Каспий теңізін жағалаудағы бес мемлекет қалай бөлісті

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
38178

Каспийдегі мұнай мен газдың тең жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі.

Каспий теңізін жағалаудағы бес мемлекет қалай бөлісті

Каспий теңізі жағалауындағы бес мемлекет 22 жылдық келіссөздерден кейін әлемдегі ең ірі "көл" – Каспий теңізінің мәртебесі туралы таласқа нүкте қойды. Осы құжат бойынша екінші "Парсы шығанағы" аталып кеткен бұл аймақтың мұнай мен газын барлауды, өндіруге және тасымалдауды біркелкі етілмек.

Тоқсаныншы жылдардың басынан бастап-ақ Иран Каспийді көл принципімен, яғни Каспийді бәріне теңдей етіп бөлуді ұсынған. Қалған төрт ел: Әзербайжан, Қазақстан, Ресей мен Түркіменстан теңіз принципімен, яғни жағалаудан ондаған шақырым әр мемлекеттің меншігі, ал қалғанын ортақ аймақ ретінде тану керектігін алға тартты. Нәтижесінде, Каспийдің тереңдігін теңіз, ал судың беткі қабатын көл деп танитын болды.

Ресей сыртқы істер министрі орынбасары Григорий Карасиннің айтуынша, Каспий теңізіне БҰҰ-ның 1982 жылғы теңіз мәртебесі бойынша тұжырымдамасы да, транскөлдерге қатысты принциптері де жүрмейді. Бес мемлекеттің кешегі кездесуінің қорытындысы құжаты бойынша, бұдан былай Каспий теңізінің кез келген тереңдігі мен аймағы туралы нақты құжат бойынша өзіндік мәртебесі болмақ. Оны бөлудің ортақ принциптері айқын. Бұрын тартысты аймақтар бойынша дау-дамай бес мемлекеттің қатысуымен шешілуі тиіс болып келген болса, енді сол аймаққа көршілес жатқан мемлекеттердің екіжақты қатысуымен шешім табыла бермек.

Иранның бүгінге дейін Каспийді теңіз принципі бойынша бөлуге қарсы шығып келген себебі, парсылардың Каспий жағалауындағы шекарасының өзге мемлекеттерден кішкентайлығы. Мәселен, теңіз принципімен бөлгенде Иран Каспийдің 10%-ына ғана үмітті болса (оның өзі ең терең жерлері), ал көл принципімен бөлгенде Каспийдің 20%-ын алар еді.

Америка Энергетика Әкімшілігінің (EAI) есептеуінше, Каспийде қазіргі таңда шамамен дәлелденген 6,5 млрд тонна мұнай мен газ қоры жатыр. Бұл дегеніңіз мұнай бағасының қазіргі құнымен 8 трлн доллар. Ал алдын ала есептеу бойынша, бұл көрсеткіш бір жарым есеге дейін өсіп кетуі де ғажап емес.

Қалай дегенде де, бес мемлекеттің бесеуі де бүгінге дейін Каспий аймағындағы мұнай кен орындарын қиындықсыз өндіріп келді. Оған дәлел – Қашаған. Алайда, теңіздің ортасына жақын аймақтарда азын-аулақ келіспеушіліктердің болғаны жасырын емес.

Каспий теңізі аймағындағы жоғарыда аталған 6,5 млрд тонна мұнай мен газдың 2,15 млрд тонна мұнай мен 0,91 млрд тонна газы – Қазақстанға; 0,90 млрд тонна мұнай мен 1,18 млрд тонна газы – Әзербайжанға; 0,20 млрд тонна мұнай мен 0,38 млрд тонна газы –  Ресейге, 0,13 млрд тонна мұнай мен 0,21 млрд тонна газы –  Түркіменстанға, қалған 0,3 млрд тонна мұнай мен 0,2 млрд тонна газы Иранға тиесілі.

Мемлекет басшыларының кешегі саммитінің қорытындысы бойынша қабылданған тұжырымдама бойынша теңізді бөлу сызықтары болмайды. Ол үшін арнайы келісім жасалады. Бұл келісімдер қазірдің өзінде бірнеше мемлекеттер арасында бар. Тек Иран ғана тежеп отыр. Теһран әзірге ортақ ережелерге қол қойды. Сарапшылардың айтуынша, Ресей, Қазақстан, Әзірбайжан және Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы келісімдер Иранға үлгі болуға тиіс.

Иранның АҚШ санкциясына ілігуі бұл елдің Ресеймен жақынырақ араласуына түрткі болды. Бұл өз кезегінде аталған тұжырымдама ішіне аймақта бестіктен басқа мемлекеттердің әскери орналасуына тыйым салу туралы бөлімді де қосуға алғышарт болды. Бұдан былай заң бойынша Каспий аймағында бұл бес мемлекеттен басқа елдердің әскери базасы орналаса алмайды. Естеріңізге сала кетейік, бірер ай бұрын орыс ақпарат құралдары Қазақстан Каспий теңізіне АҚШ әскери базасын салуға рұқсат беріпті деген алыпқашпа әңгіме тараған еді.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу