Төл дереккөздерімізге жүгінсек, ел басшылығы жұғысты, құлаққа сіңісті бола алмаған "Жаңа Қазақстан" және "Екінші Республика" деген терминдерден бойын аулақ сала бастағандай. Оның орнына енді "Әділетті Қазақстан" ұғымы қолданылады.
Мысалы, Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында Әділетті Қазақстан деген сөзді 8 рет айтты. Әрі жолдауын: "Әділетті Қазақстанды бірге құрайық!" деп аяқтады. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ бас ассамблеясының 77-сессиясының жалпы дебатында сөйлеген сөзінде де Әділетті Қазақстанды 3 рет ауызға алды. Жаңа Қазақстанды тіпті сөз етпеді.
Бірақ әділетке құрылған мемлекет қалыптастыру үшін билік пен халық арасында қоғамдық келісім болуы керек. Осы мақсатта Тоқаев "Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" атты биылғы жолдауында қаңтар оқиғаларына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасауды тапсырды.
Бұл тапсырма Президенттің 2022 жылғы 13 қыркүйектегі №1008 жарлығымен бекітілген Жолдауды іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 99-тармағына айналды.
Бірақ Үкімет оны орындауда шабандық танытып отыр.
Мысалы, Бас прокуратура "Рақымшылық жасау туралы" ҚР заңының жобасын да емес, ол бойынша консультативтік құжатын қоғам талқысына енді ғана шығарып отыр. Заң жобасы осы құжат мақұлданса жарияланатыны мәлім. Реттеушілік саясаттың консультативтік құжаты сонау 14 қазанға дейін қоғамдық талқылауда болады. Әйтпесе, шұғыл қабылдау қажет болса, мемлекеттік органдар 5 күндік талқылаумен шектелетін еді.
"Ашық нормативтiк құқықтық актiлердiң интернет-порталында заңға тәуелді НҚА жобаларын орналастыру қағидаларының" 2-тарауының 5-бөлімі осыған мүмкіндік береді. Президент тапсырмалары шеңберінде әзірленетін НҚА жобалары бойынша жария талқылау үшін орналастыру мерзімі 5 күнге дейін қысқартылады.
Оның үстіне талқыға шығарылып отырған құжатта: "Қылмыстық процесті жүргізетін органдар, сондай-ақ жазаны орындайтын мекемелер мен органдар заң қолданысқа енгізілген күннен бастап 6 ай ішінде оның орындалуын қамтамасыз ету үшін шаралар қолдануға тиіс" деп жазылған.
Соған қарағанда рақымшылықты бастап, жүзеге асыру да сонша уақытқа созылуы мүмкін.
Енді оған кімдердің ілігетініне келсек. Ол туралы Мемлекет басшысы жалпылама түрде айтып өтті. Президент рақымшылықты жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушыларға, сондай-ақ мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыпталғандарға қолданбауды жүктеді. Демек, Кәрім Мәсімов және онымен бірге ұсталғандар амнистия игілігін көре алмайды.
Сондай-ақ лаңкестік және экстремистік қылмыс жасағандарға, рецидивистерге, жұртты азаптағандарға рақымшылық болмайды.
Енді Бас прокуратура егжей-тегжейін жариялап отыр.
"Қаңтардағы оқиғалар бойынша ұсталғандарға қатысты іс жүргізуде рақымшылық жасауға жататын 391 қылмыстық іс бар. Олар бойынша 383 күдікті-айыпталушы белгіленген. Соның ішінде бұлтартпау шараларына тоқталсақ, ешқайда кетпеу туралы қолхатпен – 153-і босатылды. Қамауда – 147 адам, үйқамақта – 24 адам отыр. Кепілмен – 19, жеке кепілгерлікпен (личное поручительство) – 2 адам шығарылды. 28 адамға бұлтартпау шарасы таңдалмады. 10 адамға іздеу жарияланды", – деп мәлім етті ведомство.
Бұдан бөлек, Бас прокуратураның хабарлауынша, соттың қарауына 102 адамға қатысты 36 іс алынды. Бұған дейін соттар 1 035 адамды соттады. Бірақ оның ішінде 93-і бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуде. Басым көпшілігі – 930-ы пробациялық бақылауға шығарылды. 3-еуіне айыппұл салынды. 9-ы – қоғамдық жұмыстарға тартылған.
Құқық қорғаушылар амнистия ақтау еместігіне назар аудартқан. Яғни қаңтар оқиғаларына қатысушылар бостандыққа шыққанымен, сотталған адам ретінде қалуы мүмкін.
Дегенмен бірқатары одан арылуы ықтимал.
Бас прокуратураның түсіндіруінше:
· қылмыстық теріс қылықтар (уголовные проступки);
· онша ауыр емес;
· ауырлығы орташа;
· ауыр;
· аса ауыр қылмыстар жасаған адамдар рақымшылыққа ілігіп, соттылығы алып тасталады (исключение судимости).
"Қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдарды қылмыстық жауаптылықтан толық босату ұсынылады. Ал ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған адамдардың жаза мерзімі қысқартылуы мүмкін", – деген түсініктеме берді ведомство.
Бұл ретте рақымшылық:
· мемлекетке опасыздық жасауға байланысты қылмыстар жасаған;
· жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырған;
· сыбайлас жемқорлық қылмыстарды жасаған;
· террористік қылмысқа барған;
· экстремистік қылмыс жасаған;
· адамды азаптаған;
· қылмыстардың қайталануы немесе қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде жаза тағайындалған адамдарға (рецидивистерге) қолданылмайды.
Сарапшылар қару ұрлап, оны пайдаланбаған адамдар ерікті түрде қайтарса, оларды жазадан босату жайын қарастыруды ұсынған. Бұл жағы құжатта пысықталмапты. Бәлкім, Парламент қоса алар. Полиция мен ҰҚК департаменттерінен ұрланған 2 мыңға жуық атыс қаруы, соның ішінде пулемет пен гранатомет әлі күнге дейін қайтарылмаған деген дерек бар.
Жалпы бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы оныншы амнистия болмақ. Соңғысы 2021 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткізілген еді.
Бас прокуратураның әлгіндегі дерегіне жүгінсек, бұл жолғы рақымшылық ең аз адамды қамтуымен де ерекшеленуі мүмкін. Бұрын Қазақстанда ең аз адам іліккен рақымшылық 1994 жылғысы болатын. Онда 1 380 адам ғана бостандыққа шыға алды. 2011 жылғы ізгілік шарасының игілігін 3 702 адам көре алды. Қылмыскерлерді жаппай босатқан ауқымды рақымшылық 1999 жылы ұйымдастырылды. Бірден 53 113 сотталушы босатылды. Осы арқылы билік Қазақстанды жан басына шаққанда түрмедегі азаматтары ең көп елдердің сорақы рейтингіндегі масқара үшінші орыннан төмен түсіре алды.
Қазақстанда 64 түзеу мекемесінде және 16 тергеу изоляторларында шамамен 30 мыңдай адам ұсталады.
Әрине, бұл заң жобасын Бас прокуратура тезірек Парламентке енгізсе, депутаттар жылдамырақ қабылдаса, құба-құп.
Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің бағалауынша, Президент жолдауының саяси бөлігінде бірінші орынға мерзімінен бұрынғы президентік сайлауды емес, қаңтар оқиғасына қатысушыларға жариялаған рақымшылықты қоюға болады. Оның байламынша, ызғарлы қаңтарда көшеге шыққандардың дені лаңкестер емес, қарапайым қазақ жастары. Ал "қамауда отырған жігіттер өмірден де, шенеуніктерден де үміт үзген соң, әділдік пен жақсылықтан үміттену үшін көшеге шыққан".
"Рақымшылық туралы шешім қоғамдық келісімді нығайту, мемлекеттің жастарға және олардың болашағына сенім артатынын көрсету үшін жасалады. Бұл қадамның өте ауқымды, жаңа президенттік мерзімнен әлдеқайда ұзағырақ және дұрыс салдары болатынына сенімдімін. Сондықтан бұл қадамды биылғы жолдаудағы ең маңызды саяси шешім деп білемін", – дейді ол.
Бас прокуратураның тұжырымдауынша, жалпы алғанда, ізгілік актісі саналатын рақымшылықты қолдану тәжірибесі бүкіл әлемде кең таралған. Рақымшылық жариялау және қолдану жөніндегі халықаралық практикадан отандық заңнаманың қандай да бір ерекшеліктері жоқ. Бүкіл әлемде рақымшылық мемлекеттің ізгі ниетінің қадамы және мемлекет тарапынан құқық бұзушыларға мейірімділік пен олардың іс-әрекеттерін кешіру актісі ретінде қабылданады. Тек одан негізсіз қалыс қалғандар болмаса болғаны.
Жанат Ардақ