Қасым-Жомарт Тоқаев: Қытаймен мәңгілік достық қана қазақ халқының мүддесіне сай келеді

2029

Қытай телеарнасына сұхбатында Қазақстан Президенті жаңа дәуірдегі қазақ-қытай ынтымақтастығының көкжиегін белгіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Қытаймен мәңгілік достық қана қазақ халқының мүддесіне сай келеді Фото: Twitter

ҚХР-ға алдағы аптадағы мемлекеттік сапарының қарсаңында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көрші елдің CCTV телеарнасына сұхбат берді. Ол Leaders Talk бағдарламасының сұрақтарына жауап қатты. 

Қытайлық тележүргізушіні оның әділдікті темірқазық еткен "Жаңа Қазақстанды" құру бастамасы қызықтырды. Бірақ Жаңа Қазақстан елді қайда апарады? Тоқаевтың басқару философиясының мәні неде? Бұл сұраққа жауап берген Қасым-Жомарт Кемелұлы Жаңа Қазақстанның да сыртқы саясаты бейбітсүйгіш болатынын нықтады.

Айта кету керек, кезінде бірінші Президент Н.Назарбаев Астананы "жаһандық форумдардың ордасына" айналдыруға тырысты. Осы мақсатта ел бюджетіне қымбатқа түскен ЕҚЫҰ саммитін, Азиаданы, ЭКСПО-2017 көрмесін, түрлі халықаралық жиындарды ұйымдастырды. Жаңа Қазақстан діндер съезінен басқасын доғарды. Сонымен бірге Астана аймақтағы әлдебір қақтығыстарда арағайын болып, жауласқан тараптарды бітістіруге бұрынғыдай құлшынбайды. Бірақ бұл республиканың барлық халықаралық үдерістерден тыс қалатынын білдірмейді екен.    

"Мен елімнің Еуразиялық континентте болып жатқан процестердің қайнаған ортасында болғанын қалаймын. Қазақстан сауда жолдарын, әлемнің осы бөлігіндегі халықаралық қатынастарды жолға қоюда өте маңызды рөл атқарады. Қазақстанның болашағы жарқын болуға тиіс деген сенімдемін. Міне, сол себепті Қазақстанның озық дамыған экономикасы бар алдыңғы қатарлы ел ретінде дамуына барлық күш-жігерімді бағыттайтын боламын. Қазақстан бітімшіл сыртқы саясатты жүргізуде табысқа жетеді. Біздің тарихи тағдырымыз – бейбітсүйгіш болу, барлық елдермен, бірінші кезекте жақын көршілермен достық қатынастардан пайда табу болады. Мұнда Қытай төтенше маңызды рөл ойнайды", – деді Қазақстан Президенті.

Қытай журналисі қазақ-қытай қарым-қатынастары "жан-жақты қамтитын стратегиялық серіктестік" ретінде сипатталатынын айта келе, осы терминді қалыптастыруға Қасым-Жомарт Тоқаевтың ықпал еткенін білгенін жеткізді. Бірақ бұл терминнің астарында не жатыр? Қазақстанның сыртқы саясатындағы шығыс алпауыттың рөлі қандай?

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай сыртқы саясатымызда "өте маңызды рөл атқаратынын" қадап айтты. Осы орайда ол ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен "қос халықты жақындастыру саясатын жүргізуге уағдаласқанын" мәлімдеді.

"Бұл дегеніміз – біз екі мемлекет арасында мәңгі достықты, стратегиялық серіктестікті ілгерілетуге тиіспіз деген сөз. Меніңше, бұл қазақ халқының ұзақ мерзімді мүдделеріне сәйкес келеді. Сондықтан мен осы саясатты берік ұстанамын. Іргедегі көршіміз Қытаймен стратегиялық серіктестіктің маңыздылығына еш күмәніміз жоқ", – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Қытай журналистін ҚХР мен Орталық Азияның тым жақындасып бара жатқанын қатаң сынаған түрлі пікір-ескетпелерге қатысты Қазақстан көшбасшысының пікірі қызықтырды. Қарапайым қазақстандықтар мен халықаралық сарапшылар сыртында, тіпті Батыс елдерінің истеблишментін де Қытайдың күшейіп бара жатқан аймаққа "экспансиясы" алаңдатып отыр. Бұл Қазақстанның көпвекторлы саясатына нұқсан келтіріп, өңірдегі геосаяси тепе-теңдікті бұзбай ма?

"Бұған қатысты ешқандай күдік-күмән болмауға тиісті. Өйткені біздің ниеттеріміз толығымен айқын, шынайы. Қытай төл экономикасының көлемі бойынша әлемде екінші орынға шықты. Бұл – факт. Ендеше біз Қытайдың рөлін мойындауға тиіспіз. Тиісінше, ҚХР-мен өте жақсы қатынастар орнатуымыз қажет", – деп қысқа қайырды Қасым-Жомарт Тоқаев.

"Қазақ пен қытай жастары танысып, біліссін"

Қазіргі кезде ҚХР орталықазиялық елдерге кредит беруде, бірқатар кәсіпорындарын жұмысшыларымен бірге аймақ елдеріне көшіруде, "Бір белдеу мен жол" бастамасын ілгерілетуде. Экономикалық ынтымақтастық сыңаржақ емес, өзара тиімді болғаны жөн. Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты экономикалық қатынастарды болашақта қалай ілгерілетпек?

"Экономикалық ынтымақтастық саласында тамаша нәтижелерге қол жеткіздік. Алайда бізге ары қарай жылжу қажет. Міне, сол себепті де мен қытай өркениетінің бесігі саналатын Сиань қаласына алдағы сапарыма үмітпен қарап отырмын. Бізге жаңа келісімдер, жаңа мәмілелер керек. Біз бір орында тұрып қалмауға тиіспіз. Қазіргі күрделенген әлемде экономикалық байланыстарымызды ілгерілетуге күш салуға тиіспіз. Мен қос елдің жастары арасында достық байланыстарды және ынтымақтастықты дамытуды берік жақтаймын. Қазақ пен қытайдың жас ұрпақтары бір-бірі туралы көбірек білуге тиіс", – деген тосын түйін жасады Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Шығыс көршінің сарапшылары Бейжің Орталық Азия елдерімен тек экономикалық тұрғыда ғана емес, сонымен қатар саяси, стратегиялық тұрғыда да белсенді жақындасуда деп есептейді. Былтырдан бері мемлекет басшылары бірнеше рет кездесті. 2022 жылдың қаңтарында ҚХР төрағасы ОА елдерінің басшыларымен бейнебайланыс форматында саммит өткізді. Ол кезде жұңғо елінде коронавирустік карантин сақталған еді. Содан кейін ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған орталықазиялық мемлекеттердің президенттері Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысты.

Былтырғы қыркүйекте олардың бәрі Си Цзиньпинмен бірге өзбекстандық Самарқанда Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитінде бас қосты. Биылғы мамырда Қытай-Орталық Азия саммиті өтті. Бұл тек ірілері. Мұның сыртында көшбасшылар телефон арқылы байланысып тұрады. Сондықтан Батыс әлемі шың елінде 18–19 мамырда өтетін "Қытай-Орталық Азия" саммитіне жіті назар аудармақ.

"Сианьдағы алдағы саммитке артатын үмітім өте үлкен. Қытай Орталық Азияда барған сайын маңызды рөл атқаратын болады. Бұл табиғи нәрсе. Орталық Азия бойынша барлық әріптестерім менімен келіседі деген ойдамын: біз Қытаймен ынтымақтастықтан пайда табамыз. Біз осы ықпалдастықты ілгерілету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын боламыз", – деп сендірді Қазақстан Президенті.

CCTV телеарнасының өкілі барша қытайды алаңдататын "өткір мәселе" – өткен ғасырда ірге ажыратқан Тайваньның өз азаттығын сақтап қалуы жөнінде Тоқаевтың пікірін сұрастырды. Ол туралы Inbusiness.kz кеше жеке жазды. Қазақстан лидері Тайваньның тәуелсіздігін жоққа шығарды, "Тайвань – Қытайдың бөлігі ғана" деп үзілді-кесілді айтты.

Тағы бір мәселе – Шанхай ынтымақтастығы ұйымына қатысты. Бұл ұйым кезінде өзара шекараларды делимитациялау процесін аяқтау келіссөздеріне қызмет еткен "Шанхай бестігі" тобы (Қазақстан, Қытай, РФ, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан) негізінде 2001 жылы құрылған болатын. Содан бері Мәскеу оны НАТО-ға қарсы әскери блокқа айналдыруға тырысып бақты. Кремльдің ілгерілетуімен оған Үндістан, Пәкстан, Иран мүше болып кірді. Дегенмен, қытайлық журналист Украинадағы соғыстан бері күрт өзгеріп кеткен геосаяси ландшафтта енді ШЫҰ рөлі қандай болатынын Қазақстан Президентінен білгісі келді. Себебі, биыл ШЫҰ-ға Қазақстан төраға.

Айтпақшы, ҰҚШҰ сияқты, ШЫҰ-ны да Жаңа Қазақстан ескісінен мұраға алып қалды. Бірақ одан да бас тартпайды. 

"Шанхай ынтымақтастығы ұйымы өзін көп үміт күттіретін, ықпалды ұйым ретінде таныта алды. Қытай әу бастан ШЫҰ-ға қуатты қолдау көрсетті. Бұл ұйым өз қызметін 1996 жылы Шанхайда бастады. Ол кезде мен Қазақстанның Сыртқы істер министрі болатынмын. Сол себепті оны іске қосу салтанатына өзім қатыстым. Мен ШЫҰ қызметіне бастау-қайнарынан араласқанымды мақтан тұтамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол ұйым төрағасы ретінде Қазақстан алда өзінде Шанхай ынтымақтастығы ұйымының үлкен саммитін өткізетінін жариялады. Мемлекет басшысы осы төрағалық барысында ШЫҰ әлеуетін арттыруға уәде етті. Бұл ұйым "заманауи әлемге ықпал ететінін" қосты.

Жалпы Қазақстан Президентінің сұхбатынан оның сұрақтарға барынша қысқа жауап беруге тырысқаны аңғарылады. Сондықтан қытайлық журналистің кейбір сұрақтары жауапсыз қалғандай көрінді. Мысалы, ол Қ.Тоқаевтан Жаңа Қазақстанды басқару философиясын түсіндіріп беруді сұраған. "Жан-жақты қамтитын стратегиялық серіктестіктің" нақты нені білдіретіні де түсініксіз қалды. Қазақстан мен ҚХР арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жаңа дәуірде қалай дамитыны, нақты қандай салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыратыны және басқасы белгісіз. Осы және басқа сұрақтарға алдағы саммитте жауап табылса, жақсы.

Айтпақшы, 17 мамырда Қазақстан көшбасшысы 70 жасқа толмақ. Бәлкім, саммитке қатысатын лидерлер мерейтойына орай Президентімізге және халқымызға жағымды тартулар жасап та қалар...

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу