"Қандас" сөзінен бас тарту ұсынылды

16641

Келер жылы оралмандардың бәрі "қандас" деп жаңаша атала бастамақ.  

"Қандас" сөзінен бас тарту ұсынылды

Құжаттарда солай жазылады. Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың "Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2021 жылға арналған өңірлік квотасын белгілеу туралы" бұйрығының жобасы жария етілді.

"2021 жылға арналған қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасының саны 1 426 адам; 2021 жылға арналған қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасының саны 6 039 адам болып белгіленсін", – делінген құжатта.

Нәтижесінде, шетелдегі қазақтар үшін де, сондай-ақ солтүстік өңірлерді қазақыландыруға үлес қосып, жұмыс күші басым оңтүстіктен қоныс аударушылар үшін де квота артады. Мысалы, 2020 жылы оралмандардың өңірлік квотасының саны 1 мың 378 адамды, ал қоныс аударушылардың квотасы 4 мың 750 адам болып белгіленді.

Бірақ бұл алдыңғы жылдардан әлдеқайда аз. Мысалы, 2018 жылы оралмандар квотасы – 2 мың 185 адамды, қоныс аударушылар квотасы – 7 мың 119 адамды, ал 2019 жылы тиісінше – 2 мың 31 және 6 мың 962 адамды құраған. Осылайша, үш жыл қатарынан төмендеумен болды.

Былтырға дейін елімізде осы қос квота тек Үкімет қаулысымен бекітілетін. Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, биылдан бастап, оны еңбек министрі өз бұйрығымен бекіте алатын болды.

"Неге қандасым деп атауым керек?"

Оралман сөзі атамекенге оралған қазақтарға ұнамады. Олардың айтуынша, бұл "кезінде қаштың, енді оралдың" дегенді бетіне басып тұрғандай. Олар ұзақ жыл жоғарыға хат жазып, сүйекке таңбадай теріс реңк-мағынаға ие осы терминнен арылтуды сұраған. Ақыры 2019 жылғы 19 қыркүйекте Президент Қ.Тоқаев "оралманнан" бас тартуды жүктеді.

"Тарихи Отанына оралған қазақтарға қатысты "оралман" терминінен бас тартып, "қандас" терминін қолдану керек. Жеті атасын білетін халыққа қандас деген ұғым жарасады", – деп жазды ол Twitter-де.

Әрине, басқа да нұсқалар болды. Мәселен, Моңғолиядан келген қазақ, заңгер Құрметбек Сансызбайұлы "этникалық қазақ" деген жөн екенін дәйектеді. Бірақ заңда Президент ұсынған нұсқа қабылданды.

Қазір де оған қарсылар табылады екен. Мысалы, белгілі заңгер Ержан Оралов Үкімет мүшелеріне хатында "қандас" сөзі заң ғылымының нормаларына қайшы екенін меңзеді. Мысалы, медицинада қандас – қан тобы ұқсас, бірге туған адамдарды білдірер еді.

"Қазақстан биыл "оралман" терминін "қандасқа" ауыстырғаны мәлім. Тиісті құжаттар, заңнамалық актілер 2021 жылдың 1 қаңтарында күшіне енеді. Ішкі істер министрі де 2020 жылғы 27 тамыздағы бұйрығымен "Қазақстан азаматтығына қабылдау... мәселелері бойынша өтінішхаттарды ішкі істер органдарының қабылдау, ресімдеу және қарау қағидаларына" түзетулер енгізді. Құжатта енді "қандас" деген термин қолданылады. Мен заңгер ретінде де, белсенді азаматтық ұстанымдағы қазақстандық ретінде де "қандас" терминін болашақта "отандастарға" ауыстыруды ұсынамын", – деді Е.Оралов.

Сонда бұл ұғыммен Отанға оралған барлық адамды қамтуға болады.

Неге заңгерлер қандас сөзіне қарсы? "Қандас" термині ұлттық заңнамада бұрыннан қолданылып келеді. Бірақ ол "оралман" дегенді білдірмейді. Мысалы: "Ерлі-зайыптылар қандас туыстар болып табылмайды, сондықтан олардың арасында туыстық қатынастар анықталуы мүмкін емес" ("Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау жөніндегі істер бойынша сот практикасы туралы" қаулысын өзгерткен Жоғарғы соттың 2018 жылғы 20 сәуірдегі №6 нормативтік қаулысы).

Сондай-ақ "Биологиялық туыстар – қандас туыстығы бар адамдар: ата-аналар, балалар, ата, әже, немерелер, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек, немере, шөбере аға-інілер мен апа-сіңлілер, нағашы ағалар, нағашы апалар, жиендер ("Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы" заңы).

Енді бұл құжаттарды болашақта мысалы, жасанды интеллект шет тілдеріне аударғанда "Супруги репатриантами родственниками не являются" деген сияқты қайшылықтар тууы мүмкін.

Министрлер не дейді?

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мұны өз бетінше емес, Парламенттің талабымен жасағанын айтты.

"Заң қабылдау Парламенттің құзырына жатады. "Оралман" сөзін "қандасқа" ауыстырған, 2020 жылғы 13 мамырда "ҚР кейбiр заңнамалық актiлерiне көшi-қон процестерiн реттеу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгізу туралы" заңын қабылдаған да – ел Парламенті", – деп қысқа қайырды ІІМ басшысы.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева заңгерлер ұсынысы қабылданбайтынын жеткізді.

"Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті "қандас" және "отандас" терминдеріне ғылыми-лингвистикалық сараптама жүргізіп, қорытынды берген. Онда "қандас" термині қаны бір, түбі бір, туыс дегенді білдіреді деген анықтама берілді. Ал отандас – ағайын дегенді білдірмейді, тек Отаны бір, бір жерде өмір сүретіндер деген сөз. Ендеше Қазақстанда өмір сүріп жатқан барша қазақстандықтар, соның ішінде өзге үлт өкілдері де бір-біріне отандас болып келеді. Сондықтан "қандас" терминін "отандаспен" алмастыру орынсыз. Әйткенмен, Қазақстанда қандастарды жан-жақты қолдау мақсатында құрылған "Отандастар қоры" бар. Қазіргі кезде ол қызметін жалғастыруда. Қандастарға қатысты өз ұсыныстарыңызды Нұр-Сұлтан қаласы, Д.Қонаев көшесі, 12/1" мекенжайына жіберіңіз", – деді А.Балаева.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Терминком "репатриант" сөзінің қазақша баламасы ретінде сонау 1997 жылы "оралман" сөзін ойлап тауып, бекіткенін еске салды. Ал 2009 жылғы 18 қарашадағы отырысында терминологиялық комиссия "оралман" сөзі қазақша да, орысша да қатар қолданылсын деген шешім қабылдады. Орыстілділердің тілін бұрап, "аралман" деуі сол кезден басталды.

Терминкомның түсіндіруінше, "Қазақ әдеби тілінің сөздігінде" қандас сөзіне 3 анықтама беріледі. Біріншісі – зат есім, яғни шығу тегі бір, бауырлас дегенді білдіреді. Мысалы, "Балалардың арасынан жақын достар ғана емес, алты атадан, жеті атадан табысатын қандас туысқандар да табылды" (М.Мағауин). Екіншісі – қанды көйлек дос, майдандас: "Қайратты туған қандасы, Тулама асау теңіздей. Ағызды анам көз жасын, Емшегін емген егіздей" (Ж.Саин, Таңдамалы шығармалары). Үшіншісі – кескілесе шайқасу, жанталаса күресу: "Жүр екеуі қандасып, Бірін-бірі ала алмай. Ызалы көзбен қарасып, Арбасып тұрған аңдардай (Қ.Аманжолов, Шығармалар жинағы).

"Жалпы, қандас сөзі орыс тіліне родственник, родственный болып аударылады. Қандас және онымен түбірлес "қандастық" сөздері салалық терминологиялық сөздікте – единокровный, кровный; единокровность (философия және педагогика) деп тәржімаланады. "Отандас" сөзін Үкімет жанындағы Республикалық терминологиялық комиссия 2016 жылғы 7 желтоқсанда "соотечественник" сөзінің аудармасы ретінде мақұлдады", – деген А.Райымқұлова қазіргі кезде "қандас" сөзін "отандаспен" алмастыру мүмкін еместігін мәлімдеді.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу