Сарапшы әлемнің көптеген елдеріндегі жылдамдықты Алматы көшелерімен салыстырып шықты. Мысалы: қала ішіндегі мектеп, аурухана, дүкендер, яғни көлік жиі жүретін М.Төлебаев, Жамбыл, Бөгенбай батыр сынды жолдарда жылдамдық 40 ш/сағат. Ал, Төле би, Абай, Сәтбаев, С.Сейфуллин, Н.Назарбаев, Розыбакиев сынды магистральды жолдарда 60 ш/сағатқа дейін. Көпжолақты, бағдаршамсыз, бұрылыссыз Т. Рысқұлов, Райымбек, Сайын, Әл-Фараби, ШААЖ сынды жолдарда жүру жылдамдығы 90 ш/сағат.
"Алматыда қала іші мен жергілікті жолдарда 40, 60 деген стандарт сақталуда. Ал Әл-Фараби, ШААЖ сынды жолдарда көптеген ірі қалалардағыдай 90 ш/сағат жеткізуге мүмкіндік болмағанымен, 80 ш/сағат жасауға негіз бар", – дейді сарапшы.
Оның айтуынша Әл-Фараби даңғылы, Сайын көшесі, Рысқұлов даңғылы, Құлжа тракті, Шығыс айналма жолының бір бөлігі кіші көлік айналымын құрайды. Бұл кіші көлік айналымының ұзақтығы – 39,2 шақырым. Әр учаскеде жолдың ені 4-6 жолақ. Алматының сегіз ауданының алтауын қамтиды. Мұндай айналмалы көлік магистральдарының мақсаты – орталық көшелердегі жүктемені азайту және қаланың бір шетінен екіншісіне жылдам жету, транзитті трафикті қайта бағыттау. Ондағы жылдамдықты ішкі жолдармен бірдей жасауға болмайды.
"Көптеген адамдар мұндай жол жаяу жүргіншілер үшін қауіпті дейді. Сондықтан оған шектеу қойылады. Жаяу жүргінші жылдамдығы жоғары жолдарды кесіп өтпеуге тиіс. Бұл үшін арнайы көпірлер қарастырылған", – деді автосарапшы.
Әлеуметтік желіде жылдамдықты арттыруға қарсы болғандардың көбісі жылдамдықты арттыру салдарынан жол-көлік апаты көбейеді деген ұстанымда.
Эдуард Эдоковтың айтуынша, статистика, керісінше, кіші жол айналымы құрамына енетін магистральда апаттың төмен екенін көрсеткен. Мысалы, Әл-Фараби даңғылында апатты жағдайлар Төле бимен салыстырғанда аз екен.
"Кез-келген жол қозғалысында жол қозғалысы ережесін сақтамау мен бұзу болады. Жылдамдық режимі солардың бір құрамдас бөлігі ғана. Оны реттейтін заң бар. Көптеген жол апатының неден болғаны да жіті тексерілмейді, көлік жүргізуші мас болып, жол-көлік оқиғасына ұрынса, магистральдағы жылдамдық режимінің оған қандай қатысы бар?! Басқа апаттардың салдары да міне, осында. Бұған да көңіл бөлу керек", – дейді Э.Эдоков.
Құралай Құдайберген