Қаржының құты қашты

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5123

Шетелде бұғатталған барлық капитал еліміздегі ЖІӨ-нің 17%-ын және  Ұлттық қордағы қаражаттың 40%-ын құрап отыр. 

Қаржының құты қашты

Былтыр Ұлттық қордағы 22 млрд доллардың бұғатталуына түрткі болған  молдовалық әкелі-балалы олигархтар Анатол Стати мен Габриэль Статидің кесірі биыл "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының мұхиттың арғы жағындағы акцияларына тиді.

Амстердамның аймақтық соты голландиялық KMG Kashagan BV компаниясындағы "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының 5,2 млрд доллар көлеміндегі активін бұғаттау туралы шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Айта кетейік, біздің ел осы актив арқылы құрамына Shell, Eni, Exxon және Total компаниялары кіретін ірі халықаралық консорциумның жұмысына қатысады.

Бүгінгі таңда еуропалық компаниялардағы Қазақстанның өзге де үлесінің құты қашып тұр. Мысалы Volvo, Skanska, Electrolux, Nordea бастаған Швецияның 33 мемлекеттік компаниясында Қазақстанның 100 млн доллары қатып жатыр.

"Жығылғанға жұдырық" демекші, тап қазір біздің ел жоғарыдағы активтерге қатысты барлық экономикалық құқығынан айырылған.

Қаржыгерлердің есептеуінше, бұғатталған барлық капитал еліміздегі ЖІӨ-нің 17%-ын және Ұлттық қордағы қаражаттың 40%-ын құрайды.

Бірден айтайық, бұғатталған ақша ұлттық экономиканы табан астында әлсіретіп, діңкелетіп тастамайды. Дегенмен бір ақиқат бар: бүгінгі таңда Қазақстанның сыртта сақтап отырған қаржысы қауіпсіз жағдайда емес.

Осыған қатысты әділет министрі Марат Бекетаев: "Қазақстанның бұғатталған қаржысын ешкім тартып ала алмайды. Актив біздің меншікте қалады", – деген пікір білдірді. Осылай дей тұра ол: "Қазақстанға тек 1 жарым миллиардтан айырылу қаупі төніп тұр. Ол талап арызда көрсетілген сома. Сотта Қазақстанның мүддесін әділет министрлігі қорғайды. Біздің үкімет молдовалық инвесторға бір тиын да беруге міндетті емес. Сондықтан Лондон сотында Анатолий Статидің алаяқтық жасағанын дәлелдеуге бар күшімізді саламыз. Сот 2018 жылдың қазан айына бекітілген", – деді.

Бізді Қазақстан азаматы ретінде министрдің 1 жарым миллиардқа қатысты пікірі алаңдатады. Өйткені молдовалық олигархтардан жеңіліп қалған жағдайда қазына қаржысынан немесе Ұлттық қордан шытырлатып көк қағаз санап беруге мәжбүр боламыз.

Біз "жеңіліп қалған жағдайда" дегенді бекерден-бекер айтып отырған жоқпыз. Себебі бұған дейінгі сот отырысында Қазақстан Анатол мен Габриэль Статиге есе жіберіп алған.

Қазақстан билігін өздерінің меншігіне рейдерлік жасады деп айыптаған әкелі-балалы олигархтар 2010 жылы  сот арқылы 4 млрд доллар талап еткен. 2013 жылдың желтоқсанында халықаралық арбитраждық сот Молдова азаматы Анатол Стати бастаған шағымданушылар тобының пайдасына шешім шығарып, Қазақстанды 506 млн доллар өтемақы төлеуге міндеттеген. Осының ізінше Қазақстан Ұлыбританияның жоғарғы сотына қарсы шағым түсірді. 2017 жылдың 6 маусымында палата алдыңғы шешімді заңсыз деп танып, молдовалық олигархтарды Қазақстанға жығып берді.

Алайда Швеция мен Голландия соты Ұлыбритания жоғарғы сотының үкімі олардың шешіміне өзгеріс енгізе алмайтынын алға тартты. Бұл дәл қазіргі уақытта Қазақстан молдовалық олигархтарға қыруар қаржы қарыз деген сөз. Естеріңізге сала кетейік, молдовалық AscomGroup S.A. компаниясының басшысы Анатол Стати 2005 жылы Маңғыстау облысындағы Боранкөл газ өңдеу зауытының құрылысына 156,2 млн доллар қаржы құйған. 2009 жылы Қазақстанның қаржы полициясы Ascom Group компаниясына қарасты "ҚазПолМұнай" және "Толқынмұнайгаз" компанияларын тексерген. Нәтижесінде шетелдік компанияның мұнай құбырларын лицензиясыз пайдаланып, 21 млрд 675 млн теңге заңсыз табыс тапқанын әшкерелеген.

Бұған қоса Анатол Стати газ өңдеу зауытының құрылысына пайдаланылған құрал-жабдықтың құнын 100 млн доллар деп асыра көрсеткен. Көрсетілмеген қызмет түрлеріне 44 млн, орнатылмаған қондырғылар үшін 72 млн доллар аударған.

Статидің сарсаңынан соң ел аумағынан асатын әр тиын қатаң бақылауға алынатын болды. Қажет болатын болса, Ұлттық қор мен біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы капитал бірігуі мүмкін. Бұл туралы елбасы 25 желтоқсан күні мемлекеттік арналар арқылы берген сұхбатында: "Зейнетақы қаражатымен бұдан әрі не істейміз. Мысалы Норвегияда жақсы тәжірибе бар. Олар зейнетақы қаражатын ұлттық қормен біріктірген. Ол адамдар үшін сенімді бірыңғай қор болды. Бірақ та бұл қаражат мемлекет бақылауынан шығып кетпеу керек. Мен мұны түсіндім. Қалай болғанда да мемлекет зейнеткерлер алдында жауап береді", – деді.

Дәл қазіргі жағдай Ұлттық қордың құқықтық қорғалу деңгейінің төмендігін және валюталық ресурсты өзге елдің эконоикасына құю қауіпті екенін көрсетіп отыр. Ал Ұлттық қор мен біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы капиталдың бірігуіне келетін болсақ, Норвегияның тәжірибесі Қазақстанға жарай ма, жарамай ма соны анықтап алу керек сияқты. Себебі бұл туралы журналист Руслан Желдібай әлеуметтік желідегі парақшасына: "Екі ай бұрын Норвегияның ұлттық қоры $ 1 трлнды құрады деген ақпарат әлемді біраз шулатқан болатын. Әсіресе соған ұқсас қорлары бар елдерді бұл мәлімет таң қалдырды. Бәрі де "неге бізде бұлай емес?" деп сұрақ қойды. Бәлкім осы фактор аталмыш мәселеге ықпал еткен шығар. Алайда Норвегияның қоры ресми Government Pension Fund of Norway деп аталғанымен зейнетақ жүйесінен бөлек. Яғни мұнда мұнайдан түскен қаражатты инвестициялаумен айналысады. Ешбір зейнетақы аудару туралы заңды механизм жоқ. Үкімет әлі бұл сұрақ бойынша шешімге келмеген. Оның үстіне, олар бұған мұқтаж емес сынды. Бізде болса сәл бөлек. Біріңғай зейнетақы қорында 23 млрд доллар болса, ал Ұлттық қорда 57 млрд доллар бар. Халықтың аталмыш екі қорға да сенімі тым төмен. Бұған соңғы скандалдар себеп болып отыр. Мәселен Әзірбайжан банкіне салынған 250 млн доллар зейнетақы қорының қаржысы мен Ұлттық қордың 40% қаражатын бұғаттаған Bank of New York Mellon фактілерін айтсақ болады. Жалпы, соңғы 8 жыл ішінде Норвегия ұлттық қорының тек 1% пайдаланған. Ал Қазақстан дағдарыс жылдары Ұлттық қордан 83 млрд доллар алған. Мұның себебі меніңше, басқару жүйесінде сынды. Мысалы Норвегия ұлттық қорының ақшасын 77 елге, 8985 компанияға салған екен. Ең қызығы, қорда 550 ғана қызметкер бар. Мықты мамандарды әлемнің 35 елінен жинапты. Олардың миссиясы да анық жазылыпты: "Our mission is to ensure financial wealth for the Norwegian people through responsible management of the fund". Бастысы, бәрі де ашық, арнайы сайтына кіріп өзіңіз қалаған ақпаратты таба аласыз: https://www.nbim.no/en/the-fund/ Олардың басты құпиясы да осы. Басқа ештеңе де емес. Айтпақшы мұнай қоры бойынша Қазақстан әлемде 12 орында болса (халық саны 18 млн), Норвегия 21 орында (халық саны 5,2 млн) екен", – деп жазды. 

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу