Каспий теңізінің мәртебесі айқындалатын күн жақын

5802

Каспий теңізінің мәртебесін анықтауға қатысты көпжылдық пікірталасқа нүкте қою үшін Каспий маңындағы бес мемлекеттің басшылары 12 тамызда Ақтауда кездеседі.

Каспий теңізінің мәртебесі айқындалатын күн жақын

Мәселе қалай туындады
Каспий маңындағы бес мемлекеттің арасында теңізге қатысты "жыр" сонау 1992 жылы, Кеңес Одағы ыдырап, Каспийдің жағасында Әзербайжан, Қазақстан, Ресей және Түркіменстан сияқты тәуелсіз төрт мемлекет пайда болғанда басталған еді.

Осы жылдар ішінде барлық бес мемлекет Каспийді және оның тұңғиығында жатқан байлықты ортақ пайдалануға қатысты даулы мәселелерді талқылаумен болды.

Каспий тек өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне ғана емес, сонымен қатар әлемде сұранысқа ие тауарлардың бірі – мұнай мен газ қорына да бай екенін жақсы білеміз. Тап осы Каспий қайраңынан әлемдегі ірі Қашаған кен орны табылған болатын. Оны игеру үшін жиырма бес жыл бұрын сонау алыстағы, аты ешкімге танымал емес Қазақстанға Chevron, ConocoPhillips, Shell, Agip, CNPC, Inpex сияқты мұнай бизнесінің алыптары келген.

Қазақстанның мұнайшылары әлемдік мұнай нарығы жердің бір қиырында емес, Қазақстанның батысында орналасқанын мақтанышпен айтады. Аптап ыстық мен жүзіңді қуыратын ащы желі бар мұнда жүздеген миллиард америкалық доллар қаражат құйылып,  және осы арадан  қара алтын мыңдаған шақырымдық құбыр желісі арқылы әлемдік мұнай нарықтарына жол тартады.

Сондай-ақ Каспийді бекіре мен ақсерке балық мекендейді. Бұған Каспий уылдырығын қоссақ, пайданың көл-көсір екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан Каспий маңында орналасқан мемлекеттер табиғаттың тамаша сыйын дау-жанжалсыз қалай пайдалануға болатынын анықтап, бір шешімге келу үшін келіссөз жүргізбек.

Көл ме әлде теңіз бе
Келіссөз жүргізуші бес елдің арасында, ең алдымен, Каспийдің суы мен су асты бөлігін қалай бөліп алу мәселесі тұрды. Мәселені шешудің екі нұсқасы ұсынылды. Біріншісі – Каспийді тура бес бөлікке бөлу, яғни әр елге 20 пайыздан беру. Бұл Теһранның ұсынысы болатын. Алайда қалған төрт ел бұған мүлдем келіспеді.

Екінші жолы – су беті мен су астын осы немесе басқа елге су жағасындағы құрлықтық аумағына қарай бөлу. Дегенмен, бұл Иран үшін тиімсіз болып шықты, өйткені оларға тиесілі құрлық бөлігі басқаларға қарағанда кішкентай.

Еске сала кетейік, Каспийдің өзге су қоймаларынан өзгешелігі сол, Еуразияның құрлықтық бөлігінің ортасында орналасқандықтан, мұхитқа тікелей шығатын жолы жоқ. Сол себепті оны теңіз деуге келмейді, бірақ та оны көл деп атау да қиын. Бір сөзбен айтқанда, мәселе Каспийдің мәртебесіне келіп тіреліп тұр. Егер оны теңіз дейтін болсақ, онда бұл жағдайда қолданыстағы халықаралық теңіз құқығы ережелерін пайдалануға болар еді.

Жиырма бес жыл бойы ұсынылып келе жатқан барлық нұсқалардың заңдық қыр-сырына тереңдемей-ақ, Ақтауда өтетін кездесуге мән берсек. Каспий маңы мемлекеттерінің бесінші саммитінде Каспий теңізінің мәртебесіне қатысты тұжырымдамаға қол қойылады деп жоспарланып отыр.

Саммит қарсаңында Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Зүлфия Аманжолова мемлекеттік БАҚ-тарға берген сұхбатында Қазақстанның ұстанымын еске салып өтті.

"Астана теңіз айдыны келісілген ендіктегі аумақтық су мен ұлттық балық аулау аумағы болып бөлінеді деп есептеп келді. Ал теңіздің қалған бөлігінде жағалай жатқан мемлекеттерге тиесілі кемелердің еркін жүзуіне жол ашылар еді. Биоресурстарды келісілген квота мен кәсіпті лицензиялау арқылы тиісті балық аулау аумақтары мен ортақ су кеңестігінде пайдалануға болады деп болжанған еді", – деді ол.

Келісілген бағдар бойынша ұшу үшін теңіз үсті кеңістігі мәселесі де шешілмеген күйі қалып келді. Ал бұл континент ішіндегі мемлекеттерге басқа теңіздер мен Әлемдік мұхитқа шығу үшін еркін транзит құқығын қамтамасыз етер еді. Кейін, 1997 жылдың қазанында Қазақстанның ұстанымы Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми құжаты ретінде таратылды.

Мәмілелер құжаты
Алдағы өтетін бесінші Каспий саммиті – жоспарлы шара. Каспийдің мәртебесіне қатысты қорытынды тұжырымдамаға қол қою тек Каспий маңы елдері үшін ғана емес, сонымен қатар әлем үшін де маңызды.

"Каспий мәртебесіне қатысты тұжырымдамаға қол қою "үлкен Каспий келісімі" жасалды дегенді білдіреді. Ең бастысы, бұл құжат аймақ елдерінің Каспий теңізінің табиғи ресурстарын қалай және қандай шартпен пайдалану керектігі туралы келісімін қалыптастырады", – деді Каспий өңірі бойынша ресейлік сарапшы Игорь Ивахненко біздің басылымға берген сұхбатта.

Жоспарланған тұжырымдама бүгінгі күнгі құрлықтағы шекараға қарап отырып, теңізді ұлттық секторларға бөлуді қарастырады.

"Бұл шешім Иранның ресми түрде теңіз айдынын барлық елге бірдей бөлуді талап еткеніне қарағанда мәмілеге келу болып саналады. Иранның ұсынған жолын іске асырар болсақ, онда Иранның секторы үлкейіп, Қазақстандікі азайып қалар еді. Енді бұған қатысты даудың аяқталғаны, Иранның ымыраға келгені түсінікті болды. Концептуалдық тұрғыдан алғанда, Каспий келісімі жасалды деуге болады", – Игорь Ивахненко.

Алдағы кездесуде қол қойылатын тұжырымдаманың басты аспектісінің тағы бірі – Каспий арқылы өтетін құбыр желісін салу мәселесінің қалай шешілгенінде. Баршаға мәлім, бұған дейін Ресей мен Иран мұндай ойға түбегейлі қарсы шығып, ал Түркіменстан Трансазиялық газқұбырын салуға қолқалаған болатын.

Сондай-ақ "бестіктің" бұған дейін қол қойылған қоршаған ортаға әсерін бағалау (ҚОӘБ) хаттамасында мұндай жобаларды іске асырарда Каспий маңы елдерінің барлығы экологиялық тәуекелді ұжымдық талқылау қажеттігі және әр елдің табиғатты қорғау мекемесінің рұқсатынсыз тереңде орналасатын құбыр желісін салуға болмайтыны айтылған.

"Мұның барлығы іргелес елдердің газқұбырын/мұнай құбырын салу құқы туралы тармақ бар ма, соған байланысты. Егер ондай құқы бар болатын болса, онда бұл Түркіменстан үшін зор табыс болмақ. Өйткені олар бұрыннан бері Транскаспий газқұбырын салғылары келіп жүр. Ал егер тұжырымдамада мұндай тармақ жоқ болса, онда Ашхабад дипломатиялық тұрғыдан жеңілді деген сөз", – деп атап кетті ресейлік сарапшы.

Ресейлік сарапшының ойынша, тұжырымдамадан Қазақстанға келер еш зиян жоқ. Он жылдан бері трансшекаралық кен орындарын бірлесіп әзірлеу туралы Ресей-Қазақстан келісімі бар. Қазақстан мен Әзербайжан, Түркіменстан арасында мұндай кен орны жоқ. Каспий арқылы өтетін құбыр желісін салу Қазақстанға керек пе? Бұл үлкен мәселе.

"Газ құбырының керек емес екені анық. Мұны экономикалық тұрғыдан алып қарайтын болсақ, пайдасыз. Мұнай құбырына келер болсақ, Қашаған мен Қаламқастағы теңіз мұнайының өзіндікқұны өте жоғары. Транскаспий мұнай құбырын салу есебінен шығындарды одан сайын өсіріп, содан кейін оны Баку – Тбилиси – Жейханмен біріктіріп, қымбат бағдарды пайдалануға инвесторлар келісе қоймас. Қазақстанда КҚК бар, Қытайға, ресейлік Атырау – Самара мұнай айдайтын құбыр желісі бар. Сонымен қатар өзінің МӨЗ-іне де жеткізуді арттыру керек. Осылайша, салалық тұрғыдан алып қарайтын болсақ, тұжырымдаманың Қазақстанға пайдасы шамалы", – деп атап кетті Игорь Ивахненко.

Мұнай бар жерде, үлкен саясат та бар
Алайда әлемдегі қазіргі жағдайды ескеретін болсақ, алдағы кездесуде Каспийдің мәртебесін белгілейтін тұжырымдамаға қол қоюдың геосаяси мәні бар екені жасырын емес. "Каспий проблемасын" реттеу тым болмағанда әлемдік бір аймақты қауіпсіз әрі тыныш ету екені сөзсіз.

Аймақ төңірегінде тұрақсыздықтың күшеюі, яғни Сүриядағы, Ирак пен Ауғанстандағы соғыстар, Ресей мен Украина арасындағы жанжал, АҚШ-тың Иранға жаңа санкция салмақ ойы – осының барлығы Каспий маңы мемлекеттерінің басшыларын мәмілеге келуге итермелеген сияқты.

Қазақстандық дипломат Зүлфия Аманжолованың айтуынша, Каспий маңы елдерінің қай-қайсысы үшін өңірде тыныштық пен бейбітшілікті қамтамасыз ету маңызды болып отыр. Тұжырымдамаға қол қою саяси талап пен бір-бірімен жанжалдасуға жол бермеуге кепіл болады, сәйкесінше Каспий "бестігі" өздерінің стратегиялық ұстанымдарын нығайтады.  

Осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ, АҚШ пен Израильдің Каспий дауы арқылы Иранға қысым жасау мүмкіндігі төмендейді. Ресейге қарсы энергетикалық саясатта Каспий елдерін пайдалану АҚШ пен Еуроодақ үшін қиынға соғатын болады. Себебі тұжырымдама мен экологиялық хаттама ұлттық құбыр желісі жобаларының ұйымы мен оларды іске асыруға жасалған  ұжымдық келісім арасында тепе-теңдік орнатқан.

"Сонымен қатар Каспий интеграциясының дамуына әсері бар нақты саяси шындық та маңызды. Оның ең басты қатысушысы – Ресей. Сондай-ақ АҚШ, ЕО мен оның одақтастары Ресейді өзгелерге жеккөрінішті етуге тырысуда. Каспий аймағындағы дипломатиялық оқиға Ресейге қарсы түрлі санкциялардың бұл жерде ешбір әрекет етпейтінін көрсетіп отыр", – деп қосты ресейлік сарапшы.

Шынымен де, бүгінде Әзербайжан ресей газы импортын ұлғайтуда, ал Қазақстан өз мұнайын Ресей арқылы тасымалдауда арттырып жатыр. Түркіменстан Ресейден азық-түлік сатып алуды кеңейтсе, Теһран Мәскеудің барлық халықаралық ісінде жақтас болуға тырысуда.

"Егер XIX ғасырдың терминологиясымен сөйлесек, онда "үлкен ойынның" бұл кезеңі Ресейдің еншісінде қалып отыр. Алайда тарихта шын өмірдегі саясат ең маңызды деген дипломатиялық уағдаластықты жойған кездер болған. Сондықтан Каспий маңы елдерінің саясаты мен ережесінде түбегейлі өзгерістер болған жағдайда немесе сырттан оларға қатты қысым көрсетілетін болса, онда қолжеткізілген келісім тексеруге ұшырауы немесе жойылып кетуі де ғажап емес", – деп түйіндеді Игорь Ивахненко.

Гүлназ Ермағанбетова, Күлпаш Қоңырова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу