Қаржы министрі сыртқы қарыздың өсуіне түсініктеме берді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
5309

Сарапшылар да, парламент депутаттары да Қазақстанның сыртқы қарызының ұлғаюына алаңдаушылық білдіріп отыр.

Қаржы министрі сыртқы қарыздың өсуіне түсініктеме берді

Оның үстіне жақында ел үкіметі биылғы 2017 жыл бюджетін қайта нақтылап, бюджет тапшылығын 2,9 пайыз деңгейінде белгіледі. Бұл шамамен 1,5 триллион теңгені құрайды. Бюджет тапшылығы да сырттан, соның ішінде халықаралық қаржы институттарынан белгілі бір шамада қарыз алып, жабуды көздейді.

"Жыл сайынғы бюджеттің тапшылығы мемлекеттік борыштың өсуіне де өз ықпалын тигізеді. Дегенмен, мемлекеттің өз борышының деңгейі қазір 12,9 триллион теңгені құрайды. Бұл шамамен 38 миллиард долларға тең. Бұл көрсеткіш Қазақстанның жалпы ішкі өніміне шаққанда, 25 пайыздан төмен. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы талабы бойынша біздің мемлекеттік қарызымыздың жалпы көлемі ЖІӨ-ге шаққанда 50 пайыздан аспауға тиіс. Яғни, біздің лимит осы көлемде айқындалған. Бірақ ол межеге дейін әлі алыс", – деп түсініктеме берді бүгін қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Оның айтуынша, сонымен бірге борышты төлеу мен төлем балансының коэффициенті 15 пайыздан жоғары болмауы міндетті. Бүгінде ол көрсеткіш 9 пайызға жақын көрінеді.

Осы орайда "мемлекеттік, квазимемлекеттік сектордың борыштарының өсуіне, оның ішінде сыртқы қарыздардың ұлғаюына" халық пен депутаттардың алаңдаушылық білдіріп отырғанын қаржы министрі де жоққа шығармайды.

Осы орайда министрдің мәліметінше, 2016 жылы бюджет тапшылығының көлемі ЖІӨ-ге шаққанда жоспардағы 2%-дың орнына нақтылай нәтижесінде, 1,7%-ды құрапты. Ал биыл, әлгінде айтылғандай, өсіп отыр. Бірақ бас қаржыгердің бағалауынша, "борыштық жүктеме қауіпсіз деңгейде қалып отыр".

"Қарыз күліп келеді, жылап қайтады" деген қазақтың мақалы бар. Сол себепті бұл мәселе әрқашанда қатаң қадағалауда. Осы жұмыс ретінде, былтырғы жылы 10 автожол жобаларын сыртқы қарыздар есебінен қаржыландырудан біз бас тарттық. Оларға қаражат тікелей бюджеттен бөлінетін болады. Орта мерзімдегі жоспарда бюджет тапшылығын тек ішкі ресурстардың есебінен қаржыландыруды және оның мөлшерін келешекте жалпы ішкі өнімге шаққанда 1%-ға дейін төмендетуді жоспарлаудамыз. Квазимемлекеттік сектордың сыртқы борышы 2,6 млрд долларға азайып, 16,2 млрд долларды құрады. Холдингтер мен ұлттық компаниялардың сырттан қарыз алу операциялары үкімет тарапынан ерекше бақылауда болады", – деген ол мұның заңмен реттелетінін қосты.

Ұлттық холдингтер мен компаниялардың директорлар кеңесінде қарыздар алуда шамадан тыс міндеттемелерді болдырмау мәселесі ұдайы негізде қаралады екен. Өйткені бұл елбасының жолдауында қойылған міндет.

Бұдан бұрын Бақыт Сұлтанов мәлімдегендей, жолдаудағы тапсырмаға сәйкес, холдингтер мен ұлттық компаниялардың қарыз алу операциялары үкімет тарапынан қатаң қадағалауға алынған.

Қаржы министрлігінің қазынашылық комитетінің жедел дерегіне жүгінсек, 2017 жылғы 8 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанның мемлекеттік борышы 12 триллион 928 миллиард 334 миллион 811 мың теңгені құрайды.

Соның ішінде, Қазақстан үкіметі алған қарыз 10 триллион 102 миллиард 616,9 миллион теңге межесінде. Мұндағы ішкі борыш –      5 трлн 416 млрд 769,9 миллион теңге, ал сыртқы борыш –  4 трлн 685 млрд 846,9 миллион теңге болып отыр.

Ал ұлттық банк алған борышы  2 триллион 741 миллиард 228 миллион 779 мың теңгені құрайды.

Еліміздің әкімдіктері тартқан, яғни "Қазақстанның жергілікті атқарушы органдарының" борышы  84 миллиард 489 миллион 97 мың теңге.

Заңнама бойынша, бюджет кодексінің 201-бабына сәйкес, "Өзара талаптарды ескермей, Қазақстан заңнамалық актiлерiне сәйкес үкiметтің, ұлттық банкінің борышына немесе мәслихаттардың шешiмдерiмен жергiлiктi атқарушы органдардың борышына жатқызылған алынған, игерiлген және өтелмеген мемлекеттiк қарыздардың, сондай-ақ борыштық мiндеттемелердiң сомасы мемлекеттiк борыш болып табылады".

Мемлекеттiк борыш iшкi және сыртқы болып бөлінеді.

Yкiметтiң, ұлттық банктің және жергiлiктi атқарушы органдардың Қазақстан резиденттерi (соның ішінде елімізде тіркелген шетелдік компаниялар) алдындағы мемлекеттiк iшкi қарыздары мен басқа да борыштық мiндеттемелерi бойынша мемлекеттiк борышының құрамдас бөлiгi "мемлекеттiк iшкi борыш" болып табылады. Басқасының барлығы шетелден тартылған қарыздар.

Жалпы, қоғамдағы және парламенттегі алаңдаушылыққа не негіз болуда? Мәселен, қанды қырғынға душар болып, жерінің үлкен бөлігін қолынан шығарып алған, Ресей ақпарат құралдары арқылы қазақстандық аудиторияға "дағдарыс батпағына батқан ел" сияқты көрсетілетін Украинаның жиынтықты мемлекеттік борышы осы аптада хабарланғандай, ағымдағы жылы 1,05 миллиард долларға өсіп, 2,04 трлн гривенді немесе 77 миллиардтан астам долларды құраған. Алайда соның ішінде мемлекет кепілдік берген қарыздың көлемі небары 318,31 млрд гривенді немесе шамамен 12 млрд долларды ғана құрайды екен (қараңыз: http://tass.ru/ekonomika/4706112).

Ал отандық ақпарат құралдары ұлттық банктің деректеріне сүйене отырып, Қазақстанның сыртқы борышы 163,75 миллиард долларға жеткенін жария етті. Оның көлемі 2016 жылмен салыстырғанда, 10,37 млрд долларға (+6,7%) артқан көрінеді. Рас, оның басым көпшілігі мемлекет кепілдік бермеген, бірақ Қазақстан өтеуге тиіс қарыздар болып табылады. Мемлекеттің борышы болса, 40 миллиардқа жуықтады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу