Еліміздегі облыс әкімдері орынбасарларының ішіндегі ең жасы – Асхат Оралов. 29 жастағы шенеунік Павлодар облысының әлеуметтік мәселелер блогына жауапты. Ол бұл қызметке осы жылдың сәуірінде тағайындалған болатын. Жаңа орында үш айдан аса жұмыс істеген Асхат Ораловпен арнайы жолығып, сұхбаттастық.
– Асхат Раздықұлы, жаңа қызметіңіз қалай? Қиын емес пе?
– Қиын емес. Бұл қызметке ауысуым президент сайлауымен дөп түсті. Сондай-ақ қоғамдағы әлеуметтік мәселелер әбден шиеленіскен тұста келдім. Жұмыстың нағыз қызған шағында келдім десе де болады. Өңірдегі өзекті әлеуметтік мәселелердің рет-ретімен шешілуіне мұрындық болудамыз.
– "Жаспын ғой" деп өзіңізге "аванс" берген кездер болды ма?
– Әрине, жоқ. "Жаспын ғой" деп өзіме ешқашан "аванс" берген емеспін. Өйтетін болсам, жұмысым алға баспай, артылған сенім ақталмай қалады ғой. Керісінше, өзің туған өлкеде жұмыс істеу екі есе жауапкершілікті талап етеді. Жалпы, жүктелген жұмысты діттеген жеріне жеткізбей емес, асыра орындағанды жақсы көремін.
– Қазақстан бойынша облыс әкімдері орынбасарлары ішіндегі ең жасы – өзіңіз. Қызметтік мансабыңыздың күрт көтерілуіне не себеп болды? Әлде кім дегенім дұрыс па?
– Біздің елде жастарға ерекше қамқорлық жасалған. Қазір Тәуелсіз елде туып-өскен ұрпақтың өкілдері жауапты жұмыстарға араласа бастады. Осы буынның өкілі болғанымды мақтан тұтамын.
Мектепте тегін білім алдық. Жоғары оқу орнын мемлекеттік грантпен тәмамдадық. Магистратураны Мәскеуде оқыдым. 27 жасымда PhD докторы атандым. Мұның бәрін не үшін айтып отырмын? Қазақстанда оқимын, жұмыс істеймін деген адамға мүмкіндік көп. Бастысы ерінбеу керек. Өмірдегі жеңіс те, жеңіліс те адамның өзіне байланысты. Адамның бойында ынта болса, мүмкіндік өз-ақ келеді. Тек ниет түзу болсын.
Павлодар облысының басшылығы тарапынан жаңа қызметке ауысу туралы ұсыныс түсті. Ұсынысты қабыл алдық. Артылған сенімді ақтау үшін аянбай еңбек етіп жатқан жайымыз бар. Туған өлкемнің дамуына үлес қосу мүмкіндігі берілгеніне қуанамын. Әрине, жетілдіретін тұстарымыз әлі жетерлік.
– "Nurly Ertis" бойынша астаналық көпбалалы отбасыларды Екібастұз қаласына көшіруді қолға алдыңыздар. Бұл жобаны қандай мақсатпен аштыңыздар?
– "Nurly Ertis" – облыс әкімі Болат Бақауовтың бастамасымен қолға алынған пилоттық жоба. Мақсат – облысқа жұмыс күші көп өңірлерден адамдар тарту. Себебі, Павлодар облысында 25 мың бос жұмыс орны бар. 10 мың тұрақты жұмыс орны бос тұр. Бұл мәселені қазірден бастап шешуіміз керек. Сол үшін Нұр-Сұлтан қаласынан Екібастұз шаһарына 103 отбасыны көшіріп әкелдік. Бұл дегеніміз – 617 адам. Оның 189-ы – еңбекке қабілетті. 428-і – кәмелеттік жасқа толмаған балалар.
Көшіп келгендердің бәрі атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар тобына жатады. Балалар балабақшамен, мектеппен толықтай қамтылды. Еңбекке жарамды азаматтардың 43-і тұрақты жұмыс орнына тұрды.
Өңірдегі бос жұмыс орындарына қатысты мәселені шешуде "Nurly Ertis" жобасы маңызды әрі дұрыс қадам болды деп есептеймін. Адами капитал тұрғысынан алғанда бұл жоба облыстың дамуына ерекше серпін бермек.
– Көпшілік арасында "Nurly Ertis"-ке қатысты екі түрлі пікір айтылып жүр. Бірі бұл жобаны құптаса, екінші бір топ қарсылық білдіруде. Соңғылары "Қаншама павлодарлық отбасы баспанасыз жүр. Алдымен солардың мәселесін шешіп алмай ма?!" деген уәжді алға тартады. Бұған не дейсіз?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, "Nurly Ertis" жобасының мақсаты мүлде бөлек. Мақсат – Елордадағы көпбалалы отбасылардың мәселесін шешу емес, өңірдегі адами капиталды арттыру. Сондықтан бұл жобаға пәтер үлестіру деп қарамаған жөн.
Облыстағы көпбалалы отбасылардың жағдайына тоқталар болсам, жыл басынан бері 7099 отбасыға атаулы әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды. Атаулы әлеуметтік жәрдемақы алатын 621 адам жұмыспен қамтылды. Осы уақытқа дейін 246 көпбалалы отбасы баспанамен қамтылды. Жыл соңына дейін тағы ондаған пәтер беріледі.
– Төтенше жағдай орын алған Арыс қаласының балаларын жазғы демалысқа алып келдіңіздер. Бұл кімнің идеясы?
– Павлодар облысының әкімі тиісті тапсырма берді. Біз орындадық. 300-ден астам арыстық бүлдіршін облыс аумағындағы демалыс үйлерінде демалуда. Оларға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Алғашында 129 бала демалып қайтты. Екінші легпен 173 бала келді. Олар Павлодар облысының киелі, тарихи жерлерін де аралады.
– Алдағы уақытта арыстық балалар тағы келе ме?
– Біз айтылған уәдеде тұрып, 300-ден астам бүлдіршінді демалуға алып келдік. Қосымша тағы қажеттілік туындаса, қарастыруға дайынбыз.
– Павлодар облысы – бірде-бір Олимпиада жүлдегерін дайындамаған жалғыз өңір. Алда Токио Олимпиадасы келе жатыр. Бұл "рекордтың" мұрты бұзылатын күн туа ма?
– Бізде Олимпиада жүлдегері бар. Конькиші Людмила Прокашеваны қайда қоясыз.
– Ол қысқы Олимпиаданың өкілі ғой. Мен жазғы Олимпия ойындарын меңзеп отырмын.
– Жазғы Олимпиададан еркін күрес балуаны Дәулет Шабанбай бар.
– Дәулеттікі алты жылдан соң, қола медаль алған қарсыласы допингпен ұсталғаннан кейін бұйырған жүлде ғой. Айтпақшы, оның жүлдесі қолға нақты тиді ме?
– Бұл мәселе әлі шешіліп жатыр. Жуық арада бір жақты болады деп ойлаймын.
– Былтыр облыс орталығында Естай Беркімбайұлына ескерткіш қойылады деген сүйінші хабар тарап еді. Қойылған ескерткішті көрмедік. Бұл іс неге созылып кетті?
– "Рухани жаңғыру" аясында биыл орнатылады деген жоспар бар. Жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.
– Алдыңызда бірнеше кітап жатыр. Кімді оқып жүрсіз?
– Әртүрлі кітаптар оқимын. Қазір "Служение нации: 10 мировых примеров управления государством" деген кітапты оқып жатырмын.
– Алтын уақытыңызды бөліп, дидарласқаныңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Фархат Әміренов