Қандастар Қостанай мен Солтүстік Қазақстаннан қашып жатыр

4521

Сондықтен ел Үкіметі бұл өңірлерге оралмандар үшін берілген квотаны едәуір азайтуға шешім қабылдады, деп жазады Inbusiness.kz

Қандастар Қостанай мен Солтүстік Қазақстаннан қашып жатыр

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолданыстағы "Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2021 жылға арналған өңірлік квотасын" өзгертуге кірісті. Ведомствоны бұған жатжұрттан ата-жұртқа оралғандардың негізінен, климаты қолайлы оңтүстік өңірлерді, қазағы қалың аудандарды және елордаға іргелес облысты көбірек таңдауы итермелеп отыр.

Қандастар квотасы азайып, қоныстанушыларға көбейеді

Меморган қазақстандықтарды халқы тығыз өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті қоныс аударуға ынталандырмақ ниетте.

"Қазіргі кезде Қазақстан ішінде ерікті түрде өңіраралық қоныс аударушылар саны ұлғайды. Сонымен бірге Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында қандастардың өңірлік квотаны алуға өтініштер беру процесі төмендеді. Осыған байланысты Қостанай облысында қандастарға берілген 350 квотаның 180-і енді қазақстандық қоныс аударушыларға бөлінеді. Сондай-ақ, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының ұсыныстарына сәйкес, жергілікті бюджет есебінен қоныс аударушыларға арналған квоталар тиісінше 135 және 596 бірлік квотаға ұлғайтылатын болады", – деп түсініктеме берді құжатқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов.

Нәтижесінде, қандастарға арналған жалпы республикалық квота 1 426-дан 1 246-ға дейін азайтылады. Ал оңтүстік өңірлерімізден тұрғындары аз өңірлерімізге көшетін қазақстандықтарға арналған квота 6 039-дан 6 940-қа дейін көбейеді.

Қоныстанушылар қандай қиындыққа кезігеді?

Солтүстік өңірлерге бет қойған азаматтар қарапайым тұрмыстық жағдайлардың жасалмағанына шағымданады. Мысалы, 4 үйге даладағы бір дәретханадан келеді екен. Әсет Абдулла Тараздан Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданының әкімшілік орталығы – Талшық ауылдық округіне көшіп барыпты.  

"Билік қоныстанушылардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға мән берсе дейміз. Тараздан СҚО-ға қайта қоныстанғандарға мемлекет үй берді. Алайда тұрғызылған 4 үйге тек даладағы бір дәретхана қарастырылған. Қазіргі кезде үш үйде қоныстанушылар тұрып жатыр және барлығы бір әжетхананы пайданалады. Әр үйдің дәретханасы қоныстанушылар қоныстанғанға дейін жасалса керек-ті", – дейді ол.

Үй сапасына тұрғындар көп сын айтпайды, баспана берілгеніне риза. Ал дәретхананы ауылдықтар әдетте, өздері салып алатыны мәлім.

Әйткенмен, қоныстанушылардың үлкен бөлігінің шағымы дәл осы баспана сапасымен байланысты. Біразы үй жалдап тұруға мәжбүр. Ол жайында көп жазылды.

Жалпы, кейінгі жылдары оңтүстіктегілер теріскейдегі және күншығыстағы өңірлерге қоныстануға үлкен қызығушылық білдіріп, көз тігуде. Бұған Үкіметтің қолдау шараларын арттыруы да ықпал етсе керек. Бұл ретте елең еткізерлік үрдіс белең алып келеді: ертеректе қоныс аударып, жерсінген азаматтар жерлестерін өз айналасына тартып жатыр.

Талдықорғандық Алтынбек Өмірбек Алматы облысының бір топ тұрғыны Солтүстік Қазақстан облысына мекен ауыстыруға құштарланып отырғанын айтады.    

"СҚО-да қоныс аударудың өңірлік квотасы қандай аудандарға беріліп жатқанын білгіміз келеді. Мен Қызылжар ауданына көшіп баруды жоспарлап отырмын. Алайда оны жүзеге асыру мүмкін болмай тұр. Себебі, сол ауданның жұмыспен қамту бөліміне хабарласқанымда, "квота жоқ" деп хабарлады. Жыл бітпей жатып, квотаның түгесілгені несі? Отбасымызда 5 жанбыз. Қоныстанушыларға жаңадан баспана салынып жатыр деп әлеуметтік желіде бәрі айтып жүр ғой. Өтірік болғаны ма? Кәсіпкерлікпен айналысып, мал баққымыз келеді, оған қолдау көрсетсе", – дейді ол.

Қоныстанушыларға қандай қолдау көрсетіледі?

Қазақстандықтардан түскен сауалдарға СҚО әкімі Құмар Ақсақалов жауап берді. Оның айтуынша, 2017–2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың "Еңбек" мембағдарламасы аясында жұмыс күші мол өңірлерден ерікті түрде қоныс аударушыларға біріншіден, көшуге материалдық көмек беріледі.

Екіншіден, тұрғын үй жалдаса оның арендасы және коммуналдық қызметтерге ақысы бойынша шығындары бюджеттен өтеледі.

Үшіншіден, қажет болған кезде техникалық және кәсіптік білім алу үшін оқытуға және қысқа мерзімді кәсіптік курстарға жіберіледі. Төртіншіден, жаңа тұрғылықты жерінде жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу сияқты мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

"Көшуге материалдық көмек отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК мөлшерінде (2021 жылы 204 190 теңге) – бір рет төленеді. Тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығындарды өтеуге арналған материалдық көмек – ай сайын аударылады. Отбасы құрамы мен қоныстандыру орнына байланысты 12 ай бойы 15–30 АЕК-тен (43 755 – 87 510 теңгеден) төленеді. Тиісті жұмыс орнын таңдау үшін басқарма атына қандай да бір біліктілігінің болуын растайтын құжаттың көшірмесін жіберуі қажет. Мамандығы болмаса, орналасқан жері бойынша оқудан өтеді", – деді Қ.Ақсақалов.

Бизнеспен айналысқысы келетіндерге өз кәсіпорнын ашуға, ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыруға мүмкіндік бар.

"Бизнес-идеяларды іске асыру үшін 200 АЕК немесе 583 400 теңге мөлшерінде қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беріледі. Қоныстанушыларға жаңа тұрғын үй беру үшін облыстың барлық ауданында жаңа тұрғын үйлер сатып алынады. Биыл сатып алынған тұрғын үйдің негізгі бөлігі бағдарлама қатысушылары арасында бөлінгенін хабарлаймыз. Егер белгілі бір ауданда квота немесе бос жаңа тұрғын үй болмаған жағдайда, қоныстанушы басқа ауданға көше алады", – деді аймақ басшысы.

Жалпы, солтүстік және шығыс өңірлерді қазақыландыруға және тұрғынға толтыруға сүбелі үлес қосқысы келетін азаматтар осыған арналған 5 облыс әкімдігінің сайтынан тиісті ақпаратты біле алады. Мысалы, СҚО әкiмдiгiнiң жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының "Жұмыс күші артық өңірлерден оралмандар мен азаматтарды қабылдау" тарауында облыс аудандарындағы квота, туралы бос орындар, байланыс деректері бойынша ақпарат орналастырылады.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу