Қарағанды қарап отырған жоқ

2303

"Сарыарқа" газқұбыры өңірдің 100-ден астам елдімекенін көгілдір отынмен қамтамасыз етеді.

Қарағанды қарап отырған жоқ

Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінде "Сарыарқа" газқұбыры құрылысы жайлы мәселені талқылаған жиналыста айтылды. Газ магистралінің басым бөлігі, яғни 1063 шақырымының 764-і облыс аумағы арқылы өтетін болғандықтан, көптеген мәселе тап қазіргі уақытта Қарағандада шешіліп жатыр.

"Бүгінгі күні техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Қазір жобалық-сметалық құжаттар (ЖСҚ) әзірленіп болып қалды", – деді жобаға тапсырыс беруші "ҚазГазТранс" АҚ бас директорының орынбасары Серікқали Бірекешов.

ТЭН-ды әзірлеуші – "КАТЭК" және "АлатауТау Жоба" ЖШС-нан құралған консорциум.

Магистралды газ құбырының құрылысы екі кезеңде салынатын болады. Құны 264,4 млрд теңге болатын бірінші кезектегі жоба құбырларды салу мен 2018-2019 жылдары газбен қамтуды қамтамасыз ету жүйесін салып, Астанаға газ келген кезде аяқталады.
"Құрылыстың екінші кезеңі 201-2020 жылдарға жоспарланған. Қарағанды облысының Жезқазған, Қарағанды және Теміртау қалаларында арнайы бөлінген автоматты газ тарту станциялары (АГТС) болады. Аудандарға ықтимал АГТС-ға арналған тағы бес бес құбыр тармағы болады. Қарағанды облысының 119 елдімекені газбен қамтылуы мүмкін", ­– деді "КАТЭК" ЖШС бас директоры Құндыз Нұпов.
Облыстық энергетика және ТКШ басшысы Қайрат Бегімов бүгінгі таңда "КАТЭК" ЖШС жобалық ұйымы магистралды газқұбыры өтетін трасса бойынша барлық рұқсат беруші құжаттарды бергенін айтты. Магистралды газқұбырын электр беру желілеріне қосу үшін энергия беретін ұйымдарға техникалық шарттар берілген.

"Барлық мүдделі тұлғалар газқұбыры трассасын орналастыруды таңдау актісіне қол қойды. Тармақталатын және орамдық желілерді салу бойынша газқұбырын салудың кезеңдері анықталған, жобалау бойынша жұмыс басталды. Магистралды желілерден орташа және төмен қысыммен газқұбыры трассаларын салудың жобасы анықталды", – деді ол.

Бірінші кезеңде (2020 жыл) орталық жылыту жүйесі жоқ көшелер мен ықшам аудандарды қосымша қамтитын үш автоматтандырылған газ тарату станцияларынан жеткізуші және орамдық желілердің құрылысы жоспарланып отыр.
"Қарағанды" АГТС-тан жалпы есептегенде 5,5 мыңнан астам жеке секторлардағы үйлері бар Қарағанды мен Саран қалаларын газбен қамту жоспарда бар.

Теміртауға келер болсақ, 3 мың жеке сектор үйлері орталықтандырылған газбен қамтамасыз етілетін болады. Қайрат Бегімов таныстыру барысында қуаныштан Теміртау қаласының тұрғындары санын бірден 40 мыңға өсіріп жіберді.

Жезқазғанда 2,5 мың жеке үйлерді газбен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Отырыста ұсынылған таныстырылымға сәйкес, бұған дейін бекітілген 2030 жылға дейін Қарағанды облысын газдандырдырудың өңірлік кестесінде үш оңтүстік-батыс аудандар мен Жезқазған қаласы қарастырлмаған болатын.

Қайрат Бегімовтің сөзінше, бірінші кезекте көгілдір отынды облысымыздың шамамен 65 мың тұрғыны және 1400 заңды тұлғалары алады. Орталықтандырылған газбен қамтуға 1400 заңды тұлға да қосылады, ал бір жылдық тұтыну көлемі 85 млн текше метрді құрайды.
"Бірінші кезеңдегі тарату желілері құрылысының болжанып отырған құны – 21,4 млрд теңге. Облыстық бюджетті нақтылауға ЖСҚ дайындауға бюджеттік өтінім берілді. ЖСҚ дайындауға байқау мамырда жарияланады. Шілдеде жобаны құруды бастап, желтоқсанға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Газ тарту желілерінің құрылысы жоспар бойынша 2019 жылы басталады", –деді Қайрат Бегімов.

Құндыз Нұповтың айтуынша, аймақ экономикалық қана емес, экологиялық және әлеуметтік нәтижеге ие болады, ал жыл сайынғы инвестициялар 10-15 млрд теңгеге дейін жетеді. Газ құбырын салуда пайдаланылатын құрылыс материалдарын шығаратын қарағандылық кәсіпорындар таңдалып жатыр. Жобаны жүзеге асыру қосымша жұмыс орындарын қамтамасыз етеді: 2000-ға жуық адам құрылыс кезінде жұмыспен қамтылады, 1000-ға жуық жұмыскер газ құбырының қызмет етуін қамтамасыз ету үшін қажет болады. 

Облыс әкімі Ерлан Қошанов қол астындағы қызметкерлерге жылдам түрде және барынша жауапкершілікпен жобалаушылармен бірлесіп, туындаған мәселелерді шешіп отыруды тапсырды. 
"Газ құбырын салу – елбасының бес әлеуметтік бастамаларының бірі. Бұл – ауқымды жұмыс. Бұл жобаны біздің тұрғындар, кәсіпкерлеріміз тағатсыздана күтті. Газ – ол біздің аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жаңа құрал. Бұл жобаны жүзеге асыру тұрғындардың өмір сапасын жоғарылатуға жол береді", – деп атап айтты Ерлан Қошанов. 
Ол сонымен қатар жобаның жүзеге асырылуына қатысты мәселелерді жіті бақылауға алатынын жеткізді.

Гүлназ Ермағанбетова, Олег И. Гусев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу