"Кейбір инвесторлардың қазаққа деген пиғылы теріс"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3107

Marsel Petroleum мұнай компаниясының президенті, меценат Махмұт Нәлібаев inbusiness.kz-ке сұхбат берді.

"Кейбір инвесторлардың қазаққа деген пиғылы теріс"

– Махмұт Ыбырайханұлы, Сізді мұнай-газ саласының белді ойыншысы ретінде жақсы білеміз. Қазір бұл салада қандай жобаларыңыз бар?

– Біз негізінен жаңа жобаларды қолға алып жатырмыз. Көбінесе барлау жұмыстарымен айналысамыз. Елімізде зерттелмеген кен орындары өте көп. Соларды барлап, зерттеп, жерасты қорын анықтаймыз. Содан соң оны игеретін инвестор іздейміз. Қазір Атыраудағы бір жерді барлап жатырмыз. Өткен ғасырдың 40-ыншы жылдары барлау жүргізіліп, тоқтап қалған екен. Соны жалғастырудамыз.   

– Жалпы, жобаларыңызға қай елдің инвесторлары қызғушылық танытуда?

– Үш-төрт жылдан бері инвесторлардың легі саябырсып қалды. Бұрын Голландия, Германия секілді Еуропа елдерімен жұмыс істесек, қазір нарықта Қытай инвесторлары жүр. Солармен жұмыс істеген болып жатырмыз.

– "Жұмыс істеген болып жатырмыз" деп екіұштылау айттыңыз ғой...

– Қазіргі инвесторлармен жұмыс жүргізу қиын.

– Несі қиын?

– Кейбір инвесторлардың қазаққа деген пиғылы теріс. Отандық кәсіпорындарға қысым көрсеткісі келеді. Үстемдік танытып, тәлкекке салуды көздейді. Біз бұған көнбейміз, әрине. Инвесторлардың ығына жығыла беруге болмайды. Сондықтан шығынды болса да, кейбір жобаларды тоқтатып қоюға тура келеді. Қаржы салып отыр екен деп, оларды тайрандатып қоюға болмайды. Қазір біз ақша үшін инвесторлардың дегеніне көнсек, келешек ұрпаққа түк те қалмайды. Инвесторларға қатысты қиындықтар бар. Оның несін жасырамыз.

– Қытайдан бөлек, өзге елдерден инвестор неге тартпайсыздар?

– Қазір Үндістан мен Біріккен Араб Әмірліктерімен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Алдағы бір-екі жылдың көлемінде аталған елдердің инвесторларын тартатын шығармыз.

– Біздің мемлекеттік органдар тарапынан бюрократиялық кедергілер жоқ па?

– Жоқ. Олар бізді әрдайым қолдап отырады. 

– Инвесторларға қатысты қиындықтарды тарқатып айтып беріңізші.

– Шыны керек, батыс елдерімен жұмыс істеген өте тиімді еді. Ал шығыс елдерімен жұмыс жүргізу қиын боп тұр. Нақты мысал айтатын болсам, шығыс инвесторлары көп жағдайда бекітілген келісімнен тайқып шыға келеді. Нарыққа кіргенше дұрыс жүреді де, діттеген мақсатқа жеткен соң небір құйтырқы әрекетке барады. Мәселен, компанияның қазақстандық үлесінің бір бөлігін Сингапурға шығарғанбыз. Инвесторлар "Қаржыны сол жақта жаратып жатырмыз" деп Қазақстанға жетпеген қаражатты мойныңа алып, қол қойып бер дейді. Қол қоймасақ, шантаж жасайды. Біз өз есебімізді жібермес үшін заң шеңберінде әрекет етіп, күмәнді деген орындарға өз адамдарымызды отырғызып жатырмыз.

– Махмұт Ыбырайханұлы, қазақтың мұнайы қанша уақытқа жетеді? Түбі көрінетін күн жақын емес пе?

– Жоқ. Қазақстанның мұнайын барлау керек. Егер зерттемесек, бұл мақсатқа қаржы салмасақ, жаңа жобаларды қолға алмасақ мұнай таусылады, әлбетте. Қазақтың жері кең ғой. "Қара алтынның" қай жерде жатқанын барламаса, ешкім де білмейді.

– Барлау жұмыстарына қанша қаржы жұмсайсыздар?

– Әр жобаға кем дегенде 300-400 млн доллар жұмсалады. Барлау жұмыстары нәтижелі болса жақсы. Кейде түк шықпай, қаржының бәрі құмға сіңіп кететін кездер болады. Барлау дегеніміз – тәуекел. Ал тәуекелсіз тағы болмайды.

– Белгілі жобаларыңыздың бірі "Марсел-су" еді. Зауыттың қазіргі жағдайы қалай?

– Зауыт тоқтап тұр. Консервацияға қойдық. Минералды, шипалы суымызды алғаш болып Ресей мен Қытайға экспорттап едік. Өкінішке қарай, кедергілер шығып, жұмыс жүрмей қалды. Кінә дистрибьюторлардан болды. Олар Қытайға біздің судан бөлек, басқа да өнімдерді апарған екен. Сол өнімдерден кемшілік шығып, барлық тауар тәркіленіп, процесс тоқтап қалды.

– "Марсел-су" ішкі нарықта неге таралмаған?

– Нарықта жүргенімізге 7-8 жыл болды. Бірақ халық көп жағдайда бұған дейін таралып кеткен "Tassay", "Әсем-ай" секілді брендтарды таңдайды. Ал жаңадан шыққан дүниелерге аяқ баспайды. Арақтың жаңа түрі шықса, ескісіне "самопал" деп қарайтын тұрғындардың минералды суға келгенде осылай енжарлық танытатыны бар. Сапаға басымдық бермейді. Өнімімізді тарату үшін көп жұмыс істедік. Бірақ, салған қаржы өзін-өзі ақтамады. "Жатып қалды, қатып қалды" деп соңы сиырқұйымшақтанып кетеді, әйтеуір. Сол себепті экспортқа басымдық бергенбіз. Біздің "Марсел-су"-дан бөлек, басқа да жобаларымыз бар. Бір жобаның төңірегінде айналсоқтап тұрып қалуға болмайды. Зауытты консервацияға қойғанымыз да сондықтан.

– Сіз кезінде Алаш қайраткерлері шығарған "Қазақ" газетін қайта жандандырдыңыз. Әдетте, бизнесмендер уақыт, қаржы тұрғысынан өзін-өзі ақтамайтын мұндай жобаларға қызықпайды ғой. Сіз не үшін мұндай қадамға бардыңыз?

–  Намысқа тырыстық. "Қазақ" 100 жылдан аса тарихы бар төл газетіміз ғой. Далада қалмасын дедік. Газет шығып жатыр. Тегін таратылады. Өмірде ақшадан да маңызды дүниелер бар. Соның бірі – ұлт руханиятына қызмет ету. Біздің қадам да сол ниеттен басталған еді. Газет бізге пайда әкелмесе де, шыға береді.  

– Алтын уақытыңызды бөлгеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу