Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкіметтік комиссия қысқа мерзімде кәсіпкерлерге келтірілген залалды өтеу тетігін бекітті. Механизм 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін қарастырылған, деп жазды inbusiness.kz.
Өтемақы төлеу қалай жүзеге асырылады? Оның алгоритм қандай? Тоналған тауарлардың ақысын кім төлейді? Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасы арнайы брифинг ұйымдастырып, бизнес иелетін толғандырған сан сауалға жауап берді.
Өңірлік кеңес төрағасы Максим Барышевтің айтуынша өтемақы қолма-қол ақша түрінде, яғни кәсіпкердің банктік шотына тікелей аудару арқылы жүзеге асырылады.
"Қаржыны бөлу бойынша жауапкершілік облыс әкімінің орынбасары жетекшілік ететін Өңірлік комиссияға жүктеледі. Оның құрамына әкімдіктің, мәслихаттың, мемлекеттік кірістер және қаржы мониторингі органдарының, өңірлік кәсіпкерлер палатасының және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді", – деді палата өкілі.
Өтемақы қалай есептеледі?
Қазіргі кезде залал келтірілген бизнес 4 негізгі топқа жіктелген:
1. Ғимараттар мен құрылыстар;
2. Жабдықтар мен жылжымалы мүлік;
3. Тауарлар;
4. Растайтын құжаттары жоқ жағдайлар.
Бұл ретте Өңірлік кеңес төрағасы сақтандырылған мүліктен басқа жоғалған немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіру жұмыстарының құны толық өтеледі деп уәде берді. Бұл санатқа тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған көлік құралдары кіреді.
"Алайда оның жойылғаны, яғни, өртеніп кеткені дәлелденуі керек. Ал бұдан басқа жағдайларда іс қылмыстық заңнама бойынша тергеледі", – деді Максим Барышев.
Өтінішті қарау қанша уақытқа созылады және қаражат қашан аударылады?
Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетовтың айтуынша Өңірлік комиссиялар залалды өтеу туралы өтініштерді 5 күн ішінде қарайды. Бекітілген жағдайда комиссия ұсынылған мәліметтер мен құжаттар негізінде қаражат бөлу туралы шешім қабылдап, соманы анықтайды.
"Ақша шешім қабылданған күннен бастап бір ай ішінде аударылады. Қаражат жылжымайтын мүлік иесінің өтінішінде көрсетілген ағымдағы немесе жинақ шотына аударылады", – деді палата басшысы.
Қандай құжаттар ұсынылуы керек?
Келтірілген залалды өтеу туралы өтініш электронды цирлы қолтаңбамен InfoKazakhstan.kz платформасы арқылы беріледі. Онда бірнеше құжат, соның ішінде меншік құқығын растайтын құжат болуы керек.
Мысалы, зардап шеккен ШОБ субъектісі мына деректерді көрсетуі керек:
- 2022 жылғы қаңтарда Алматы қаласында жаппай тәртіпсіздік қылмыстары бойынша қозғалған қылмыстық істер бойынша оны жәбірленуші деп тану туралы тергеу органы қаулысының көшірмесі;
- Мүліктің сақтандырылмауы туралы мәлімет;
- Ұсынылған құжаттардың дұрыстығы үшін қылмыстық жауапкершілік жөктелгенін иесінің білетіні туралы мүлік иесінің жазбаша қолхаты;
- Бағалау және сараптау ұйымдарына келтірілген залал мөлшері туралы мәліметтердің дұрыстығы үшін қылмыстық жауапкершілік туралы ескертілгенін растайтын жазбаша қолхат;
- Бүлінген немесе жойылған жылжымалы мүлік және тауарлар мен материалдар бойынша – бағалау актісі;
- Жоғалған (ұрланған) тауарлар мен материалдар мен жабдықтар бойынша – мемлекеттік кірістер органдарынан, фискалдық деректер операторларынан өткен жылдағы айналым сомалары туралы ақпаратты сұрауға және алуға келісім беру;
- Бар болған жағдайда, тәртіпсіздіктер нәтижесінде мүліктің бүліну, жойылу және (немесе) ұрлану фактілерін растайтын фото және бейне материалдар.
Қаржы залалдың 3 түрі бойынша беріледі
Атап айтқанда:
- Бүлінген жылжымайтын мүлікті қалпына келтіру немесе жөндеу құны есептеледі. Ең алдымен шығын сомасы сәулет және қала құрылысы саласындағы заңнамаға сәйкес жөндеуге кеткен шығындардың сметасымен расталуы керек. Ол үшін кәсіпкер: техникалық байқау актісін, қол қойылған және Өңірлік комиссия мүшелерінің мөрлерімен расталған ақаулық актісін; бүлінген мүлікті қалпына келтіруге арналған шығындар сметасы; мүліктің (тұрғын үйдің) техникалық паспортын ұсынуы тиіс.
- Жоғалған немесе жойылған мүлік иесі заңда белгіленген тәртіппен тиісті комиссияның қолы қойылған ақаулық актісін; "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының жылжымайтын мүлкінің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама ұсынуы керек.
- Бүлінген немесе жойылған жылжымалы мүлік және тауарлар мен материалдар бойынша өтемақы сомасы бағалаушы-аудиторлық ұйымдардың есебі негізінде бекітіледі. Олардың тізілімін әкімдік сайттарында жарияланады.
Құралай Құдайберген
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ
Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу