Кәсіпкерлер жағымсыз жарнамасы үшін айыппұл арқалайды

2475

Бұған бірнеше қала тұрғындарынан түсіп жатқан қаптаған шағымдар түрткі болыпты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Кәсіпкерлер жағымсыз жарнамасы үшін айыппұл арқалайды Фото: canva.com

Қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар топтамасы әзірленді.

Соның ішінде кодекстің "Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңнамасын бұзу" деп аталатын 455-бабының екінші бөлімі 7-1), 7-2) жаңа құрамдарымен толыққалы тұр. Оларға сәйкес, ел ішінде танымал жарнаманың бірнеше түріне тыйым салу ұсынылады.

Мысалы, жаңа 7-1-тармақшасы бойынша аудиоколонкалар, дауыскүшейткіштер, рупорлар, радиолар және басқа да құрылғылар көмегімен көшені басына көтеріп, жарияланатын аудиожарнаманы, яғни дыбыстық жарнаманы енді:

  • елді мекендердегі ғимараттан, басқа да үй-жайлардан тыс ашық кеңістікте, сыртта,
  • көше жиегінде, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарында,
  • сондай-ақ кез келген елді мекендерден тыс, ашық далада таратуға тыйым енгізілмек.

Келесі тыйымды тротуарларға, веложолдарға, автожолдарға бормен, бояумен және басқасының көмегімен жарнама жазуға қатысты енгізу ұсынылды.

Әзірге бұл салаларда ұлттық заңнамада ешқандай тыйым мен реттеу жоқ көрінеді. Салдарынан бұл бақылау органдарының әрекетсіздігіне соқтырыпты. Олар тұрғындар тарапынан түсіп жатқан ұжымдық шағымдарға да ден қоя алмайды. Өйткені заңмен рұқсат етілген.

Мысалы, Петропавл қаласында көп пәтерлі үй тұрғындарының ұжымдық шағыммен жүгірмеген жері жоқ. Полицияға, прокуратураға, СЭС органдарына, әкімдікке де жүгінген. Ақпарат құралдары өкілдерін де шақыртыпты. Оларды жақын маңдағы "Көтерме сауда орталығының" төбесіне орнатылған динамиктерден таңнан кешке дейін саңқылдаған және үнемі қайталана беретін жарнама мезі еткен.

Алайда заңнамада ықпал ету тетіктерінің қарастырылмауы салдарынан, проблема сол бойы шешілмей қалды және тұрғындардың құқықтары қорғалмады. Петропавл қаласының әкімдігі базар басшылығымен тек профилактикалық әңгіме өткізумен тынды. Бұл ешқандай нәтиже бермепті.

Петропавлдықтар сауда орталығының бірнеше дыбыскүшейткішінен тоқтаусыз төгілген, қайталана беретін тауарлар мен қызметтердің аудиожарнамасының шуы жүйкелерін жұқартып біткеніне шағымданды.

"Базар аумағындағы 4 дыбыскүшейткіштен "Маркет-Радио" хабар таратып, жеңілтек музыка мен құлақты сарсылтатын жарнамалық хабарландыруларын күн сайын, үзіліссіз және демалыс күндері де қояды. Бұл ретте хабар тарату дыбысының қаттылығы сонша, оны тек жақын жердегі үйлерде ғана емес, іргелес тұрғын алаптарынан да тыңдауға болады. Бұл у-шу әсіресе, үйдегі қариялар мен сәбилі аналарға, сырқат жандарға ауыр тиеді. Барлығымызға есік-терезені ашпай, үнемі тарс жабық ұстауға тура келеді. Бірақ ол да көмектеспейді. Содан дыбыстық жарнамадан бір ығыр болып, жазғы аптап пен қысқы қапырықтан екі зардап шегеміз. "Шу тозағына" төзу үшін тыныштандырғыш-седативті препараттарды ішуге мәжбүрміз", – деп жазған екен тұрғындар билік органдарына бағытталған ұжымдық шағымында.

Ұқсас ұжымдық шағымдар СҚО, Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында және өзге қалаларда жазылған.

Құзырлы органдарға түскен шағымдарға жүгінсек, мысалы, тұрғындар Астанадағы Қошқарбаев даңғылында орналасқан Aspan Bazar сауда орталығына қатысты арызданыпты. Орталық "Нұр-Аспан" тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында, сондай-ақ көлігі көп Қошқарбаев-Жұмабаев даңғылдарының қиылысына жақын жерде тұр. Сауда үйінде бұрын таңғы сағат 10.00-ден кешкі 20.00-ге дейін тұрақты түрде сыртқы дыбыстық жарнамалар мен хабарландырулар жарияланған. Салдарынан, "Нұр-Аспан" тұрғын үй кешенінің тұрғындары бұл жарнаманы бас тарту құқығынсыз, құлағының құрышы қанғанша, күні бойы естуге мәжбүр болған.

Қарағанды қаласында City Mall сауда ойын-сауық орталығының жанында орналасқан үйдің тұрғындары да шағымданды. Бұдан бөлек, "Абзал" сауда үйіне, "Юбилейный" дүкеніне және "Грандстор" сауда үйіне қатысты да арыз-шағымдар болған екен.

Қарағанды қаласының әкімдігі шаһарда аудиожарнаманың көп екенін мойындады. Қарағандыда заңсыз орнатылған 50-ге жуық дауысзорайтқыштар бұзылды. Бірақ олар артынша қайтадан пайда болатын көрінеді. Бұл ретте колонканың өзінде оны орнатушы туралы ақпарат жазылмағандықтан, оның иесін анықтау қиын.

Семей қаласында Засядько көшесінің тұрғындарынан "Арғымақ" сауда үйінің ғимаратында орнатылған аудиожарнамаға шағымдар түсіпті: ол сегіз, тіпті тоғыз сағат тоқтаусыз хабар таратады.

Өскемендіктер де қатты жарнамадан шаршағандарын айтып, мұң шақты. Қостанайлықтар тіпті "дыбыс тозағы" ("звуковой ад") деген терминді ойлап тапты.

Шынында, дәрігерлердің пікірінше, тұйықталған түрде қайталана беретін музыка немесе жарнама адамның жүйке жүйесіне теріс әсер етеді, оның белсенділігі мен еңбекке қабілеттілігін басып, мең-зең етеді. Сондықтан бұрынғы ғасырларда кейбір шет мемлекетте бұл тәсіл азаптаудың бір түрі ретінде қолданылған.

Мұны "шулы ластану-шумовое загрязнение" деп атайды. Ол тітіркенуді, ашушаңдықты, агрессияны, артериалды гипертензияны, тиннитусты (құлақтағы шулар) тудыруы, тіпті есту қабілетін жоғалтуға әкелуі мүмкін. Әлеуметтік кернеу тууына да ықпалын ескерген маңызды. Өйткені қанша арыз түссе де, әкімдіктер, өзге инстанциялар заңнамада оған тосқауыл қоятын норма жоқтығын алға тартып, әрекетсіз қалады. Немесе, әкімшілік ресурсты іске қосып, кәсіпкерге қысым жасап көреді. Мұнысы енді заңсыз.

Полицейлер болса, жұмыс күндері түнгі сағат 22:00-ден таңғы 9:00-ге дейін және мереке немесе демалыс күндері сағат түнгі 23:00-ден таңғы 10:00-ге дейін "түнгі тыныштықты бұзғаны" үшін ғана әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын түсіндірді. Бұл кезде көше радиолары тынышталады. Формалды түрде заң бұзбайды.

Сол себепті, жаңа тыйымды енгізіп, бизнес нысандарын әлеуметтік жауапкершілік танытуға иліктіру қоғам тарапынан қолдау тапса керек.

Осыған байланысты жаңа заңнамалық түзетулер аясында ұсынылып отырған тыйым салуларды бұзғаны үшін әкімшілік ықпал ету шаралары да енгізілетін болады.

Тыйымды бұзғандарға, соның ішінде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 100 АЕК (2024 жылы 369 200 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК (738 400 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 400 айлық есептік көрсеткіш (1 476 800 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

Үкімет осы жаңашылдыққа қатысты 2023 жылғы 10 қарашада мүдделі кәсіпкерлік субъектілерімен, салалық қауымдастықтармен, "Атамекен" ұлттық палатасымен кездесу өткізген екен. Наразылық, ескертулер мен ұсыныстар түспепті.

Бұл талаптың орындалуына мемлекеттік бақылауды жергілікті әкімдіктер жүргізетін болады. Жергілікті атқарушы органдар бұзушылықтарды анықтау үшін сауда орталықтарына, басқа да бизнес субъектілеріне тексеріспен бармайды, рейд жасамайды. Халықтан түскен шағымдарды қарайды, немесе қаланы тұрғын ретінде аралап, тыңдап, көшеде дыбыстық жарнаманың естілмеуін қадағалайды.

Жоспардан тыс тексерістер тек тіркелген шағымдар негізінде ғана жүзеге асырылады. Биылған бастап, шағын және орта бизнес нысандарын тексеруге қойылған көпжылдық мораторий жойылғанын еске сала кеткен жөн.

Жаңа талап пен жаза тек қоғамдық орындарда аудиожарнама орналастырумен айналысатын жарнама компанияларын ғана шектейді. Мемлекеттің және басқа бизнес субъектілерінің шығын шығармайтыны айтылды.

Бұл тыйымның қашан енгізілетіні Парламентке байланысты болмақ. Ол қабылдаса, Президент қол қойса, іске қосылуы тездетіледі. Жаңа тыйымдар заңның қабылданып, ресми баспасөзде алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу