Қанат Сахария: Халық сенуге болмайтын, тексерілмеген ақпараттардан жалығады

2350

Медиа индустриядағы трендтер мен аудиторияның талап-тілектері туралы.

Қанат Сахария: Халық сенуге болмайтын, тексерілмеген ақпараттардан жалығады

Саяси транзит кезеңінде медиа саласы қалай күн көруде, оларға биліктің көзқарасы өзгерді ме, болашақта бұқаралық ақпарат құралдары трансформацияға ұшырай ма, "Сарапшылар Telegram-ы" дәстүрлі БАҚ-қа балама бола ала ма? Бұл туралы ATAMEKEN BUSINESS медиахолдингінің бас директоры Қанат Сахария inbusiness.kz порталына берген сұхбатында айтты.

– Қанат Ақылбайұлы, "Медиа құрылтайда" елдегі саяси транзит және ол алып келген "жылымық" кезеңі туралы айтылды. "Жылымықтың болғаны жақсы. Бірақ алда аяздар бар" деген де пікір естідік. Сіздің ойыңызша саяси транзит медиа нарығына әсер ете ме?

– Бастысы бұл қоғам үшін де, медиа үшін де жаңа құбылыс. Біз тәжірибемізді арттыра бастадық. Маңыздысы әр редакция билікте қандай өзгерістер орын алып жатқанын түсіну керек. Меніңше нақты түсінік жоқ, әркімнің ойы әр түрлі. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруды мысалға алсақ, біреулер"билік пен қоғамның арасында диалог жүргізу үшін қажет" дейді. Ал өзгелер "Парламент қызметін дұрыс атқара алса, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрудың қажеті болмас еді" деген пікірде. Алайда осы кеңестің қызметіне сұраныс арта түскенін ескерсек, біз белгілі бір транзитті бастан өткерудеміз. Менің ойымша "Ақорда мен кітапхананың қайсысы маңызды?" деген сұрақ қою дұрыс емес. Бірінші орында әрқашан халық болуға тиіс.

Мен үшін ең маңыздысы – біздің аудиториямыз. Біз оларға ақпарат таратуымыз керек. Әркім өз ісімен айналысу керек. Билік транзиті туралы ойлау – саясаттанушылардың ісі. Медиаменеджер ретінде менің міндетім – іскер, интеллектуалды деңгейі жоғары адамдарға қызықты медиа жасап, редакцияны тәуелсіз қаржымен қамтамасыз ету. 

– Мемлекеттің медиаға деген көзқарасының өзгергенін БАҚ сезіне ме?

– Биліктің БАҚ-пен жұмыс істеу тәртібі өзгерді. Қазір "сайттан алып тастаңыз, эфирден көрсетпеңіз" деген қоңыраулар жоқ. Әріптестерімнің оларға осындай өтініштер түсті деп айтқанымен келіспеймін. Бізден өтінбейді немесе өтінсе де бұрынғыдан азырақ. Әрі бұл өтініштердің екпіні де төмен. Бұл биліктің БАҚ-қа деген көзқарасының өзгергенін байқатады. Бастысы – медиа саласының мамандары "енді қолымыз байлаулы емес" деп ойламаса болғаны. Ақпарат құралдары белгілі бір тәртіп негізінде, ұйымдасқан түрде ешбір қауесетсіз жұмыс істеуі керек. 

– Сіздің ойыңызша БАҚ қалай өзгереді? Дәстүрлі қалпын сақтап қала ма?

– Менің ойымша, жуырда ақпарат құралдарының көбеюінің нәтижесінде тақырыптық бөлініс пайда болады. Бұл үдеріс қазірдің өзінде басталып кетті. Салалық БАҚ-қа сұраныс артады. Telegram коммуникацияның жаңа түріне айналып, халық көптеген арнаға жазылуда. Олардың көбіне қоғамның сенімі төмен. Соған қарамастан бұл баламалы ақпарат көзі. Telegram желісінің халық арасында танымалдығы салалық арналарға сұраныстың жоғары болуына байланысты. Адамдар оларға өздерінің қызығушылықтарына қарай жазылады. Мәселен, Atameken Business телеграм-арнасы іскерлік ақпараттар таратады. Сыбыстар мен қауесеттерге негізделген топтар бар. Дәстүрлі ақпарат құралдары – телеарналар, баспасөз, радио мен ақпарттық сайттарда да салалық бөлініс қалыптасты. Бұл жердегі өзекті мәселе медианың көрерменнің қызығушылығына қарай ақпарат таратуы. Олар билік туралы емес, жеке аудиториясының үдесінен шығуды ойлауы керек. Ал қаржы тарту – ол бөлек мәселе. Өзге бизнес түрі сияқты БАҚ үшін де ол маңызды. Кім ақша төлесе – сол контентті таңдайтыны түсінікті. Егер БАҚ жарнама тарту арқылы тәуелсіз медиаға айналса, оның тақырып таңдауы, жаңалық ауқымы кеңейеді. Билік транзиттік кезеңде ақпарат құралдарына осындай мүмкіндік беруі керек.

– Медианы алға жылжыту құралы ретінде көптеген ақпарат құралдары Telegram мен YouTube желілерін  пайдаланады. Бұл табыс табуға мүмкіндік бере ме?

 – Телеграм-арналар әлеуметтік желі сияқты. Олардан аса үлкен көлемде қаржы түспейді. Мысалы, біз үшін табыстың басым бөлігі – телеарнадан, одан кейін – порталдан түседі. Әлеуметтік желі мен телеграм-арналар бұл коммуникацияның жаңа түрі. Неге БАҚ-қа оларды меңгеру керек? Себебі олардың әрқайсысы ерекшеліктеріне байланысты жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Меніңше әр медиаменеджер өзі басшылық ететін БАҚ-тың телеграм-арнасына назар аударуға тиіс. Себебі жазылушылармен коммуникация телефонға келетін жеке хабарлама үлгісінде жүзеге асырылады. Яғни, хаттар легі өзі сенетін досынан немесе танысынан келіп жатқандай. Телеграм-арнаның басты ерекшелігі осы. Оқырман мен көрермен БАҚ-тың жеке телеграм-арнасына жазылғаны – осы редакцияға сенім білдіргені. Мысалы, біздің 18 мың жазылушымыз бар. Бұл ақпарат құралдары телеграм-арналары арасында ең жоғарғы көрсеткіш. Мен мұны мақтанышпен айтамын. Демек халықтың сеніміне кірдік. Біз әрбір адамның уақытын сыйлаймыз. Тек пайдалы ақпарат беруге тырысамыз. Бұл арнаның қалай дамитыны – уақыт еншісінде. Оны қазір монетизацияға шығаруды көздеп отырған жоқпыз. Бірінші кезекте нарықты түсініп, игеруп алу керек. Тек содан кейін табыс табу жолдарын ойластыру қажет. Болашақта Facebook, Instagram, "ВКонтакте" желілері де сегментацияға ұшырайды. Қазір әлеуметті желілерге ақпараттардың барлығы жүктеле берсе, ертең салаланған жаңа желілер пайда болады. Қазірдің өзінде қолданушылардың кейбір әлеуметтік желілерге деген қызығушылығы төмендегені байқалады. Бұрын белсенді болған көптеген адамдар әлеуметтік желіден бас тартуда. 

– Бұл жағымсыз ақпараттардың көп болып кеткенімен байланысты емес пе?

– "Ұйықтар алдында Facebook-ті оқыма" деген тіркес бар. Жағымды жаңалықтар баяу қабылданады. Ал жағымсыз жаңалықтар жылдам тарайды. Facebook-те ақпаратты тұтыну нарығы осылай қалыптасқан. Instagram – бұл "эмоцияға толы алаң". Telegram-арналардың  90%-ы қауесеттерге негізделген. Болашақта халық бас тартып, жазылушылар саны қысқарып, жабыла бастайды, деп ойлаймын. 

– Бұл қоғамда сапалы ақпараттарға деген сұраныстың арта бастағаны ма?

 – Ондай сұраныс бұрын да болған, бар және қазір артып келеді. Халық сенуге болмайтын, тексерілмеген ақпараттардан жалығады. Бүгін бізге Internews-тің зерттеуін көрсетті. Одан халықтың белгілі бір бөлігі БАҚ-тан алатын ақпараттарға күмәнмен қарайтыны, тіпті оны қайта тексеруге талпынбайтынын байқауға болады. Ал көрермен мен оқырманның тағы бір бөлігі ақпарат күмән туғызса немесе толық болмаса өзге дереккөздерден қосымша мәліметтер іздейтінін жеткізген. Демек, біреулерге бәрі бір, өзгелер шынайы деректер іздейді.

– Қазір сарапшылар, оның ішінде қаржыгер, экономистер Telegram-арналарын ашуда. Олар бұл арнада қандай да бір мәселелер төңірегінде жедел түрде ойларымен бөлісіп отырады. Ал журналистердің контент жасау жолы мүлдем басқа және ұзақтау. "Сарапшылар Telegram-ы" дәстүрлі медиаға балама бола ала ма? Аудитория БАҚ-тан осы алаңға кетіп қалуы мүмкін деген қауіп-қатер бар ма?

– Мен мұндай арналарды БАҚ-қа қандайда бір қатер төндіреді деп қарастырмаймын. Кез келген ақпарат құралы нарықтағы жаңа технологияларды пайдалануға тиіс. Өздерінің арналарын ашып, пікірін жүктейтін сарапшылар мәтіндерін мақұлдатып отырмайды, өзгеге жауапты емес. Сондықтан олар тез арада арнасына ақпартты жүктей алады. Тек көбірек жазылушылар тартуды көздейді. Ал медиа үшін бастысы – кім бірінші болып сапалы, бірегей, эксклюзивті ақпарат таратады. Меніңше бұл да қалады. Арна авторлары да жалығады. Себебі редакция жасайтын жұмысты жалғыз істей алмайды. Кәсібилік дегеніміз не? Ол нәтиженің тұрақтылығы. Кез келген адам қателеседі. Егер сарапшылар қателесе бастаса оған аудиторияның сенімі азаяды. Сонымен қатар адам шаршайды. Мен осындай арналар ашып, оларды жүргізуден жалығып, сатып жіберген бірнеше адамды танимын. Соңында олар жабылып қалды. Бұл жерде ақша табу мәселесі бар. Telegram санаулы адамға ғана табыс әкелуде. Кез келген жерден қаржы ағынын қарастыру керек. Егер ақша болса іс алға басады, болмаса – жабылады. Қандай медиа туралы айтсақ та, оның артында қомақты қаржы тұрады. 

– Форум сессияларының бірінде "көлеңкеден шығу" туралы айтылды. Яғни, объективтілігі жоқ рейтингтер мен жалған қаралымдар туралы пікіріңізбен бөліссеңіз?

– Қазіргі кездегі негізгі нарық – бұл телеарналар мен интернет-сайттар. "Кім қалай дауыс беретіні емес, оларды кімнің растайтыны маңызды", деген сөз тіркесі бар. Редакция қандай контент жасайтыны емес, қаралымдар мен рейтингтер қалай есептелетіні маңызды. Бұл тағы да ақша мәселесіне келіп тіреледі. Телебағдарламалардың қаралымдар мен сайтқа кірген оқырмандардың саны – нарықтық валюта. Медиа бұл сандарды жарнама берушілерге сатады. Ол өз кезегінде телеарна мен сайттың даму болашағына әсер етеді. Сонымен қатар медианы бағалау – бұл ұлттық ақпараттық қауіпсіздікке қатысты мәселе. Өйткені мемлекет БАҚ-қа ақпарат орналастырар кезде, осы сандарға сүйенеді. Телевизиялық рейтингтер мен қаралымдар – бұл нәтиженің көрсеткіші. Қазақстанда телерейтингтерді анықтайтын тек бір мекеме бар. Ол TNS Central Asia компаниясы. Ал интернет-сайттар нарығында мемлекет пен жарнама беруші көрсеткіштерін негізге алатын ортақ жүйе жоқ. TNS Central Asia компаниясымен телерейтингтерді жетілдіру мен олардың шынайы болуына қатысты мәселелер төңірегінде  ұдайы байланыстамыз. Ал интернет-сайттар бойынша диалог жүргізетіндер жоқ. Биыл olshem.kz жобасы аясында 25 сайт бірігіп, деректерді ашық көрсете бастады. Алайда бұл көрсеткіштер Google Analytics пен "Яндекс.Метрика" ұсынып отырған мәліметтерге сәйкес келмейді. Бұдан бөлек zero.kz ресурсы бар. Осы жүйе арқылы көпшілік оқырмандар санын анықтап отырады. Мемлекеттік тапсырыс берушілер де осы жүйені негізге алады. Әйтсе де  zero.kz көрсеткіштері де Google Analytics пен "Яндекс.Метрика" деректеріне сәйкес келмейді. Яғни, бұл салада нақты құрал жоқ. Сондықтан жарнама берушілер қазір сайттар бойынша объективті көрсеткіштер ұсынатын жүйе іздеуде. Біз сайттарға бірігіп, деректерді ашық жариялауды ұсынғанымызда барлығы бірдей келісе бермейді. 

– Оның себебі неде?

– Себебі оларда нақты жарнама берушілермен жұмыс жасауда белгілі бір үлгі қалыптасты. Сондықтан олар сандық мәліметтерін көрсеткісі келмейді. Біреулері ақпарат беруге дайын болса, кейбірі дайын емес. Бірақ біз оларды мәжбүрлей алмаймыз.

 – Оқырмандар рейтингтердің объективтілігін қалай анықтайды?

– Егер де біздің сайттарымызда шынайы, түсінікті өлшемі жүйесі болса, онда жарнама беруші белгілі бір БАҚ туралы көбірек мәлімет алып, оған сенім артар еді. Сондай-ақ, жарнамаға бюджет бөлінер еді. Қаржысы бар БАҚ оқырманның ақпараттық қажеттіліктерін барынша қанағаттандыра алады. БАҚ дегеніміз не? Әлеуметтік құрал ма? Бизнес пе? Бұл жерде сұрақ дұрыс қойылмаған. Себебі оларды бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайды. Егер ақпарат құралдарын мемлекет қаржыландыратын болса, онда бұл салық төлеушілер есебінен өмір сүретін мемлекеттік БАҚ. Яғни, оны әлеуметтік институт деп те атауға болады. Егер бұл жеке ұйым  болса, онда бұл бизнес. Егер бизнес ақша таба алмаса және журналистерге ақша төлей алмаса, онда ол жабылады.

Журналист ретінде әлеуметтік қызмет ете отырып түйіткілді мәселелерді қозғау, жариялау, көрсету арқылы ақпарат құралдары ақша таба алуы керек. Бүгінгі күннің ақиқаты осы, оны да түсіну керек. 

-Әңгімелескеніңізге рақмет! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу