"Қарағанды-Павлодар" жолының сапасына қарағандылықтар көп шағымданады. Көлік жүргізушілері аталмыш жол бөлігінің діттеген жерлеріне діңкелетіп жеткізетінін айтады. Тас жолдың жарылған ойық- шұңқыры көп. Жазда осындай ойық жерлерге су жиналып, көлік қозғалысына кедергі келтіреді. Соңғы айда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтегі "Сарыарқа –адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің жедел желісіне "Қарағанды –Павлодар" тас жолының сапасыз екенін айтып, шағымданғандар саны жүзден асқан. Наразылық көбейген соң, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен тапсырыс беруші тас жол бөлігіне арнайы тексеріске шықты.
"Қарағанды-Павлодар" жолына жақын маңда орналасқан ауыл тұрғындарының да жол сапасын реттей алмаған шенеуніктерге деген өкпелері қара қазандай. Мәселен, Ақжар ауылының тұрғындары шағымдарын айтып, әкімшіліктің табалдырығын тоздырған. Қараша халық "қазынадан қаржы бөлінсе де, жол сапасына неге айрықша мән берілмейді" деп қынжылады.
"Жолды жөндейді, техникалар әкеп жұмыс жасап жатады, бірақ осыдан бір нәтиже шықпайды. Бұл жолмен қалаға және ауданға қатынаймыз, сапасыз жолдың салдарынан көліктеріміз бұзылып қалады",– дейді Ақжар ауылының тұрғыны Төкетай Қалтаев.
"Қарағанды-Павлодар" тас жолының 17 шақырымына орташа деңгейде жөндеу жүргізу үшін "Дорстрой ЛТД" ЖШС тендерді жеңіп алған. Бұл жобаға 480 млн теңге қаражат бөлу қарастырылған. Оның 400 млн теңгесі төленіп қойған. Алайда "жұмыс сапасыз жасалды" деген қорытындыдан кейін, осы қаражаттың 40 млн теңгесі кері қайтарылған. Жол жөндеген мердігер тапсырыс берушінің талабын толық орындадық деген пікірде. Тек жөндеу жұмыстары кезінде айналма жолдың жасалмауы жағдайды ушықтыра түскен. Мердігердің пайымдауынша, ауыр жүк көліктерінің бұл жерден үздіксіз өтіп отыруы, сапаның сын көтермеуіне әсер етіпті. Сондай-ақ жолдың астында жер асты суы көп болған. Тас жолдың астыңғы бөлігін қатайту үшін мердігер тағы 100 млн теңге жұмсап, шығынға шаш етектен баттым деп отыр.
"Жөндеу жұмыстарын қолға алғанда жолдың жағдайы нашар болатын. Тас жолды қырып алғанда, бұл жер саз балшықты әрі сулы болды. Дегенмен біз сметалық жобада көрсетілмеседе, жолдың астын қатайтып, қосымша жұмыстар жасадық. Мақсатымыз жолды нашар етіп, елді шулату емес еді",–деп мәлімдеді "Дорстрой ЛТД" ЖШС директоры Сымбат Әубәкіров.
Ауыр жүк тиелген көліктердің үздіксіз жүруінің салдарынан төселген тас жол жарылып кетеді. Осы жолмен ауыр жүк көліктеріне өтуге болмайды, бірақ оны көлік инспекциясының қадағалауға қауқары жетпей тұр.
"Қарағанды-Павлодар" жолын жіті қадағалап отыратын боламыз. Осы жол бөлігіне апта сайын келіп, жөндеу жұмыстарын қалай жасап жатқанын қараймыз,өйткені бұл мәселені назардан тыс қалдыруға болмайды",– дейді "Сарыарқа-адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің бастығы Малика Күсенбаева.
Бүгінде бұл жол бөлігіне тапсырыс беруші – "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының Қарағанды облысы бойынша филиалы қабылдап алған жоқ. Мердігерге олқылықты ретке келтіру үшін 10 қазанға дейін уақыт берілді. Егер осыдан кейін, жағдай түзелмесе тапсырыс беруші мердігерді сотқа бермекші.
Арайлым Еркебаева