Қант тапшылығы қайдан шықты

3400

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев бүгінгі Үкімет жиынынан кейін базардағы қант бағасына қатысты ажиотаж туралы журналистер сұрағына жауап берді.

Қант тапшылығы қайдан шықты

"Үш айлық қор бар дегеніміз үш ай өткен соң қант таусылады дегенді білдірмейді. Мәселе түсінбеуден туындаған. Қазір түсіндіру жүргізіп жатырмыз. Біз тым көп уақытқа жететін қантты тасымалдап қоя алмаймыз ғой. Оған қойма жетпеуі мүмкін. Қазір үш айға жететіні дайын тұр. Қант алты-жеті ай өзімізден өндіріледі. Басқа мерзімде сырттан әкелінетін шикізаттан дайындалады. Қазір керек шикізат тоқтаусыз экспортталып тұр. Сондықтан алдағы уақытта да қант өндірісі тоқтамайды", – деді Сұлтанов тапшылық жоқ екеніне сендіріп.

Дегенмен оның айтуынша, баға өсуі мәселесі бар. Теңге құлдырап жатқанда қант та қымбаттамақ.

"Бірақ дәл қазіргі жағдайда қанттың көп мөлшерде қымбаттауы – ажиотаж салдарынан. Базарларда келісі 400-600 теңге арасында саудаланып жатыр. Алайда 900 теңге деген баға жоқ", – дейді ол.

Ол үй маңындағы дүкендер азық-түлік бағасына 15 пайыздан артық үстеме қоспауы керегін, негізсіз өсіргендер жазаланатынын еске салады.

Ауыл шаруашылығы министрінің сөзіне сүйенсек, елде жұмыс істеп тұрған төрт қант зауыты бар. Елге керекті көлемнің 40 пайызға жуығы өз ішіміздегі өнімнен жасалады. Қалған бөлігі Ресей мен Белорустан импортталатын шикізаттан дайындалады. 

"Азық-түлік қауіпсіздігін қамту мақсатында қантты өз өнімімізден өндіру көлемін алдағы бес жылда 80 пайызға жеткізуді жоспарладық. Қазір тағы бір зауыт салуды мақсат етіп отырмыз", – дейді Ауыл шаруашылығы министрі Қарашөкеев. 

Жасын Қалибек​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу