Кәсіпкер вендинг-автоматтарда дәрі сатқысы келеді

4075

Инновациялық жап-жақсы бизнеске тірлігі шабан шенділер тұсау болып тұр. 

Кәсіпкер вендинг-автоматтарда дәрі сатқысы келеді

Болашақта жоғалатын кәсіп-мамандықтардың қатарында провизорлар бар деседі. Себебі қазірдің өзінде дамыған елдерде дәріхана бизнесінің жаңа бағыты өркен жая бастады. Ол медициналық вендинг аталады.

Қазіргі кезде еліміздің ірі қалаларында тесігіне тиын тықсаңыз, тазартылған әрі озондалған ауызсуды құйып беретін вендинг аппараттар кең таралуда. Сондай-ақ тіскебасар, жеңіл тамақтар, бөтелкеленген сусын, кофе сататын автоматтар да таңсық емес. Дәрі-дәрмек вендингінің олардан айырмашылығы шамалы. Демек, озық елдер қатарлы бұл жаңа бизнесті Қазақстан дамытса, бүкіл посткеңестік елдерге үлгі болар едік.

Сарапшылардың мәліметінше, вендинг автоматтардың әлемдік нарығы 2021 жылы 134 млрд долларды құрады. Соның ішінде Quadintel компаниясының сараптамалық есебіне сәйкес, медикамент сататын интеллектуалды сауда автоматтарының нарығы былтыр 5,91 млрд долларға жетті.

Absolute Markets Insights консалтинг компаниясының бағалауынша, медициналық вендинг автоматтардың әлемдік нарығының көлемі 2027 жылға дейін жыл сайын орта есеппен 21,7%-ға өсіп отырады. Әрине, бұл бизнеске пандемия серпін берді. Індеттің таралуы кемігенімен, дәріхана-автоматтарға деген сұраныс сақталады, өйткені бір жағынан дәріханалық желілер тарапынан қорларды тиімді басқаруға деген сұраныстың артуы осыған ықпал етеді. Екінші жағынан жедел медкөмек қажет болғанда сырқаттарға автомат ыңғайлы: ол тәулік бойы жұмыс істейді, түскі үзіліске, түнемелге жабылмайды.

Бірақ дәріханаға қарағанда, вендингтегі дәрілік препараттар ассортименті азырақ болады. Сондықтан автоматтарда халыққа бірінші кезекте қажетті медикаменттер сатылады.  

Осы салаға маманданған ресейлік "Вендшоп" басшысы Михаил Водопьяновтың айтуынша, дамыған елдер мұндай автоматтарда рецептісіз препараттарды, әртүрлі медициналық бұйымдар мен тауарларды ғана емес, тіпті тек рецептпен жіберілетін дәрмектерді де саудалауға рұқсат етуде екен.

"Заманауи, интеллектуалды сауда автоматтары адамның қатысуынсыз-ақ медтауарларды бөліп, орынды-орнына қоюға, тиісті тауарды беруге қауқарлы. Әлдебір дәрі таусылса, иесіне хабар жібере алады. Осы арқылы халықтың уақытын, иесінің қаржысын үнемдейді. Ол сондай-ақ қандай дәрілердің сатылғаны туралы деректерді сақтап, есеп бере алады. Оның үстіне тек монеттерді ғана қабылдамай, картамен, банкноттармен, қолма-қолсыз төлемнің басқа түрлерімен есеп айырысуға мүмкіндік береді. Оларда онлайн-касса қарастырылады", – дейді маман.

Мұндай аппараттарды әрбір тұрғын үй кешеніне, мектептерге, ауруханаларға, әуежай-вокзалдарға, кез келген жерге орнатуға болады. Батыс елдерінде рецепт талап етілетін препараттары бар вендингтер сегменті басым. Оларды негізінен, университеттік қалашықтарда орнату тәжірибесі кең танымал екен. Әдетте ондай қалашықтар қаладан алыстау орын тебеді, шұғыл қажет препарат үшін қалаға қатынауға шәкірт жастардың көлігі бола бермейді.

Халықаралық нарықта бұл саланың "BD", "Capsa Healthcare", "CVS Health", "InstyMeds", "Intelligent Dispensing Solutions", "Omnicell", "Pharmashop24", "ScriptPro", "Xenco Medical" секілді жетекші брендтері бар. Дәріхана-автоматтар құны шамамен 550 мың теңгеден басталып, бірнеше миллион теңгеге дейін барады.

Қазақстандық кәсіпкерлер бұл аппараттарды елге әкеліп, қаптатып қоюға пандемиядан бұрын талаптанып көріпті.

"Вендинг-машиналарда халық арасында ең танымал дәрі-дәрмектер, медбұйымдар қойылады. Олардың қатары сонша көп те емес. Қалай болғанда, бір өзі 1 мың аталымға дейін медтауарды сиғыза алатын автоматтар бар. Біз қарастырған автоматтар тіпті медициналық қызметтер көрсете алады. Айталық, адам сол арқылы салмағын, бойын, қан қысымын, тамыр соғысын өлшей алады. Егер клиент қолма-қол ақшамен төлесе, айырмасын қайтарады. Еуропа мен АҚШ-та дәріханалары жоқ аудандардың бәрі дерлік осындай аппараттармен жабдықталады. Рецептілі дәрілерді босататын арнайы автоматтар бар. Олар бизнеске де қолайлы: дәрі сатылымының көлемін арттырады, бизнес шығындарын азайтады, кезекті болғызбайды. Себебі, вендинг-машина сұралған тауарды тез іздеп тауып, жылдам ұсынады", – дейді кәсіпкер Сымбат Салин.

Өзге автоматтардан ерекшелігі сол, медвендингтердің ішінде дәрі-дәрмекті сақтау үшін қажетті температура сақталады.

"Қазақстанда сусын түрлерін, балмұздақ, тіпті сигарет сататын автоматтар бар. Сауда орындарында, көшеде ұялы телефонның балансын толтыруға арналған аппараттар – төлем терминалдары тұр. Алайда дәріханалық тауарларды саудалайтын автоматтар сол бойы пайда болмады. Өйткені отандық заңнамада ең құрығанда рецептісіз дәрілерді вендинг аппараттар арқылы сатуға рұқсат ететін нормалар жоқ. Сол себепті дәріхана тауарларын босататын вендинг аппараттарын елге әкеліп, пайдалану үшін қолымызда қандай құжаттар болуы керектігін, бұл аппараттарды орнату кезінде қандай заңдық актілерді, ережелерді, рәсімдерді басшылыққа алу қажеттігін білмейміз", – дейді С.Салин.

Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрі-дәрмек саясаты департаментінің түсіндіруінше, "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" заңына сәйкес, біріншіден, дәрілік құралдар мен медициналық бұйымдардың, соның ішінде құрамында есірткі заттары бар дәрілік препараттардың, психотропты заттар және олардың прекурсорларының айналымымен байланысты фармацевтикалық қызмет – міндетті түрле лицензиялауға жатады.

Екіншіден, егер дәріхана-автоматтары әкелінетін болса, олар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келуге тиісті. Ол талаптар Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 7 шілдедегі №ҚР ДСМ-58 бұйрығымен бекітілген "Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларында белгіленген.

Алайда кәсіпкерлер Қазақстанда медициналық вендинг бизнесін бәрібір енгізе алмайды. Аталған "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" заңда медикамент сататын автоматтарды лицензиялау қарастырылмаған.

"Сондай-ақ, дәрілік құралдар мен медициналық бұйымдардың бөлшек саудасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 17 қыркүйектегі №ҚР ДСМ-104/2020 бұйрығымен бекітілген "Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада өткізу қағидаларымен" реттеледі. Ол құжатта вендинг-машиналар қарастырылмаған. Осылайша, вендинг аппараттарын пайдалана отырып, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды айналымға жіберу де, ондай аппараттарды аумақтық орналастыру да Қазақстанда нормативтік құқықтық актілермен еш регламенттелмеген", – деген түсініктеме берді Дәрі-дәрмек саясаты департаменті.

Яғни, мұндай аппараттарды орнатуға рұқсат жоқ. Қашан рұқсат етілетіні де белгісіз. Сарапшылардың айтуынша, пандемия артта қалғандықтан, дәріхана-автоматтарын Қазақстанда көптеп қоюға құлшынып отырған бизнесмендер аз. Сондықтан ұсыныс көп түспегендіктен, осы мәселеге бола, заңнаманы және өзге актілерді өзгерту ДСМ-нің күн тәртібінде әзірше жоқ.

Іс-қимылда әбжілдік орнына шабандық таныту, бюрократияға бейім тұру, проактивті қызмет көрсете алмау, жаңашылдықтарға тыйым салуға әуестену жөнінен біздің шенеуніктер Ресейден көп алыс кеткен жоқ. РФ "Гигиена және эпидемиология орталығының" дерегінше, қазіргі уақытта РФ Жоғарғы сотының 2015 жылғы 13 сәуірдегі №А54-7605/2012 анықтамасына сәйкес, Ресейде дәрілік препараттарды вендинг автоматтары арқылы таратуға тыйым салынған.

"РФ Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмекті сауда автоматтары арқылы сатуға рұқсат етуді жоспарлап отырған жоқ. Қазіргі кезде дәрілер өткізуге арналған вендинг автоматтарының бүкіл қызметі бұласыр-пластырь, дәке, тіс пастасы, линза, сағыз, гигиена заттары, мүшеқап және басқа да дәріханалық лицензия талап етілмейтін тауарларды саудалаумен ғана шектелген", – делінген орталықтың хабарламасында.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу