Қаңтарда қан жұтқан халыққа лайық демократиялық жаңғырулар қажет

6320

"Қасіретті қаңтар" оқиғалары билік пен қазақстандық демократиядағы қандай өзгерістерге әкелді? 2022 жылдың басында болған халықтық толқулар Қазақстанда салмақты өзгерістерге жол ашты. Соның бастыларына тоқталсақ...  

Қаңтарда қан жұтқан халыққа лайық демократиялық жаңғырулар қажет Фото: Максим Золотухин

Қазақ елінде қос билік жойылды

2019 жылғы 19 наурызда Қазақстанда билік транзиті өтті: Н.Назарбаев президенттік өкілеттігін мерзімінен бұрын доғаратынын жариялап, Конституцияға сай мемлекет тізгінін Сенат төрағасы Қ.Тоқаевқа тапсырды. Қасым-Жомарт Кемелұлы "тағайындалған" Президент болғысы келмей, қазақстандықтардың ықтиярын біліп, ақ батасын алу үшін кезектен тыс президенттік сайлауды жариялады. Нәтижесінде, 2019 жылдың 9 маусымындағы сайлауда жеңіске жеткен ол толық легитимді Президентке айналды. Дегенмен Елбасы туралы заңына сәйкес, биліктің біраз тетігі бірінші Президенттің қолында қалды.

"Жаңа сайланған Президент Тоқаевтың еншісіне тигені: мемлекет атынан сөйлейтін тұлға рөлін атқару, жалақыны, жәрдемақыны көтеру, полицейлердің аттестациясын әріге шегеру, экономикадағы реформалар туралы айту, бірақ саяси жаңғыру жағына көп тереңдемеу. Мұның бәрі саяси транзиттің конструкциясын орнықсыз, нәзік, сілкініс пен сынға шыдамай, опырылғыш күйге түсірді. Элита, шенеуніктер, эксперттер, қарапайым бұқара да Елбасының Тоқаевқа билікті біржолата бергеніне сенімсіз болды. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде бірінші Президент әне-міне Тоқаевты алып тастап, билік бишігін өз қолына қайта алады екен деген фейктер дүркін-дүркін таралып тұрды", – деп жазды өз талдауында америкалық Carnegie орталығы.

Саясаттанушылар Қазақстанда қос билік орнағаны туралы ашық айта бастады, себебі бірінші Президент саясат сахнасынан кеткен жоқ, Үкімет басшысы, Қорғаныс министрі, Сыртқы істер министрі, Ішкі істер министрі сияқты шешуші лауазымдарды кім ұстайтынын да сол анықтайтын. Бірақ Н.Назарбаев қос билік туралы тұжырымды "елімізде тұрақтылықтың болғанын қаламайтын адамдар таратқан өсек" деп атады.

 

"Бұл өсекті Қазақстанда тұрақтылықты қаламайтын адамдар қасақана таратады. Олар мұнда қос билік орнап, өзара төбелескенімізді қалайды. Олардың кім екені белгілі: қашқын ұрыларымыз, Отанды сатып кеткендер шетелде отырып, қауесетті қаулатады, халықтың тыныш өмірін бұзғысы келеді. Мұның ешқандай негізі жоқ. Себебі, Қазақстан президенттік басқару формасына ие унитарлы мемлекет. Президент Тоқаевты халық сайлады, Президент те сол", – деді Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы 11 қазанда Хабар арнасына сұхбатында.

Бірақ, ізінше ол Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы өзі екеніне екпін түсірді. Ал елдің ішкі және сыртқы саясаты мәселелерін де, сонымен бірге барлық ірі лауазымдарға кандидатураларды да осы кеңес айқындайтын. Бірінші Президент "Nur Otan" билеуші партиясының төрағасы да болды.

"Президент Тоқаев менімен кеңеседі, ал мен өзімнің өмірлік және практикалық тәжірибемнің биігінен оған тиісті ақыл беремін. Еліміз үшін лайықты кеңестер беремін. Кеңес деген бір басқа, ақырғы шешімді бәрібір кеңес алушының өзі қабылдайды емес пе? Біздің Президент өзінің күн тәртібінің бірінші пункті ретінде саяси сабақтастықты бекітті, енді соны өзі ұстанып отыр", – деді өз сұхбатында Н.Назарбаев.

Бұл мәлімдеме елде шынында кім басшы екеніне қатысты саясаттанушылар мен сарапшылардың байламын бекіте түсті.

Қазақстандағы билік транзитінен бері болған оқиғаларға зерттеу жүргізген ресейлік публицист, тарих зерттеушісі, "Трагический январь. Президент Токаев и извлечение уроков" кітабының авторы Леонид Млечиннің пайымдауынша, 2022 жылғы қаңтарға дейін Тоқаевтың маңызды тапсырмаларын Үкімет сөзбұйдаға салып, саботаж жасаған. Министрлер мен әкімдер Ақордадағы оның кабинетінен шыға салып, Назарбаевпен ақылдасатын болған. Зерттеушінің айтуынша, Қ.Тоқаев бірде биліктің кімнің қолында болатынына қатысты нақты айқындалу керектігін айтып, Н.Назарбаевқа мәселені төтесінен қойыпты.

"Тоқаев бірінші Президентке мынаны айтты: "Нұрсұлтан Әбішұлы, билікке қатысты айқындалғаныңыз жөн. Қазіргі қалыптасқан жағдай елді тұрақсыздыққа апарып соқтырады". Саясатта тәжірибесі мол, тісқаққан Назарбаев тікелей жауаптан тайқып, оны әзілге бұрып әкетті: "Менің міндетім – саған көмектесу ғой, мен сенің табысқа жетуіңе мүдделімін", – деп сырғытты", – дейді Л.Млечин.

Жалпы, құзыры жөнінен Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Н.Назарбаев Президентке билік етіп, соның үстінен қарайтын. Мұның бәріне ақыры қаңтар оқиғалары нүкте қойды. Алматыда, Шымкентте, Алматы, Қызылорда және басқа облыстарда бейбіт шерулер қантөгіске ұласқанда, 2022 жылғы 5 қаңтарда Қазақстан халқына үндеу жасаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы күннен бастап Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы өзі болғанын жариялады.

"Бұзақы топтардың әрекеттері жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көріп отырмыз. Бұл қаржыландырылған бүлікшілердің жан-жақты ойластырылған жоспары екенін дәлелдейді. Бұл – қаскөйлердің қитұрқы әрекеті. Сондықтан Мемлекет басшысы және бүгіннен бастап Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде барынша қатаң әрекет етемін. Бұл – өмірін қорғап қалуға өтініш білдірген көптеген азаматымыздың қауіпсіздігіне қатысты мәселе", – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Қазақстан жеке басқа табынудан бас тартты

Республикада бір адам отыз жылдан астам билік құрған заманда кеңес кезіндегідей жеке басқа табыну қайта өрістегені жасырын емес. Бірде бір министр, әкім не басқасы бірінші Президенттің рұқсатын алмай, ірі бастаманы бастамайтын, маңызды мәселелерде төл пікірін білдіре алмайтын. Зиялы қауым өкілдері, жазушылар, ақындар телеарналар арқылы Н.Назарбаевты "патшамыз" деп ашық атайтынды шығарды.

2000 жылғы шілдеде, яғни 60 жасқа толған мерейтойына орай Парламент оған ерекше құқықтар мен ешкімде жоқ артықшылықтар беретін "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті–Елбасы туралы" конституциялық заңын қабылдады, Ата заңға тиісті өзгеріс енгізді. Астанада, Талдықорғанда, өзге де өңірлерде Н.Назарбаевқа тірі кезінде ескерткіштер қойылды. Елорда Нұр-Сұлтан деп қайта аталды. Барлық ірі қалаларда орталық көшеге бірінші Президенттің есімі берілді.

Бұдан журналистер де зардап шекті. Тәуелсіз журналистика тұншықтырылды. Қылмыстық кодекстегі "Жала жабу" деп аталатын 130-бап ақпарат құралдарының кез келген өкілін түрмеге отырғызуға мүмкіндік беретін жазалаушы тетікке айналды (тек 2020 жылы ғана бұл бап декриминализацияланып, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне, ал бас бостандығынан айыру жазасы айыппұлға ауыстырылды). Шенеуніктерден сұхбат алу қиындады: Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі қабылданып, оған сәйкес, жоғарғы басшылықтың рұқсатынсыз мәлімдеме жасауға, түсініктеме мен ақпарат беруге тыйым салынды.

Қаңтар оқиғалары бұл салаға да демократия лебін әкелді. Мәжіліс таяудағы жалпы отырыстарының бірінде "ҚР Тұңғыш Президенті–Елбасы туралы" заңының күшін жоятын жаңа заңды мақұлдайды деп күтіліп отыр. Яғни, бірінші Президент Елбасы мәртебесінен және тиісті артықшылықтарынан жұрдай болады, заңнамадағы оның туыстарын қылмыстық қудалауға қойылған тыйым алып тасталады.

2022 жылғы 5 маусымдағы референдумда халық құптаған, жаңарған Ата заңға сәйкес, жаңа президенттердің де билікті ұзаққа меншіктеп алуына тосқауыл қойылды. Қазақстан Президенті енді тек 7 жылға сайланады. 

"Қазақстан Президенті "қаралы қаңтардан" дұрыс сабақ алды: бар билікті өз қолында шоғырландырған ол елде жеке диктатурасы режимін енгізген жоқ. Оның орнына теңдесі жоқ демократиялық реформаларға кірісті: артықшылықтардан, өкілеттіктердің біразынан бас тартты, Парламент пен азаматтық қоғамның рөлін күшейтті. Орталық Азия үшін ғажайып хикая: дәл осы Қазақстанда өз халқымен жеті жылдық контрактқа қол қойған Президент пайда болды. Хан емес, сұлтан емес, жалдамалы менеджер", – деді Л.Млечин.

Былтырғы 16 қарашада Алматы жұртшылығымен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік әділдікті – берекелі қоғам және мықты мемлекет құрудың маңызды бір шарты деп атады. Әділетсіз шығарылған шешім қоғамға іріткі салып, жұрттың наразылығын тудырады. Бұл Президентке де қатысты.

"Менің түсінігімде, Президент – жалдамалы менеджер, халық онымен белгілі бір мерзімге келісімшарт жасайды. Азаматтардың еркін таңдауының нәтижесінде елдегі ең жоғары мемлекеттік лауазымға ие болған адам миллиондаған отандастарының дауысымен бекітілген келісімшартқа қол қояды. Сондықтан Президенттің лауазымы – артықшылықтан бұрын зор жауапкершілік. Бұл қызметті атқарған және атқаратын әрбір адам ең қатал үш соттың – халықтың, тарихтың және өз ар-ұжданының алдында жауап береді", – деді Қ.Тоқаев.

Суперпрезиденттік билік жойылды

Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес. Алайда азаттықтың алғашқы онжылдықтарында Тәуелсіздік пен мемлекеттілікті нығайтуға ықпал еткен күшті президенттік институт саяси жаңаруға тежеу бола бастады.

Ал қаңтар оқиғаларынан кейін Қазақстан суперпрезиденттік биліктен бас тартып, күшті Парламенті бар президенттік басқару формасына көшуге ден қойды. Мұны Қ.Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы жолдауында: "саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жою" деп атады.

"Бүкіл құзырет бір қолда болуына негізделген басқару жүйесі қазір өзінің тиімділігін жоғалтты. Бұл жүйе көзқарасы мен ұстанымы әрқилы азаматтық қоғамды ұйыстыра алмайды. Сондықтан біз Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгерту үшін әр қадамды мұқият ойластыра отырып жасауымыз керек. Мен бұл жерде, ең алдымен, басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу туралы айтып отырмын. Мұндай жүйе билік институттарының тепе-теңдігі оңтайлы болуын қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септігін тигізеді", – деді Мемлекет басшысы.

Сондықтан ол өзіне бірқатар шектеу қабылдады. Бұл жаңашылдықтар референдум арқылы бекітілді. Мысалы, іс басындағы Президент бірде бір партияға мүше бола алмайды, мүшелігін уақытша тоқтата тұруға тиіс. Президент, сол сияқты Орталық сайлау комиссиясының, Аудиторлық палатаның, Конституциялық соттың төрағалары және мүшелері өз өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екені заң жүзінде рәсімделді. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Осылайша, еліміздің болашақтағы көшбасшыларының негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуына тоспа құрылады.

Барлық өкілеттікті бір қолға шоғырландыру аймақтарда да орын алған. Сол себепті әкімдер мен орынбасарларына партия филиалының басшысы лауазымын қатар иеленуге заң жүзінде тыйым салынды. Мұндай шешім көпполюсті партиялық жүйе қалыптастыруға жол ашады.

Айтқандай, жаңа партияларды тіркеу де айталықтай жеңілдеді.

Президенттің өкілеттігі неғұрлым көп болса, ол соғұрлым шексіз биліктің иесіне айналады. Сондықтан жаңғыру аясында Мемлекет басшысы облыс, мегаполис әкімдері шығарған актілерді жою немесе ондай құжаттардың қолданылуын тоқтата тұру құқығынан айрылды. Президент аудан, тіпті ауыл әкімдерін лауазымынан босата алмайтын болады.

Қаңтардан кейін әкім сайлауға да серпін берілді: ауыл, аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін жергілікті тұрғындар өздері сайлайды. Бірақ ел басшылығы облыс және мегаполистер әкімдері лауазымын сайлауға салудан бас тартты. Оның орнына жанама сайлау тетігі енгізілді: Президент облыс әкімі лауазымына 2 және одан көп кандидатураны ұсынады, жергілікті мәслихат депутаттары солардың ішінен бірін таңдайды.

Жаңа Қазақстан Сенатты таратуда батылдық таныта алмады. Былтырғы жыл басында саяси жаңғырулар басталғанда Еуропалық құқық және адам құқығы сараптамалық институтының директоры, профессор Марат Бәшімов "Бізге мұндай Сенаттың керегі қанша?" деп сұрақты төтесінен қойған болатын. Ғалымның осыған қатысты нақты қандай дәйектемелер келтіргені туралы Inbusiness.kz егжей-тегжейлі жазды. Оның үстіне сарапшылар Сенаттың бұрынғы әкімқаралардың және ірі лауазымды шенеуніктердің үлкен саясаттан кейінгі тыныш өмірін өткізетін орынға айналып кеткеніне назар аудартады. Мысалы, бүгінде сенаторлар арасында Білім және ғылым экс-министрі, Энергетика министрінің бұрынғы жауапты хатшысы, СҚО, Маңғыстау және басқа облыстардың бұрынғы әкімдері, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының, Алматы, Астана, Өскемен қалалары әкімдерінің орынбасарлары, аудандардың әкімдері және басқа да бұған дейін биік лауазымда болғандар отыр.

Сарапшылар Сенатты жойып, Мәжілісті толық бір мандатты округтен сайлауға көшіруді ұсынған. Әйткенмен, әзірге ел басшылығы Мәжіліске қатысты тек аралас пропорциональды-мажоритарлық сайлау жүйесін енгізумен шектелді. Яғни, Мәжіліс депутаттарының 70%-ы – партиялық тізіммен, қалған 30%-ы – бір мандатты округтер, яғни жеке-дара бәйгеге түсетін беделді тұлғалар арасынан қалыптастырылады.

Бұған қоса, жаңа сайланған VIII Парламентте заң қабылдау құзыреті Мәжіліске көшеді. Тіпті сенаторлар әлдебір заңды құптамай қойса да мәжілістегілер Сенаттың қарсылығын көпшілік дауыспен еңсеріп, қабылдай алады. Сенаттың құзырына Мәжілістегі әріптестері қабылдаған заң жобасын талдап, зерделеп, мақұлдау ғана қалады.

Елдегі демократияландыру аясында өңірлердің құзыр қоржыны толығады. Бүгін жаңа жылдағы алғашқы жұмыс кеңесін өткізген Үкімет басшысы Әлихан Смайылов билікті орталықсыздандыруды және өкілеттіктерді мемлекеттік басқару деңгейлері арасында қайта бөлуді қарастыратын жаңа заң жобасы Президент Әкімшілігіне келісуге енгізілгенін хабарлады. Ол арқылы Үкіметтің 500-ден астам функциясы министрліктер мен әкімдіктерге беріледі. 

"Аталған заң жобасымен біз министрлер мен олардың орынбасарларының дербестігін күшейтеміз. Енді барлық ағымдағы салалық мәселелер министрлердің бұйрықтарымен қабылданатын болады", – деді Ә.Смайылов.

Әрине, саяси жаңғыру осымен қатырылып, доғарылмайтын болса керек. Қазақстанның жаңа тарихындағы ең ірі, белді демократ ретінде қалу үшін Қ.Тоқаев алдағы жеті жылда бұдан да терең саяси реформаларға бастамашы болуы ғажап емес. Себебі, мысалы, қазір тіркелуден өтіп жатқан жаңа партиялардың кейбір белсенділері Қазақстанды Президенттік басқарудан Парламенттік басқару нысанына ауыстыруды ұсынып жүр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу