Қауіп тәуіптен бе екен

5448

Дағдарыс заманында экстрасенстер мен емшілер "басты кейіпкерге" айналып шыға келеді: оларға телебағдарламалар арналады, газеттерде олардың жарнамасынан көз сүрінеді.

Қауіп тәуіптен бе екен

Мұның кері тұстары да көп. Күйзелістен шаршаған, ғажайып күткен жандар азғантай қаражаттарын оңды іске жұмсау орнына, алаяқтар қолына табыстайды, алданады, осыдан өмірден түңілуі де ықтимал.

Бұл тек Қазақстанға ғана тән құбылыс емес. Жуырда Әзербайжанның өңірлерінде балгерлерге қатысты ауқымды арнайы операциялар өткізілді. Осы елдің діни құрылымдармен жұмыс жөніндегі мемлекеттік комитеті ішкі істер министрлігінің жергілікті бөлімдерімен бірлесіп, өздерін "балгер" ретінде жарнамалайтындарды жаппай тексерді. Әрине, орта ғасырлардағы батыстағыдай оларды ешкім де отқа жағуды ойлап отырған жоқ. Тек құзырлы құрылымдар мұндай теріс әрекеттер заңсыз қызмет болып табылатынын және ол үшін әкімшілік-қылмыстық жаза қарастырылғанын ескертумен шектелген. Осы қылмыстары әшкереленген әйелдер бұдан былай мұндай қызметпен айналыспауға сөз берумен құтылыпты. Егер сөздерінде тұрмаса, биліктің оларды қылмыстық қудалауына жол ашылады.   

Қазақстанда құзырлы органдар емші-балгерлерге қарсы жаппай тексеріс түгіл, бүкілқазақстандық ревизия-түгендеу жүргізуді де жоспарлап отырмағандарын хабарлайды. Бірақ діндерді зерттеу орталықтары қауымдастығының директоры Юлия Денисенко бұлай "жылы жауып қойғаннан" мәселе шешілмейтінін айтады.

Бұл саладағы жағдайды білу үшін мемлекет үкіметтік емес ұйымдардың көмегіне жүгінген болатын. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі аталған қауымдастықпен бірге 2013 жылы "114 қауырт желісін" ашқан. Бұл нөмірге хабарласқан адамдарға діни қатынастарға қатысты істер бойынша кеңес-консультативтік және тәжірибелік көмек көрсетіледі екен.

Бұл ретте қазақстандықтарға өз проблемасын жеткізу үшін өзіне қолайлы кез келген жолды таңдауды ұсынады, мәселен, бұл үшін қалалық телефоннан 114 нөмірін теруге болады: бүкіл Қазақстан бойынша сөйлесу – тегін. Немесе 8 777 0000 114 нөмірі бойынша WhatsApp мессенджері бойынша хабарлама жазуға да мүмкіндігі бар. Бұдан бөлек, www.114.kz сайты да осы мақсатта ашылыпты.

Юлия Денисенконың айтуынша, қауырт желіге қоңырау шалған жәбірленушілердің айтқандары мамандардың төбе шашын тік тұрғызыпты. Өйткені астрологтар қазір адамдарға ажырасуға кеңес беретін болған, ал жалған емшілер азаматтарда жоқ "жаман дерттерді" тауып, соларды емдеуге қыруар шығын шығарттырады. Тіпті кейбір "көріпкелсымақтар" өздеріне жүгінген адамдардан ақшасын "тазартып" беруді ұсынып, кейін миллиондаған қаражатты әртүрлі сылтаулармен және қорқытулармен қайтармай қоятын көрінеді.

Биылғы жыл басынан бері ең көп кеңес Ақмола, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Атырау облыстарының тұрғындарына көрсетілген көрінеді. Азаматтар 18 рет әртүрлі өңірлерде әрекет етіп жатқан саналуан тыйым салынған діни топтар туралы да хабардар еткен. Адамдарды тылсым әлеммен байланыстымыз деп алдайтын оккультистерге қатысты да фактілер айтылған. Кейбір жағдайларда қазақстандықтар 2009 жылдан бері тыйым салынып, жабылды деп саналатын "Ата жолы" және "Алля Аят" ұйымдарының қимылдап жатқаны туралы құлағдар етіп, дабыл көтерген.

"Бұлардың әдістері қарапайым, тіпті тұрпайы деуге келеді. Жаңа келген адамға емдеу курсынан өту ұсынылады, оған "қамшымен сабау" да кіреді. Сенгіш адамдарға оның бойында әлдебір қасиет пен емдеу қабілеті жасырын жатқаны санасына сіңдіріледі, оларға "аққу" немесе "сұңқар" деген атаулар беріледі. Екі жылдай бұрын Петропавлда бір ер адамды қамшымен өлімші етіп сабап тастаған. Себебі, оның бойынан жындарды қумақ болыпты. Тағы бір қайғылы оқиға Қостанай облысында болды, онда үш баланың анасы бауырының дертіне қарамастан, "Алля аят" құтқарады деп, ауруханаға жатудан бас тартқан. Ақырында ол әйел қайтыс болды, балалары жетім қалды", – дейді Юлия Денисенко.

Басқа бір жағдайда он алты жыл отасқан әйелге әлдебір "экстрасенс-астролог" ажырасуға кеңес беріпті: "бұл еркек сенің "астралдық" сыңарың емес", – деп мәлімдепті оған әлгі сұрқайы. Сонымен қатар ол байғұс әйелге өзіне бес жыл бойы қабылдауына кіріп тұрса (әр қабылдауы жүз доллар), лайықты еркекті тауып алатынына сендірген.  

"Бұл жағдайда барлығы ажырасумен тынды. Әйел тек содан кейін ғана "қауырт желіге" шықты. Бірақ мұндай оқиғалар жалғыз осы ғана емес. Олардың саны көбейіп барады. Қазір өзіне клиент тартып, оларды ұзағырақ ұстап қалу үшін жалған сәуегейшілер қолданатын сананы жадылаудың осы теріс тәсілдерін қазіргі кейбір психологтар да пайдалана бастады. Олар алдымен отбасыны күйретуге адамның өзін итермелейді, мысалы, "өмірін жаңарту үшін" жұбайының көзіне шөп салуға кеңес береді, содан кейін әлгі сорлыға ұзақ және қымбат "терапия" жүргізеді, жасырын сырын біліп алған клиентті құрықтап ұстайды", – деп қынжылады қауымдастық директоры.  

Ол азаматтарға ауру-сырқау бойынша тек кәсіби клиникаларға, емханаларға, білімі бар дәрігерлерге ғана жүгінуге шақырады. Әйтпесе, жалған ем-домшылар, балгерлер және басқалары қолданатын аутотренинг, жадылау әдістері нәтижесінде, адам өзін белгілі бір уақытқа жеңіл сезінуі де мүмкін. "Бірақ олар ауруларды жазбайды, – деген сенімде сарапшы, – Ал отбасыдағы күйзелістер бойынша сауығып, реабилитациядан өтуде ең басты рөлді де кеңесші-консультант немесе психолог емес, отбасының мүшелері, жақын адамдар атқаруға тиіс, ең алдымен солардың көмегі қажет".

Әрине, балгерлік қасиет бағзы замандардан бері халқымызбен бірге жасап келе жатқан құндылық, ата-баба мұрасы. Оны толық мансұқтап, біржақты жамандауға да болмайды. Рас, нағыз қасиет қонған адамдар өте аз, санаулы ғана екенін де ескеру қажет. Тарихта болған мұндай адамдар өздерінің дара қабілеттерін коммерцияға айналдырмаған, үлкен төлем талап етпеген, емделгендердің бергенін қанағат қылған. Ал жалған көріпкелдер мен емшісымақтар керісінше, басты орынға баюды қояды және бұл жолда ештеңеден тайынбайды. 

Қазақстандық телепродюсер Фарида Батырбаева өз басынан кешкен ғажайып оқиғаны әлі күнге ұмыта алмайтынын айтады.

Бұл оқиға 1998 жылдың ақпанында болған екен.

""Қапшағай-Алматы" трассасында жүріп келе жатыр едік. Бір мезетте айнала аласапыранға түсті, мен тек дөңгелектердің сықырын естідім, артынша мүлгіген тыныштық орнады. Кейіннен: "Бұл Фарида ғой!" деген дауыстарды ести бастадым. Содан кейін тағы да тыныштық "құрдымына" құладым. Көзімді ашқанда, қайда жатқанымды түсінбедім. Айналама қарасам, аурухана палатасы екен. Дәрегерлер менің жай-күйімді талқылауда: "Мидың шайқалуы, оң иық сынған, қабырғалар сынған, омыртқаның компрессиялық сынуы. Бесінші аптадағы жүктілік"... Жиналған консилиум жарақаттарды таңуға, корсеттер кигізуге және жүктілікті үзуге кеңес берді", – дейді телепродюсер.

Екі аптадан кейін оны үйге шығарған. "Жедел жәрдем" машинасы алып келіп, зембілге салған күйі, үшінші қабатқа көтерген. Алдын ала әзірленген тақтайлы керуертке жатқызады да, осылай үйде қалдырып кетеді.

"Мен үйдемін. Қасымда балаларым: ұл мен қыз. Мен оларға қараймын да, екеуін емес, бесеуді көремін. Көзім жасқа толы. Бірақ ары қарай не істеу керектігін ойлай бастадым. Қалай өмір сүрмекпін? Жұмысты не істеймін? Телевизиядағы жобаларым не болады? Осы мезетте ойыма апатқа ұшырағандардың сүйектерін емдеп, жазатын адам туралы естігенім түсті. Мен уақыт жоғалтпай, сол туралы әңгімені айтқан дос қызымды іздестіруге кірістім. Балалар көмегімен телефонын тауып, қоңырау шалдым. Ол ести сала, маған сол емшінің телефонын берді. Шонжыда тұрады екен. Дегенмен, кейде Алматыға келіп-кетіп жүретін көрінеді. Дереу хабарластым. Телефонды алған ер адам: "Мен Алматыдамын, сізден екі қадамдай жерде тоқтадым. Қазір боламын!" деді. Жарты сағат өткенде, Тоқтарбек үйімнің табалдырығынан аттап, ішке енді. Онымен бірге "жүруге" деген үміт қоса кірді. Өйткені бұған дейін дәрігерлер "жарты жыл бойы жат, жыл бойы отырма!" деген "үкім" шығарған болатын. Яғни, керуертке таңылған өмір күтіп тұрғандай еді", – деп әңгімелейді Фарида Батырбаева.   

Сынықшы-емші бірден рентген түсірілімдерін қарап шыққан. Содан кейін сырқатты мұқият тексере келе, оған: "Үш күннен кейін жүріп кетесің!" депті.

"Бұл мені қатты толқытты. Ол дәрігерлер құрсаулаған барлық корсеттерді алып тастады. Содан кейін сынған жерлерге жұмыртқаның тұздалған сарысынан жасалған лангеттерді қойды да, өзінің қуатты қолдарымен сол аяғымдағы қандай да бір нүктелерді баса бастады. Бұл ретте ол күбірлеп бірдеңе оқумен болды. Мен ауырсыну сезімінен шыңғырып жатырмын. Еңіреп жылаудамын, оның ұзын сақалын жұлқыладым. Алайда ол ештеңеге қарамай, өз ісін жасауды жалғастырды. Үшінші күн де келді. Ол маған: "Тұр!" деді. "Қалайша? Маған болмайды ғой?! Жарты жыл бойы төсектен тұруға тиым салынған" деймін аңтарылып. Ол тағы да бұйырды: "Тұр!" Емші айтып тұр екен, тұру керек. Онымен шектелмей, орындыққа отырғызды. Ал, мұны мен әлі бір жыл бойы істемеуге тиіспін. "Қазір сенің басыңды орныңа қоямыз!" деп селк еткізді. Жауабымды күтіп отырмай, ол қарапайым сүлгі мен асүйлік оқтауды алып, нағыз бір "шамандай", менің басымды "орныма қоюға" – мидың шайқалуын емдеуге кірісті. Бір сәтте, мен алдымда бес Тоқтарбекті емес, жалғыз адамды көрдім! Ол маған қарап, күлімдеп тұр. Екі күндей өткенде, мен ауруханаға бардым. Олардың корсеттерін қайтару керек емес пе! Оның үстіне енді тұтас бір жылға берілген "больничныйды" жабу қажет. Мені көргенде, дәрігерлер аң-таң болды. Мен жай ғана жымидым да, "Көріңіздер: мен саумын!" дедім. Арада тағы екі күндей өткенде, жұмысқа шықтым. Жақсы көретін телевизияма, жобаларыма, ұжымыма оралдым", – деп әңгімесін аяқтады Фарида Батырбаева.

Бұл әңгімеге сену-сенбеу – әркімнің өз еншісінде.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу