АҚШ, Канада және Ресей сияқты елдерде хоккейшілер мансабын аяқтағаннан соң қаржылық қиындыққа жиі тап болатын көрінеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Неліктен дәл осы хоккейшілер? Өйткені, олар үшін үлкен спорт небәрі 30-35 жасында аяқталады. Осы уақыт аралығында спортшылар жоғары жалақы алады. Бірақ қаржылық сауаттылықтың жетіспеушілігі, сәтсіз инвестициялар және адамдарға сену сияқты факторлар хоккейшілердің қаржылық тұрақтылығына айтарлықтай қауіп төндіреді.
Мысалы, НХЛ жұлдызы Крис Пронгер зейнеткерлікке шыққаннан кейін көптеген ойыншының қаржылық жағдайы өте төмен болатынын атап өтті. Оның сөзінше, хоккейшілердің басым бөлігі табысының тұрақты емес екенін түсінбей, шектен тыс шығындарға жол береді. Пронгер әріптестеріне салықтар, агенттік төлемдер және басқа да шығындар бар екенін ескертеді.
Хоккейшілердің мансабы – өте қысқа. Орта есеппен 5-10 жыл, әрі кетсе 15 жыл. Сөз жоқ, бұл аралықта олар жоғары жалақы мен бонустар алады. Десе де, қаржыны басқарудағы сауатсыздық, сенімсіз кеңесшілерге алдану секілді факторлар біразын банкроттыққа дейін әкеледі. Көп жағдайда спортшы өзін бүкіл өміріне жететін қаражат тапқандай сезінетін көрінеді.
– Сіз 20 млн доллар таптыңыз делік. Бірақ бұл ақшаның 40%-ы салыққа кетеді. Агент пен менеджерге тағы 10-15%, өмір сүру құны, отбасы, үй, көлік... Сізге нақты қалатыны – шамамен 6-7 млн доллар ғана. Бұл ақша сізге өмір бойы жетпейді, – дейді хоккейші әрі НХЛ аңызы Крис Пронгер.
Міне, осы себепті кәсіби хоккейшілер мансабын аяқтағаннан кейін қаржылық қиындықтарға кезігеді.
Осы орайда, біз бірнеше мысал келтіргенді жөн санадық.
Сергей Федоров. Ресейлік аңыз ойыншы – 1990-2000 жылдары НХЛ-де ең көп жалақы алған ойыншылардың бірі. Ол мансабында 97 миллион доллар тапқанымен, алаяқтық инвестициялық схемаға түсіп, 43 миллион долларын жоғалтты. Ол аздай, екі үйінен айырылып, қарызын өтеу үшін тарихи отаны – Ресейге оралуға мәжбүр болды.
Джек Джонсон. НХЛ-де 17 маусым ойнап, 59 миллион доллардан астам табыс тапқан ойыншы. Хоккейші қаржылық басқаруды ата-анасына сеніп тапсырған, ал олар бола, спортшының болашақ табысына қарай жоғары пайыздық несиелер алып, сән-салтанатты өмір сүрген. Джонсон 2014 жылы банкроттық жариялап, 10-15 миллион доллар қарызға батқанын хабарлаған. Хоккейші ата-анасымен қарым-қатынасын үзген. Қарызын өтеу үшін бірнеше жыл ең төменгі жалақымен ойнауға мәжбүр болыпты.
Джо Мёрфи. 15 миллион доллар тапқанымен, НХЛ-дегі ойынын тоқтатқаннан кейін соң үйсіз қалып, Канадада көшеде өмір сүрді. Хоккейші кейіннен НХЛ-ге қарсы сот ісіне қатысып, өзінің жағдайын жария етті.
Бобби Орр. НХЛ тарихындағы ең танымал ойыншылардың бірі мансабын аяқтағаннан кейін қаржылық қиындықтарға тап болды. Ол агентіне алданды. Яғни, алаяқтың құрбаны болып, қарызға батты. Кейіннен Орр агентке қарсы сот ісін жүргізіп, қаржылық жағдайын қалпына келтіруге тырысты.
Тео Флёри. НХЛ-де 1988 жылдан 2003 жылға дейін ойнап, 41 миллион доллар табыс тапты. Десе де, ол құмар ойындарға, алкоголь мен есірткіге тәуелділікке байланысты қаржысыз қалды. Ақырында банкроттық жариялады.
Крис Саймон. НХЛ-де 15 маусым ойнап, 15 миллион доллар табыс тапты. Бұл хоккейші де мансабын аяқтағаннан кейін түрлі мәселеге кезікті. Әуелі денсаулық жағдайы мазаласа, кейін ақша жетіспеушілігі алдынан шықты. 2017 жылы банкроттық жариялады.
Брайан Троттье. НХЛ-де 6 Стэнли кубогын жеңіп алғанымен, үлкен спортпен хош айтысқаннан соң, яғни 1990-жылдары 9,5 миллион доллар қарызға батты. Ол тіпті өз-өзіне қол жұмсау туралы ойлағанын айтты. Кейіннен жақсы өмір сүру үшін барынша еңбек етті.
Бұл тақырыпта көптеген зерттеу мен мақала жазылған. Мысалы, Sportskeeda сайтында "5 NHL players who went broke ft. Jack Johnson" атты мақалада бірнеше хоккейшінің қаржылық қиындығы туралы кеңінен баяндалады. Ал біз бүгінгі мақаламызда санаулы ғана хоккейшінің өмірін мысалға келтірдік. Десе де, дәл осы спорт түрінде қаржыны күректеп тапса да, көпшілігі кейін тақыр кедейге айналатыны белгілі болып отыр. Әлбетте, бәрі емес, дегенмен басқа спортпен салыстырғандағы статистика соны байқатады.
Қазіргі уақытта НХЛ мен кейбір ұйымдар жас ойыншыларға қаржылық сауаттылық курстарын ұсынып жатыр. Сонымен қатар, зейнетақы қорлары мен инвестициялық қорғау, қаржылық сауат ұғымдары да біртіндеп енгізілуде. Қалай десек те, бұл шаралар өз деңгейінде атқарылса да, мәселе түбегейлі шешіліп кетпейді. Мұның себебі түсінікті.
Спортшылар, жо-жоқ жалпы барлық адам ақшаны өміріндегі басты құндылық деп есептеуі мүмкін. Бірақ, ол – тек ғана құрал. Дұрыс басқарылмаған, жүйеленбеген құрал қашан да қауіпке айналады. Әрі бұл – тек хоккейге ғана емес, барлық кәсіби спорт түріне ортақ сабақ. Жас спортшыларға карьера кезінде де, кейін де, қаржылық сауат пен жоспарлау – аса маңызды.