"Өзбек тасымалдаушыларынан қай жеріміз кем"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
7041

Халықаралық тасымалмен айналысатын отандық компаниялардың проблемасы шаш-етектен.  

"Өзбек тасымалдаушыларынан қай жеріміз кем"

Шымкенттік кәсіпкер Болатбек Әлиев 2000 жылдардың басында халықаралық тасымалмен айналыса бастайды. Ол кезде иелігінде екі-үш қана көлік бар болатын. Ал қазір Қазақстандағы ірі компанияға айналып үлгерді.

"Негізгі қызметіміз шетелмен тікелей байланысты. Көлік қызметін ұсынамыз. Яғни, көлік қызметін экспорттаймыз. Бұл мұнай мен газды құбыр арқылы тасымалдағаннан гөрі қызықтырақ деп ойлаймын. Бәлкім, ел үкіметі ерекше назар аударып отырған "қарапайым заттар экономикасы" деген осы шығар", – дейді кәсіпкер.

Болатбек Әлиевтің сөзінше, бүгінде халықаралық тасымалмен айналысатын отандық компаниялар түрлі проблемамен бетпе-бет келіп отыр.

"Мен соның біреуіне ғана тоқталғым келеді", – дейді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, 2018 жылы өзбек тасымалдаушылары біздің ел арқылы автокөлікпен шамамен 30 мыңға жуық транзиттік жүк рейсін жасаған. Олар Ресей мен Еуропадан өз елдеріне ауыл шаруашылығы, тоқыма өнімдерін және басқа да жабдықтарды жеткізеді. Сондай-ақ Өзбекстаннан Ресей мен Еуропаға тауар тасымалмайды.

"Тауарды қабылдайтын немесе жөнелтетін негізгі ел – Ресей. Ресей Федерациясы – ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу бойынша Өзбекстанның стратегиялық серіктесі. Ал Қазақстан өзбек тасымалдаушылары үшін алтын көпір. Олар біздің елсіз тасымалды жүзеге асыра алмайды. Биыл транзит көлемі кем дегенде 10 пайызға көбеймек. Не керек, біздің Үкімет Өзбекстан үшін тиімді жағдай жасап отыр. Дәлірек айтсақ, Қазақстанның автокөлік жолдары арқылы барлық көлік түріне рұқсатсыз жүру жүйесін ұсынуда. Бұдан бізге қандай пайда бар? Пайда жоқ. Қайта олар біздің транзиттік әлеуетімізді пайдаланып отыр. Жол бойындағы сервистердің қызығын да солар көруде. Ауамызды ластап, жолдарды бұзуда", – дейді Болатбек Әлиев.

Қазақстан Үкіметі өзбек тасымалдаушыларына қолайлы жағдай жасап отырса да, Өзбекстан тарапынан біздің тасымалдаушыларға ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. Керісінше, Қазақстан тасымалдаушылары Өзбекстан арқылы шет елдерге жүк жеткізу үшін өзбектерден рұқсат қағазын, яғни арнайы бланкіні сатып алуға тиіс.

"Арнайы бланкілер тасымалдаушыға қажетті мөлшерде және автоматты түрде берілмейді. Оған қол жеткізу үшін жалынып-жалбарыну керек. 2018 жылы Өзбекстан қазақ тасымалдаушыларына 1200 рейске рұқсат берді. Жыл соңында итке сүйек лақтырғандай, зорға дегенде тағы 300 рұқсат қағазын қиды. Сонда барлығы 1500 рейс қана. Ал олар біздің елдің аумағы арқылы бір жылда 30 мың рейс жасайды. Білуімізше, биылғы жоспар да 1500 рейстің көлемінде ғана қалыптастып отыр. "Сұрайтын болсаңдар, тағы қосымша рұқсатнама береміз", дейді көршілер. Ал енді осы әділетті ме?!" – дейді Болатбек Әлиев.

Кәсіпкердің пікірінше, Өзбекстан Үкіметі дәл осындай жолмен біздің тасымалдаушыларды "ашса алақанында, жұмса жұдырығында" ұстап отыр. Ал халықаралық деңгейдегі отандық тасымалдаушылар өз мүмкіндіктерін толық пайдалана алмауда. Өйткені, рұқсат қағаз тапшы.

"Осының бәрі сыбайлас жемқорлық қаупін арттырады. Сондай-ақ, тасымалдаушылардың экспорттық қызметінен түсетін шетел валютасындағы түсімдердің көлемін азайтады. Тоқсан сайын экспорттың нәтижесі туралы баяндама жасайтын біздің министрліктер осыған көңіл бөлгісі келмейді. Қазақстандық тасымалдаушылардың нанын өзгелер жеп отыр. Ал Қазақстан арқылы қызмет көрсететін шетелдіктер пайдаға кенелуде. Бастысы, олар өз елдерінде салық төлейді. Қысқасы, біздің құзырлы органдар қолда бар мүмкіндікті пайдаланбай, отандық көлік саласының дамуына кедергі келтіруде", – дейді ол.

Кәсіпкер ел үкіметі мен индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің позициясын түсіне алмай дал.

"Өзбектер рұқсатсыз-ақ біздің ел арқылы жылына 30 мың транзиттік рейс жасайды. Ал біз бар-жоғы 1,5 мың рейсті жасау үшін олардан арнайы бланкілерді сатып алуға тиіспіз. Оның үстіне, біз Өзбекстанға емес, үшінші елдерге жүк тасымалдаймыз ғой. Неге бұлай? Біздің министрлік көрші елдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жағдай жасай отырып, дәл сондай отандық өндірушілерге қысым көрсетіп жатқанын қалай түсінбейді? Отандық тасымалдаушылардың шетел валютасында пайда табуына жол бермей отырғаны тағы бар", – дейді Болатбек Әлиев.

Кәсіпкер халықаралық тасымалға қатысты тағы бір мәселенің шетін шығарды. Айтуынша, отандық ұн тартатын компаниялар өнімді  Ауғанстанға Өзбекстан арқылы тасымалдау үшін шамадан тыс жоғары тарифтерді төлеуге мәжбүр. Ал өзбек кәсіпкерлері астықты біздің елден сатып алып, оны өз елдерінде ұнға айналдырып, кейін сол өнімді Қазақстан арқылы үшінші елдерге экспорттайды. Бұл қисынға келмейтін жағдай ғой. Тіпті кейде біздің елдің билігінде көрші мемлекеттің лоббистері отырған секілді әсер қалдырады. Әрине, бұған сенгім келмейді. Лауазымды орындарда отырған мемлекеттік қызметшілер ең алдымен өз еліміздің және оның тұрғындарының мүддесін ойлап, қорғауға тиіс емес пе?!" – дейді шымкенттік кәсіпкер. 

Болатбек Әлиев халықаралық тасымалмен айналысатын отандық компаниялардың мәселесі "жоғары жаққа" жетіп, оң шешілгенін қалайды.

"Осы орайда, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, сыртқы істер министрлігі Өзбекстанда тіркелген автокөлік құралдарының Қазақстан аумағы арқылы өтуіне рұқсат беру жүйесін жаңартуға тиіс деп есептеймін. Болмаса, Өзбекстан аумағы арқылы тасымал жасайтын қазақстандық компанияларға берілетін квотаны ондаған есе арттыру қажет. Менің ұсынысымды "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолдайды деген сенімдемін", – дейді Болат Әлиев.

Атап өтерлігі, автокөлік арқылы халықаралық тасымалмен айналысатын қазақстандық компанияларға жеңілдіктер мен артықшылықтар қарастыралмаған. Елімізде тек "Қазақстан теміржолы" кәсіпорыны мен әуе компаниялары ғана мұндай артықшылықтарға ие. Ал іргедегі Ресей, Беларусь, Өзбекстан секілді елдерде автокөлікпен тасымалдаушылар үшін қолайлы жағдай жасалған. Отандық тасымалдаушылар да оларға мемлекет тарапынан тиімді жағдай жасалғанын қалайды.

Фархат Әміренов 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу