Дәл наурыз қарсаңында елорда мен Ақмола облысында отандық алып көліктердің "аяғына" тұсау салынды. Олардың қозғалысына шектеулер ізінше басқа да өңірлерде енгізілмек. Нәтижесінде, жүк көліктері ғана емес, солармен бірге алып автобустардың, тракторлардың, комбайндардың және басқа да салмағы ауыр машиналардың "аяғы шідерленіп" отыр.
Әрине, бұл тыйым салулар тұрақты орнамайды, уақытша шара ретінде қолға алынуда.
"Бір білік-өсіне түсетін жүктемесі 8 тоннадан асатын автокөлік құралдарының қозғалысына уақытша шектеу қойылды. Бұл ретте Ақмола облысында шектеулер 23 наурыз бен 1 мамыр аралығында енгізіліп отыр", – деп ескертеді Астана қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы.
Айта кету керек, Қазақстан үкіметі жылда осы тәсілге жүгінетіндіктен, бұл бір дәстүрге айналып та кетті.
Осы орайда кезінде көлік және коммуникация министрінің 2013 жылғы 11 наурыздағы №162 бұйрығына сәйкес, жыл сайын көктемгі мезгілде әр дара білікке түсетін жүктемесі 8 тоннадан артық автокөліктердің, әсіресе, фуралардың, алып жүк көліктерінің Қазақстан аумағындағы республикалық маңыздағы автомобиль жолдарымен жүруіне уақытша шектеулер енгізіледі. Билік бұл дәстүрден биыл да жаңылмады.
Осы шектеулер V жол-климаттық аймағында, яғни Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды (Жезқазған өңірінде), Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында 1 сәуірге дейін күшінде болады.
Ал қары кешірек еріп, тоңы көп кейін жібитін өңірлерде, атап айтқанда, IV жол-климаттық аймағында – Ақмола облысында, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды (соның ішінде Қарағанды қаласында), Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында осы жылдың 23 наурызынан 1 мамырына дейін әрекет етеді.
Алайда Қазақстан қазынасы халықаралық транзиттік жүк тасымалынан түсетін табыстан қағылмауы үшін шетелдік тасымалдаушылар мен оларға қызмет етуші отандық тасымалдаушы компаниялар одан босатылады.
Бұл шектеулер таралмайтын машиналар қатарына сондай-ақ, жүктердің ғана емес, жолаушылардың халықаралық тасымалдарын жүзеге асыратын автобустар және басқалары, төтенше жағдайларды жою және алдын алу жөніндегі іс-шараларды іске асыруға тартылған көліктер де жатады.
Бұдан бөлек, зардап шеккен адамдарға гуманитарлық көмек көрсетуді, азық-түліктерді, жолаушылар мен багаждарды, дәрі-дәрмектерді тасымалдауды жүзеге асыратын автокөліктер де құтылады.
Бұл шара көктем келе қармен бірге бусана "еріп", ағып кететін асфальтты қорғау үшін жасалғандықтан, жол жөндеуші компаниялар және "жолдарда қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу үшін мердігер ұйымдарға берілген учаскелердегі қолданыстағы жамылғы бойынша жол-құрылыс жұмыстарына тартылған автокөліктер" тыйымнан босатылады.
Ескерте кетер жайт, бұл "азат" көліктер де өз еркімен жүре алмайды, ең алдымен рұқсат алулары қажет.
"Осыған байланысты, автокөлік құралдарының параметрлері рұқсат етілген параметрлерден асқан жағдайда, олар Қазақстан аумағы арқылы ауыр салмақты және ірі көлемді көлік құралдарының (шетелдік көліктерді қоса алғанда) жүріп өтуі үшін арнайы рұқсат бланкілерін алуы қажет. Мемлекеттік қызмет көрсету сұрақтары бойынша елордада 8(7172) 54-61-34 байланыс телефонымен хабарласу керек", – деп еске салады Астана қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы.
Жалпы, "қызыл кітапқа" кірген құстар мен жануарларды аулауға тыйым салатыны секілді, суықта шытынап жарылып, ыстықта майдай ери беретін сапасыз жолдарды қорғап қалу үшін үкімет жаз айында да оны пайдалануға тыйым салып тастайтын тәжірибесі бар.
Мәселен, 2016 жылғы маусым айында елімізде аптап ыстық орнап, ауа температурасы 25 градустан жоғары көтерілгенде ел үкіметі көлік министрлігі қолымен "Республикалық маңыздағы жалпы пайдаланылатын автожолдарда автокөлік құралдарының қозғалысына шектеу енгізу" туралы бұйрық қабылдады. Соған сәйкес, құзырлы органдар біліктілігіне түсетін жүктемесі 9 тоннадан асатын көліктердің барлығын 1 маусымнан 31 тамызға дейін республикалық тас жолдарға шығармай тастады.
Бұл шектеу тек асфальт-бетонды жолдарға ғана емес, ұсақтасты, мастикалық жабынғысы бар жолдарға да таралған еді. Салдарынан салмақты көліктердің бәріне күндіз тек даламен, жергілікті шұрқ-тесік, шоқалақты ауыл-аудан жолдарымен қозғалу ғана қалған.
Рас, кеш түсіп, онымен бірге ауа температурасы да 25 градустан төмендегенде, яғни асфальт суығанда бұл көліктерге де үлкен жолды пайдалануға рұқсат етілген.
Ал қазіргі шектеу күндіз-түн деп бөлмей, жалпы тәулік бойына енгізіліп отыр.
Жанат Ардақ