеріне хабар тарату тұр. Содан кейінгі міндет – Еуразияны қамту. Болашақта BBC мен Bloomberg тәрізді бүкіл әлемге хабар тарата аламыз деп үміттенеміз. Алға жаңа мақсат қоюдан қорықпау керек!

Күлпаш Коңырова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу