Каспий теңізіне мәртебе беріледі

4178

"Каспий бестігінің" жиырма жылдық келісімі Ашхабад пен Астанадағы кездесумен аяқталуы мүмкін.

Каспий теңізіне мәртебе беріледі

2017 жылы Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түркіменстан және Иран президенттері Астана қаласында өтетін саммитте Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қоюы мүмкін. Мұның алдында бес елдің сыртқы істер министрлері Ашхабадта кездесу өткізіп, құжатқа қол қояды.

Алда болатын бұл шара жайлы сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов үкімет сағатында мәлім етті.

"Түркіменстанда өтетін кездесудің уақытын күтіп отырмыз, конвенция бойынша уағдаластық болса, саммит Астанада өтеді", – дейді Қайрат Әбдірахманов abctv.kz-ке берген сұхбатта.

Ол барлық бес елдің өзара келісімін қажет ететін мәселелерді айтып өтті. Оның ішінде Каспий теңізінің түбін бөлу принципі, әскери кемелердің өту тәртібі, Каспий теңізінің түбінде құбыр желісін салу, келешекте Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция талаптарын орындауға мониторинг жасау бар.

"Біз Каспий теңізінің құқықтық мәртебесіне қатысты мәселені шешуге асықпай, бірте-бірте келе жатырмыз", – дейді министр.

Кезінде Ресей мен Иран Түркіменстанның Каспий теңізінің түбіне құбыр желісін орнатқысы келгеніне қарсы болған-тын. Транскаспий құбыр желісі түркіменнің газын Ресейді айналып өтіп, Еуропаға жеткізуге мүмкіндік берер еді. Күні бүгінге дейін Каспий теңізі арқылы жаңа экспорттық қуатты құруға тек ресми Ашхабад қана емес, Астана да қызығушылық танытып отыр.

"Каспий теңізінің түбіне құбыр желісін салу – біз үшін маңызды мәселе болып тұр. Қазір көмірсутегі шикізаты экспорты бағытын әртараптандыруға қызығушылық танытып отырмыз", – дейді ол.

Каспий маңындағы мемлекет президенттерінің саммиті бесінші рет өтеді. Бұған дейінгі төрт кездесу – 2002 жылдың 23-24 сәуірінде, 2007 жылдың 16 қазанында, 2010 жылдың 18 қарашасында, 2014 жылдың 29 қыркүйегінде өткен. Сонымен бірге 1996 жылдың 11-12 қарашасында, 2004 жылдың 6 сәуірінде, 2007 жылдың 20 маусымында және 2014 жылдың 22 сәуірінде сыртқы істер министрлерінің кеңесі болған. Ковенцияны әзірлеу жөніндегі келіссөз арнайы жұмыс тобының Каспий маңы мемлекеттері сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары, сондай-ақ екі-үш тараптың кеңесі аясында өтеді.

Қазақстан мен Ресей 1998 жылдың 6 шілдесінде Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің ара-жігін ажыратуға келісім жасап, 2002 жылдың 13 мамырында бұл келісім хаттамамен бекітілді. Хаттамада ең бірінші жер қойнауын пайдалану құқығын іске асыруға басымдық берілді. Осындай келісім Қазақстан мен Әзербайжан арасында 2001 жылдың 29 қарашасында жасалды, ал келісімге хаттама 2003 жылдың 27 ақпанында жасалды. 2003 жылдың 14 мамырында Қазақстан, Ресей және Әзербайжан арасында Каспий теңізі түбінің шектес учаскелерін межелеп бөлу сызықтарының түйісу нүктесі туралы келісім жасалды.

2015 жылдан бастап Қазақстан мен Ресей бірлесіп, Каспийдің солтүстік бөлігіндегі "Орталық" кен орнындағы жер қойнауын әзірлеп жатыр, ол жер Ресейдің (жер қойнауын пайдалану құқығы "ҚазМұнайГаз" (50% үлес) және "ЛУКОЙЛ", "Газпром" компанияларына берілген) құзыретінде. Тиісті құжаттарға 2015 жылдың 15 қазанында қол қойылған. Қазақстан-ресей кәсіпорны 7 жыл бойы геологиялық барлау жасап келеді, содан кейін аукцион жүргізбестен, 25 жылға кен өндіруге лицензия алады. Алдын-ала жасалған болжамды С1 категориялы кен орнының қоры – 6 млн, С2 – 84 млн тонна, жиынтық қор – 90 млн тонна болған.

Құралай Әбілғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу