Ақтау саммитінде Қазақстан қандай тарихи маңызды шешімге қол жеткізді

7109

Көп жылдық үздіксіз келіссөздердің нәтижесінде биыл Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылды.

Ақтау саммитінде Қазақстан қандай тарихи маңызды шешімге қол жеткізді

Күні кеше ғана Ақтауда Каспий маңы мемлекеттерінің бесінші саммиті өткені баршаға мәлім. Оған Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Иран және Түркіменстан басшылары қатысқан-ды. Күллі әлемді әрі Каспий маңы "бестігін" елең еткізген маңызды жиында Қазақстан қандай тарихи шешімге қол жеткізді? Айтулы шарадан Қазақстан не ұтады? Саммитте "Бір белдеу, бір жол" жобасына қатысты қандай мәселелер көтерілді? Осы және өзге сауалдардың жауаптарын келесі мақаладан іздеп көрелік.

Каспий теңізі – ірі мұнай-газ қоры шоғырланған, күллі әлем көз тіккен ірі стратегиялық аймақ болып табылады. Осыған орай, ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан теңіз байлығын пайдалану оның шекарасында орналасқан бес ірі елге аса маңызды қадам болмақ. Атап өтетін болсақ, тараптар Каспий теңізінің құқықтық мәрте­бесін анықтап, ондағы эколо­гия, көлік-транзит,  экономика, қауіпсіздік және басқа да салалар бойын­ша ынтымақтастық орнату мәселесіне қол жеткізді. Осылайша, бес елдің сағасын шайып жатқан теңіздің қазақстандық үлесіне 29% (2340 км), Ресейге – 16%, Әзербайжанға – 20%, Түркіменстанға – 21%, Иран Ислам Республикасына – 14% тиесілі болып шешілді. Сенімді дереккөздеріндегі ақпаратқа сүйенсек, Каспий теңізіндегі барланған мұнай қоры 10 миллиард тоннадан асады екен.

Айта кетерлігі, саммитке жиналған мемлекеттер алдында Каспийді теңіз немесе көл ретінде бөлу мәселесі тұрды. Мәселен, Каспийге халықаралық деңгейде "теңіз" мәртебесі берілсе, онда БҰҰ-ның құрлықтық түбектер, қайраңдар мен теңіз құқығы жөніндегі Конвенцияға сәйкес, Қазақстан Каспий акваториясының 30 пайызына ие болу құқығына ие болатын еді. Ал Каспийге көл мәртебесін берсе, онда ол қандай да бір экономикалық өңір, қайраң, аумақтық сулар деген санатқа ие болмайтын-ды. Мұндай жағдайда Қазақстан бар-жоғы 12 мил, яғни 22,2 шақырымды ғана иеленетін-ді. Бұл тұрғыдан Қазақстан тек ұтылатын еді.

Жылдар бойы бір келісімге қол жеткізе алмай келе жатқан даулы мәселеде Ресей бұрындары қабылданған Кеңес-Иран келісімшартын қалдыруға ұсынған. Бұл теріскейдегі көрші елге Каспийді өз еркінше пайдаланып, Орта Азия елдерінің ондағы үлесін азайтуға мүмкіндік беретін еді. Сол сияқты алып теңіз көршілес Түркіменстан шекарасын да шайып жатыр. Десе де Қазақстан мен Түркіменстан арасында теңіз жағалауына байланысты 2014 жылдың 2 желтоқсанында қабылданған келісім бар еді. Оған сәйкес қос ел теңіздің тек өздеріне ғана тиісті аумақтарын пайдалана алады. Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарт теңізге қатысты саясат та дәл осындай еді. Бұл ретте Қазақстан, Ресей және Әзербайжан 2003 жылдың 27 ақпанында теңіз түбін шектеу туралы хаттамаға қол қойған еді. Бұл тұрғыда Иран ислам мемлекетінің қояр талаптары ерекше болды. Республика теңіз бойындағы 11 пайыздық үлесін 20-ға дейін арттырып, теңіз үсті мен астын 5 мемлекетке 20 пайыздан теңдей бөлу туралы ұсыныс айтқан. Әзербайжан елі Каспийге теңіз мәртебесін беріп, ескі шарттардан бөлек, жаңа келісімшарт жасасу жөнінде ұсыныс тастаған. Нәтижесінде 5 ірі мемлекеттердің президенттері осыған дейін 4 рет өткізген дәстүрлі саммитті биылғы жылы тамыз айының 12-сінде Ақтау қаласында өткізу туралы келісімге келді. Осылайша, көп жылдық даулы мәселелер мен үздіксіз келіссөздердің арқасында биыл Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылды. Құжат ең алдымен, әр елге теңіз суы мен оның астындағы байлықты өз еркінше пайдалануға жол ашқан. Сондай-ақ, ондағы 14 бапқа сәйкес, "тараптар Каспий теңізінің түбі арқылы су асты кабельдері мен құбыр желілерін төсеу" құқығына ие болды. Сонымен бірге, Конвенцияда, теңіз айдынын  Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Иран және Түркіменстаннан басқа ешкім пайдалана алмайды деген келісім бар. Бұл – аталған бес елдің әскери күштері мен азаматтық теңізшілерінен басқалар теңіз аумағына кіре алмайды деген мағынаны білдіреді. Бұл ретте, аталмыш Конвенцияның көмегімен, теңіз қауіпсіздігі мәселесін шешуге жол ашылғанын айта кеткен абзал.

Ал, атақты "бестіктің" келіссөздері нәтижесінде қабылданған Конвенция  мен ортақ құжат Қазақстанға не бермек? Қазақстан дәл осы құжаттың көмегімен көршілес Ресей елінің ықпалынан шығып, өз еркінше сауда жасауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, республика Түркіменстан, Әзербайжан арқылы жаңа газ құбыры желілерін іске қосу ісіне қатыса алады. Бұған қоса аталған маңызды келісім арқылы Ақтау қаласы бұрынғыдан да танымал етіп, шаһарға көптеген туристерді тартуға септігін тигізеді.

Саммиттің елді елең еткізер тағы бір жаңалығы –  "Бір белдеу, бір жол" жобасы аясында Қазақстанның экономикалық әрі әлеуметтік мүмкіндіктерінің кеңеюі болып отыр.  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі аталмыш жобаның Қазақстан үшін маңыздылығына қатысты: "Аталған жобаны жүзеге асыру арқылы біз, 4,4 миллиардқа жуық халқы бар экономикаға жол ашамыз" деп атап өткен болатын. Осы орайда,  Ақтау қаласында өткен саммит барысында 5 мемлекетке Құрық портының әлеуеті, сондай-ақ мемлекет басшыларына порттағы паром кешенінің құрылысы мен оның мүмкіндіктері таныстырылғанын айта кеткен жөн.

Ескеретін жайт, Құрық және Ақтау порттары Транскаспий халықаралық көлік бағдарының маңызды кешені әрі Еуразияның логистикалық картасындағы жаңа нүкте болып табылады. Портта 4 миллион тонна жүк тиеліп, Еуропа елдеріне тасымалданбақшы. Сонымен бірге, дәл осы Ақтау қаласы – бірнеше халықаралық көлік дәліздерінің тоғысында орналасқан, "Ұлы Жібек жолы" бойындағы маңызды қала болып қала бермек. Қазіргі таңда жоба шеңберінде Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту көзделіп отыр. Ол – Қазақстан, Қытай, Оңтүстік-Шығыс және Орталық Азия елдері, Шығыс Еуропа арасындағы жүк тасымалы мәселесін жандандыруға жол ашпақ. Мұндай  маңызды жоба Астана халықаралық қаржы орталығына да жаңа мүмкіндіктер береді. Себебі, орталық басшысы Қайрат Келімбетовтің өзі "Бір жол, бір белдеу" жобасының Қазақстан және оның экономикалық әлеуеті үшін қаншалықты маңызды екенін атап көрсеткен еді: "Қазақстан қазіргі таңда "Жібек жолы" бастамасын жүзеге асыру барысын­да маңызды рөлге ие. Мә­се­лен, Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде "бір­ле­се даму арқылы тұрақтылыққа қол жеткізу" ұс­таны­мы бүгінде көптеген елдің экономикалық мүддесіне сай келетін халықаралық ынты­мақ­тастықтың тартымды формасы екенін айтқан еді. Осыған орай, Жібек жолының нақты сұлбасы көріне бастаған қазіргі кезде, бұл мак­ро­өңірлік кооперация­ның бірлескен стратегиялық үйлесімі, сондай-ақ, Жібек жолы бас­тамасын іске асыру арқылы Орта­лық Азияны жаһандық деңгейде жаңа тұрпатта танытуға мүмкін­дік береді.

Айта кетерлігі, аталған жиынның Каспий маңы елдері үшін маңызы зор. Себебі, жылдар бойы күрмеуі шешілмеген көптеген түйіткілді мәселелер дәл осы саммитте өз шешімін тапты және бұл Қазақстанға инвестиция көлемін арттыруға жол ашады. Ал, елге сырттан тартылатын инвестиция мөлшері көбейсе, республиканың экономикалық әл-ахуалы да жақсарып, халыққа жаңа жұмыс орындары ашылады.

Саян Абаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу