926 млн теңге қазына ақшасына кім жауап береді?

15148

Қарағанды өңіріндегі жолдарда транспорттық бақылау жетіспейді.  

926 млн теңге қазына ақшасына кім жауап береді?

Қарағанды облысы үшін қашанда жол сапасы өзекті мәселе қатарынан түскен емес. Қыруар қаражат кетіріп,  жөндеген жолдың жыл өтпей жатып, тас талқаны шығып жатады. "Қарағанды–Павлодар" тас жолындағы туристік маңызға ие "Қалқаман – Баянауыл" тас жолында бұрын асфальт болмаған. Осыдан екі жыл бұрын грейдер тегістеліп, алғаш рет асфальт төселген еді. Осы жолдың жөнделуіне 926 млн теңге қазынадан бөлінген. Жолдың 36 шақырымы Қарағанды облысына тиесілі. Қыруар қаражат жұмсалып жасалған жол, бүгінде бәз баяғы қалпына түскен. Жолдың тез бұзылып, жарамсыз қалыпқа түсуіне оны дұрыс күтпеу әрі транспорттық бақылау жүргізбеу әсер етеді. Көлік бақылауы  жеткілікті деңгейде жүргізілмегендіктен, тас жолдың бойымен бірнеше тонна жүк артқан ауыр көліктер үнемі жүріп, жолды жарамсыз қалыпқа түсіреді. Мұндай жағдай Қарағанды облысының бірнеше жол бөліктерінде кездеседі. Былтырғы жылы көктемде Қарқаралы ауданына қарасты Егіндібұлақ елдімекенінің тұрғындары осындай жүк көліктерінің өтуіне қарсы шығып, жолды жауып тастап, жұртты дүрліктірген еді. Егіндібұлақ ауылының тұрғындары ауыр жүк көліктері жолдарымен үздіксіз өткендіктен, жол сапасының үнемі жарамсыз қалыпқа түсуінен шаршаған. Егіндібұлаққа жақын маңда орналасқан  "Алтай полиметалл" кен орнынан "Қарағанды– Қарқаралы"  тас жолымен жүк тасымалдау көктемде  көбейе түседі. Өйткені темір жол торабын су басып қалған соң , ауыр жүк көліктері кен өнімдерін жолмен тасиды.  Тас жолмен жүретін жүк көліктерінің салмағы әрбір бөлікте 8 тоннадан аспау керек  деген ережені бұл жолмен жүретін көлік жүргізушілері елемеген.  Оны тоқтатып, тексеріп жүретін транспорттық бақылаудың бекеттері де аз, барлығын қамтуға мүмкіндіктері де болмаған.

Осының салдарынан жергілікті тұрғындар талай рет ой шұңқыры көбейген жолда көліктерімен жүре алмай , әуре сарсаңға түскен. Тұрғындардың наразылығын туғызған жайт былтыр жазда Тоғызқұдық ауылында да орын алған. "Қарағанды – Ботақара"  тас жолына жақын тұрған Тоғызқұдық тұсынан "Кузнецкий", "Сәт Көмір"  көмір кеніштерінен өнім  тасыған ауыр жүк көліктері көп өтеді. Жаз бойы бұл ауыл жүк көліктерінен шыққан шаң тозаңға тұнып тұрады. Бұл ауылдың тұрғындары "жолымызды құртты"  деп жүк көлік жүргізушілерімен жанжалдасып , оларға тас лақтырып, шу шығарған.  Бүгінде Қарағанды облысындағы "Жол активтері ұлттық сапа орталығы"  кәсіпорны мамандары  "жол аумақтарында транспорттық бақылау бекеттерін көбейту керек, әйтпесе жол сапасының ақаулануы тоқтамайды"  деп дабыл қағады. Сонымен қатар Қарағанды өңіріне биыл қардың қалың түсуі,оның тас жол бойында үйіліп қалуы көптеген мәселе туғызған. Жолдағы қарды күреу үшін техниканың облыс көлемінде жетіспеуі билік тарапынан бірнеше мәрте көтерілген.

"Жолдың сапасының құлдырауына транспорттық бақылау болмағандықтан, ауыр жүк көліктерінің тас жолда шамадан тыс көп жүруі тікелей әсер етуде. Транспорттық бақылаудың облыстың барлық бөлігін қамтуға мүмкіншілігі болмай тұр. Мәселен әр жол бөлігінде  көліктегі  жүктің салмағы 8 тоннадан аспау керек, кейбір тас жолдарда күндізгі уақыттарда ауыр көліктердің жүруіне тыйым салынуға тиіс. Бірақ мұндай бақылау аз. Сондай-ақ қазіргі кезде жолдың бойына үш төрт метр биіктікте қар үйіліп қалған. Бұл әдеттегідей көктемде судың жолды бұзып өтуіне , қала берді жол сапасының судан бұзылуына алып келеді", – деп мәлімдеді Қарағанды облысының  "Жол активтері ұлттық сапа орталығы"  Республикалық мемлекеттік кәсіпорыны  ҚОФ жол инженері Асхат Шахаев.

Ал  қардың қарқынан қорыққан облыс әкімі Жеңіс Қасымбек  облыстағы елдімекендермен жолдарды көктемгі су тасқынынан қорғауға қазірден бастап тапсырма беріп жатыр.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу