KAZ Minerals 2017 жылы өндіретін мыстың көлемін ұлғайтты

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2966

Компания қаңтар-қыркүйекте өндірісті екі есе арттырған, жыл қорытындысы бойынша 270 мың тонна мыс шығаруды көздеп отыр.

KAZ Minerals 2017 жылы өндіретін мыстың көлемін ұлғайтты

Kaz Мinerals осы жылдың тоғыз айындағы өндірістік жұмыстың қорытындысын жариялады.

2017 жылдың тоғыз айында KAZ Minerals компаниясы 193,3 мың тонна мыс өндірді. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен (98,6 мың тонна) салыстырғанда екі есе көп. Екінші тоқсанмен салыстырғанда мыс өндіру көлемі 14%-ға артып, 65,9 мың тоннадан 75,3 мың тоннаға дейін жеткен. Бұған негізінен Ақтоғайдағы өндіріс қарқынының артуы ықпал етті.

Сонымен қатар мысты жылдық өндіру көлемі 250-270 мың тонна аралығына дейін көтерілген (бұған дейін 235-260 мың тонна мыс өндіру жоспарланған еді).

Мақаланы жазу кезінде Қазақстан қор биржасы саудасындағы KAZ Minerals акцияларына жақсы есептіліктің жариялануы еш әсер етпеді. Астана уақыты бойынша 12.53-те акцияны сатып алуға (бид) ең жақсы ұсыныс  3690, 13 теңге болды, ал сатуға (оффер) ең жақсы ұсыныс 3737 теңге болды. Жергілікті  трейдерлер Лондон қор биржасындағы  халықаралық инвесторлардың әрекетін күтіп отыр.

2017 жылдың тоғыз айында KAZ Minerals 51,4 млн тонна кен өндірген. Бұл Бозшакөл мен Ақтоғайдағы өндірістің артуы есебінен өткен жылдың тоғыз айындағыдан 44%-ға жоғары. Компания кәсіпорындарында 30,3 млн тонна кен өңделген. Бұл 2016 жылдың осындай кезеңіндегі көрсеткіштен 3 есе көп. Өңделген кеннің құрамындағы мыстың орташа үлесі – 0,73%.

Кендегі мырыштың төмен мөлшері өндіріс көлемінің тоқсан арасында  20%-ға, жыл арасында 19%-ға төмендеуіне алып келді. Сонымен қатар өндіріс көлемінің  төмендеуіне Юбилейно-Снегирихин шахтасының жабылуы мен Орлов шахтасындағы алты күндік жұмыс кестесі де себеп болды. Тоғыз ай ішінде KAZ Minerals  45,8 мың тонна концентраттағы мырыш өндірген.

Жасалған болжамға қарамастан, Артемьев шахтасындағы өндіріс  мырыштың мөлшері жоғары учаскелеріне ауыспады. Сол себепті концентраттағы мырышты өндірудің жылдық жоспары 70-75 мың тоннадан  60-65 мың тоннаға дейін төмендеді.

Алтын өндіру көлемі жасалған болжамға сай азайды: екінші тоқсанмен салыстырғанда үшінші тоқсанда 11%-ға азайып, 44,8 мың унцияға тең болды. Дегенмен тоғыз ай ішінде көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 61%-ға  артып, 137,8 мың унцияға жетті. Алтынның 2017 жылға жоспарланған өндіру көлемі (150-170 мың унциядан) 160-180 мың унцияға дейін арттырылды.

Үшінші тоқсандағы күміс өндіру көлемі өткен жылдың осындай тоқсанына сәйкес келеді. Тоғыз ай ішіндегі бұл көрсеткіш 18%-ға артып, 2,7 млн унцияға дейін жеткен. Жылдық болжам  3,45-3,7 млн унцияға дейін арттырылған (бұрын 3,1-3,35 млн унция болған).

Өркендеу жобалары
Үшінші тоқсанда Павлодар облысында орналасқан Бозшакөл кен байыту кешенінде (КБК) 26,8 мың тонна мыс өндірілсе, тоғыз айда бұл көрсеткіш 78,8 мың тоннаға жетті. Бозшакөлдің есептік қуатына (100%-дық) жетуге жақын. Үшінші тоқсанда сульфидті кенді өңдейтін байыту фабрикасының (БФ) өткізу қуаты 93%-ға жеткен. Айта кететін жәйт – тамыз айында кәсіпорын 100%-дық деңгейде жұмыс істеді. Каолин балшығы бар кенді өңдейтін байыту фабрикасының өткізу қуаты үшінші тоқсанда 81%-ға жетті.

Қараша айында жабдықтарға техникалық қызмет көрсету үшін Бозшакөлдегі фабрика жоспарлы түрде жұмысын тоқтатады. Дегенмен кен-байыту кешені 2017 жылы жоспарланған 100-110 мың тонна мысты өндірмекші. Жылдың тоғыз айында алтынды жоғары деңгейде өндіру 2017 жылға жоспарланған өндіру аралығын 110-120 мың унцияға дейін ұлғайтуға (бұрын 100-110 мың унция) мүмкіндік берді.

Үшінші тоқсанда Шығыс Қазақстан облысында орналасқан Ақтоғай кен байыту кешенінде (КБК) 31,2 мың тонна мыс өндірілген (оның ішінде оксидті кеннен өндірілген 8 мың тонна катодты мыс), ал тоғыз айда 64,2 мың тонна мыс (оның ішінде оксидті кеннен өндірілген 18,4 мың тонна катодты мыс) өндірілді.

2017 жылдың ақпан айында өндіруді бастаған сульфидті кенді өңдейтін байыту фабрикасы қазан айынан бастап өндірістің жобалық қуатына жетті деп жарияланды (үш ай бойы қуатының 60%-нан астамында жұмыс істеді). Үшінші тоқсанда фабриканың өткізу қуаты 66% болды. Ақтоғай кен-байыту кешені 2018 жылы толықтай есептік қуатқа шығады деп жоспарланып отыр.

Компания төртінші тоқсанда оксидті кендерді өңдейтін кешеннің жұмысына күннің суытуы әсер етеді деп болжап отыр. Дегенмен жыл қорытындысы бойынша мұнда 25 мың тоннаға дейін катодты мыс өндіру (бұрын 20 мың тонна деп айтылған) жоспарлануда. Осы түзетуді және сульфидті кенді өңдейтін байыту фабрикасындағы өндіруді арттыруды ескере отырып, Ақтоғайдағы жалпы (оксидті және сульфидті кеннен) мыс өндіру көлемі 85-95 мың тоннаға дейін ұлғайтылды.

Шығыстүстіметалл мен Бозымшақ
Шығыс өңірдегі кәсіпорындарда және Қырғызстандағы Бозымшақ кенішінде үшінші тоқсанда 17,3 мың тонна, ал тоғыз айда 50,3 мың тонна мыс өндірілді. Жыл соңына дейін өндіру көлемі 65 мың тоннаға дейін жетеді деп жоспарланып отыр. "Шығыстүстіметалл" кәсіпорны мен Бозымшақ КБК-ы алтын өндіру бойынша жоспарланған 50-60 мың унция көлемінің жоғарғы шегіне жетуге жұмыс жасап жатыр. Күміс өндіру жоспары 2,6-2,85 млн унцияға дейін ұлғайтылды.

Қаржылық көрсеткіштер

2017 жылдың 30 қыркүйектегі мәліметі бойынша KAZ Minerals тобының таза берешегі 2,22 млрд доллар болған (2017 жылғы 30 маусымда 2,44 млрд доллар). 1,68 млрд доллар қолма-қол және пайдаланылмаған қаражат игеру үшін қолжетімді. Үшінші тоқсанда компанияға  өркендеу жобаларының құрылысы барысындағы капиталдық шығынға қатысты қосымша құн салығына салынған артық 74 млн доллар  қайтарылды.

2017 жылдың тоғыз айындағы мыстың Лондон металдар биржасындағы орташа құны бір тонна үшін – 5 953 доллар, 2016 жылдың тоғыз айында бір тоннасы 4 725 доллар болған.

2017 жылдың тоғыз айын қорытындылай отырып, KAZ Minerals компаниясы басқармасының төрағасы Олег Новачук: "Ақтоғайдағы сульфидті кеннен мыс өндіруді арттырудың арқасында біз үшінші тоқсанда қарқынды жұмыс істеп, мыс өндірудің жоспарлы ауқымын  250-270 мың тоннаға дейін арттырдық. Ақтоғайдағы сульфидті фабрика тоқсанның соңында жобалық өндіріс деңгейіне жетті. 2018 жылы толық есептік қуатқа жетуді жоспарлап отырмыз. Бозшакөлдегі сульфидті кенді өңдейтін фабриканың тамыз айында өткізу қуаты 100%-ға  жұмыс істеді. Бүгінгі күні KAZ Minerals мыс нарығындағы жағдайдың жақсару есебінен өзінің операциялық мақсаттарына жету жолында", – деп мәлімдеді.

КAZ Minerals – Қазақстанда заманауи, аз шығынды тау-кен өндірісін дамытуға бағытталған, өсу әлеуеті зор мыс өндіретін компания. Компания операциялық жұмысын Шығыс Қазақстанда орналасқан үш кеніш пен үш кен байыту фабрикаcында, сондай-ақ Қырғызстандағы Бозымшақ мыс-алтын кенішінде,  Павлодар облысы мен ШҚО орналасқан Бозшакөл және Ақтоғай кен байыту кешендерінде жүргізеді. 2016 жылы катод эквивалентіндегі мысты өндіру көлемі 140 мың тонна болған, ілеспе өнім ретінде 75 мың тонна концентраттағы мырыш, құйма эквивалентіндегі 120 мың унция алтын мен 3,103 млн унция күміс өндірілді. Топтың жаңа өндірістік кәсіпорындары – Бозшакөл мен Ақтоғай – саладағы ең қарқынды даму көрсеткіштерін қамтамасыз етіп, KAZ Minerals-ты ресурстық саладағы әлемдік деңгейдегі ашық түрдегі кеніштерден тұратын компанияға айналдырмақ.

Операциялық шығындар бойынша Бозшакөл халықаралық мыс өндіруші кәсіпорындар арасында бірінші квартильге кіреді. Бозшакөл КБК-ның кен байыту фабрикаларының  толық қуаты жылына 30 млн тонна кен. Кен орнын пайдалану мерзімі – 40 жылдан астам уақыт. Кендегі мыс құрамы 0,36%. Өндіріс көлемі – алғашқы 10 жылда жыл сайын 100 мың тонна катод эквивалентіндегі мысты және 120 мың унция концентраттағы алтынды құрайды.

Ақтоғай – карьер типтес ірі ауқымды кеніш. Ол Бозшакөлге ұқсас. Кен орнын пайдалану мерзімі 50 жылдан астам уақытты құрайды. Кендегі мыс мөлшері 0,37% (оксидті кен) және 0,33% (сульфидті кен). Ақтоғайда оксидті кеннен катодты мысты өндіру 2015 жылдың желтоқсан айында басталған, ал сульфидті кеннен алғашқы мыс концентраты 2017 жылдың ақпан айында өндірілді. Сульфидті кенді қайта өңдейтін кен байыту фабрикасының жылдық қуаты – 25 млн тонна. Ақтоғай кен орнының операциялық шығындары халықаралық мыс өндіруші кәсіпорындар арасында бәсекеге қабілетті болып табылады. Өндіріс көлемі – алғашқы 10 жылда жыл сайын сульфидті кеннен өндірілетін 90 мың тонна катод эквивалентіндегі мысты және оксидті кеннен өндірілетін 20 мың тонна катодты мысты құрайды. 

KAZ Minerals PLC компаниясының құнды қағаздары Лондон, Қазақстан және Гонконг қор биржаларында бағаланады.  

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу