Атыраудағы төбелес шетелдік инвесторды тәубаға келтірді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4938

Халықаралық деңгейге дейін шығып, шетелдік ақпарат құралдарын шулатқан Теңіздегі төбелестің алдын алуға болатын еді.

Атыраудағы төбелес шетелдік инвесторды тәубаға келтірді

Бұл жайында «Атамекен» ҰКП, «Қазэнерджи» қауымдастығы және Petrocouncil-дің қорытынды мәлімдемесінде мойындалып отыр. 

Сырт көзден тыс қалып, тек енді ғана анықталуда. Дәл бей-берекетсіздіктер қарсаңында, 28 маусымда Petrocouncil америкалық ТШО игеріп жатқан «Теңіз» кен орнында вахталық кентте жұмыс жасап жатқан мердігерлердің және қосалқы мердігерлердің қатысуымен дөңгелек үстел өткізіпті. Шетелдіктермен салыстырғанда, өздерін қатты кемсітеді деп санайтын жұмысшылардың наразылығы сол жиында-ақ шешімін табуы мүмкін еді.

Өйткені қосалқы мердігерлік жұмыстарды атқарушы отандық компаниялар дөңгелек үстел барысында әбден ушыққан мәселелерді ашық айтып, олардың шешімін ұсынуды инвестордан талап етіпті. Нақтылай кетсек, олар білім-білігінің болмауы кесірінен тек қара жұмысқа ғана жегілетін. Персоналды оқыту, біліктілігін көтеру, жоғары еңбекақы төленетін орындарға шетелден маман шақыра бермей, отандық кадрларды даярлау секілді іріңді жарадай шегі жеткен мәселелерін төтесін қойды.   

Бұған қоса, қазақстандық бизнестің де шетқақпай көретіні қаперге салынған. Сондықтан инвестордан жобалық спецификацияларды бірегейлендіру, жергілікті өндірушілердің ұсыныстарын бағалауды жариялы және ашық ету, сонымен қатар атқарылған жұмыстарға қаржы бөлуде отандық жеткізушілерді қолдау сұралыпты. Қарапайым жұмысшылардың ғана емес, тіпті кәсіпкерлердің де қазақ жерінің қойнауындағы қазынаны көсіп алып жатқан, бірақ одан еш қайыр-қайтарым бергісі келмейтін шетелдіктерге зығырданы қайнап, «ызалы жүрек, долы қол» жағдайға жеткені сонда белгілі болғанға ұқсайды.

Алайда сол жолы ТШО азаматтарымыздың бірде-бір көкейтесті сұрағына жауап бермей кеткен. Компания тек «кейін қарастырып, жазбаша жауап қайтаратынын» білдіріпті. Шетелдік инвестордың жергілікті халыққа шекеден қарауының ақыры Ливан, Иордан, Палестина елдерін дүрліктірген Атыраудағы дүмпулі оқиғаға ұласты.

«Біз ТШО-ны барлық жұмыстардың ақырғы орындаушысы болып табылатын қосалқы мердігерлермен бірлескен жұмысқа белсендірек араласуға шақырамыз. «Атамекен» ҰКП мен «Қазэнерджи» қауымдастығы Petrocouncil арқылы барынша жәрдем көрсетеді және өркениетті диалог құру, көптеген мәселелерді шешу үшін тиімді алаңға айналады», – дейді «Атамекен» палатасының мұнай-газ операторларымен өзара байланыс жөніндегі ресми өкілі Асылбек Жақиев.  

Ұлттық кәсіпкерлердің байламынша, егер «Теңізшевройл» мердігерлерді және қосалқы мердігерлерді іріктеуді ашық етсе, сондай-ақ қосалқы мердігер компаниялардағы еңбек шарттарын жақсартып, оны бақылауға алса, бұл Теңіздегі әлеуметтік кернеудің төмендеуіне көмектесер еді. Әйтпесе, көркем тілмен айтқанда, теңіз шулап, толқын тулай бермек.

Әрине, америкалық инвестор еш жақсылық жасап жатқан жоқ деп айту әбестік.

Теңізшевройл (ТШО) және Сonsolidated Contracting Engineering and Procurement S.A.L Offshore (CCEP) компаниялары қазақстандық қамтуды дамытуға қадам жасауда. ССЕР жобасы бойынша 2 жыл жұмыс істеген уақыт ішінде 1000-нан аса адам оқытылды, жұмысқа қазақстандық компаниялар тартылды. Отандық қосалқы мердігерлерді тарту, өндірісті жергіліктендіру, инженерлерді оқыту және оларды басшы құрамға тарту бойынша жұмыс атқаруда.

Алайда кәсіпкерлер палатасының дерегінше, инвестордың өнім мен қызмет жеткізушілерді іріктеуі процесінің ашық еместігі, «Теңізшевройлдың» өз мердігерлерінің қосалқы мердігерлік ұйымдармен өзара қарым-қатынастарына араласпау саясаты осы ізгі істерді жоққа шығарып отыр.

Ал шиеленісулер мен қақтығыстар да дәл осы қарым-қатынастар аясында жиі орын алады. Кәсіпкерлердің лек-лекпен бағытталған өтініштеріне жауап ретінде 2019 жылғы 31 мамырда Атырауда Petrocouncil қайталай дөңгелек үстел өткізді. Онда да өзекті мәселелер алға тартылды.

Тек осыдан кейін ғана ТШО мердігерінің қосалқы мердігерлік ұйымдарға уақтылы ақы төлемеуіне қатысты мәселе шешіліп отыр.

«Қазақстандық мазмұнды дамыту – бұл тек шетелдік жұмыс күшін отандық жұмыс күшімен алмастыру ғана емес, оған сонымен бірге өндірістерді жергіліктендіру, Құзыреттер орталығын дамыту, өндірістерді инновациялық дамыту да енеді. ТШО сараптамалық тобының соңғы отырысының ақпаратына жүгінсек, жобадағы қазақстандық мазмұнның жиынтық көрсеткіші бар-жоғы 30%-ды ғана құрайды. Оған, әрине, Қазақстанда сатылып алынған тауарлар, жұмыстар, қызметтер тегіс кіреді»,– дейді Асылбек Жакиев.

Оның мәліметінше, қазіргі уақытта Теңізшевройл компаниясы өндірістерді жергіліктендіруді ұйымдастыруға көмек көрсетіп жатыр.

Атап айтқанда, бизнес тілінде «original equipment manufacturer» деп аталатын, яғни «түпнұсқалық жабдықтарын шығаратын» жетекші шетелдік өндірушілермен келіссөздер басталыпты. Оның нәтижесінде, ТШО шетелден таситын өнімдердің өндірісі мен сервистік орталықтары Қазақстанда ашылады деп күтілуде. Осылайша, жаңа жұмыс орындары пайда болады және технологиялар трансферті жүзеге асырылады.

Өндірісінде еңбек дауы қақтығысқа ұласып, жаман аты әлемге жайылмасын десе, шетелдік инвесторлар отандық кәсіпкерлердің ұйымдарымен ынтымақтастықта жұмыс жасағаны абзал.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу