Қарапайым қазақстандықтардың арқасынан тағы бір жүк түсті

846

Келесі жылы 8 миллионға жуық отандасымыз декларация тапсырудан босатылды.

Қарапайым қазақстандықтардың арқасынан тағы бір жүк түсті Фото: canva.com

Қазақстанда жалпыға ортақ декларация тұжырымдамасы қабылданғанына 14 жыл болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жақында Мемлекет басшысы жалпыға ортақ декларация тапсырудың тәсілдерін қайта қарауды тапсырғаннан кейін, ел Үкіметі қазақстандықтарды бір қуантты.

Осылайша, 2025 жылы 8 миллионға жуық адам активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсырудан босатылды.

Бұл жаңашылдық жеке құрылымдар қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқа да тұлғаларға қатысты.

Бірден айта кетейік, бұл ендігі жылы ешкім декларация тапсырмайды деген сөз емес. Себебі мемлекеттік қызметшілер, коммерциялық ұйымдардың, квазимемлекеттік секторлардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, елден тыс жерлерде активтері бар, бір жыл ішінде құны 20 мың АЕК (74 млн теңге) астам сомаға сатып алулар жасаған тұлғалар мен дербес салық салынатын табыс алғандарға декларация тапсыру нормасы сақталады.

Сондай-ақ елімізде кез келген азаматқа ерікті түрде декларациялау құқығы беріледі.

Мемлекет онсыз да бәрін біледі – экономист

"Жалпыға ортақ декларациялау барлығын есеп беруге міндеттеу деген сөз емес. Бұл мемлекеттің кімде қанша қаражат, активтер барын білу үшін керек. Былайша айтқанда, қолма-қол ақша дәуірінде мұны істеу қиын болды. Меніңше, қазір Қаржы министрлігінде қазақстандықтар туралы егжей-тегжейлі деректер базасы бар. Электрондық қаржы орталығы – Қаржы министрлігі, салық және кеден органдарының өзі", – деді экономист Расул Рысмамбетов.

Сарапшы бүгінгі таңда қолма-қол ақшаның үлесі азайып бара жатқанын айтты. Сөзінше, адамдар аударымдарға көшіп, банк карталарымен төлем жасайды.

"Сондықтан да қазір "сұр" аймаққа өту өте қиын. Техникалық тұрғыдан мүмкін шығар, бірақ өте қиын. Жалпыға ортақ декларациялау жобасы шенеуніктер бойынша ақталды. Бұдан бөлек жеке кәсіпкерліктер бойынша да өзін-өзі ақтады. Іс жүзінде бұл декларациялаудың күшін жою емес. Кез келген жағдайда Қаржы министрлігі Мемлекет басшысының, Парламенттің бірінші талабы бойынша қоғамдағы қаржы жағдайы туралы егжей-тегжейлі ақпарат беруге міндетті болады", – деп атап өтті Расул Рысмамбетов.

Экономистен 8 миллионға жуық қазақстандықты декларациялаудан босату туралы бастама мәжбүрлі шара ма әлде Үкімет қоғам пікірін ескерді ме деп нақтыладық.

"Біріншіден, әрине, мұнда қоғамның талабы ескерілді. Себебі бұл артық жұмыс еді. Адамдар қағаз толтырып немесе сайтта отыруға тиіс болатын. Бұл ешкімге керек емес. Осы жылдың қыркүйек айының нәтижелері бойынша адамдардың бәрі бірдей бұл мәселеге оң көзқарас танытпағанын көрдім. Мемлекетте барлығына қатысты деректер бар. Сол себептен де бұл қоғамның сұранысы болды", – дейді ол.

Расул Рысмамбетов келесі жылы азаматтарға берілетін ерікті декларациялау құқығына қатысты да пікір білдірді.

"Бұл көрсеткіш 8 миллионнан аз болады. Оны шенеуніктер, қоғам қайраткерлері және т.б. тапсырады. Көп адамға бұл керек те емес. Себебі мемлекет онсыз да сіз туралы бәрін біледі", – деді экономист Расул Рысмамбетов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу