ҚазАгроның шығыны 399,1 млрд теңгені құрады

4505

Бұл – шығындардың жартысы девальвациядан болған шығындар, жартысы – екінші деңгейдегі дефолт банктеріндегі шығындар.

ҚазАгроның  шығыны 399,1 млрд теңгені құрады

КиПиЭмДжи халықаралық аудиторлық компаниясы (KPMG) жақында холдингтің жаңадан тағайындалған басқармасымен бірлесіп дайындалған "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ-ның қаржылық жағдайы мен қызметіне кешенді тәуелсіз бағалауды аяқтады, деп хабарлайды "ҚазАгро" холдингі" АҚ баспасөз қызметі.

Оның нәтижелері холдингтің жалғыз акционерінің талқылауына шығарылатын болады.

Холдингтің қаржылық жағдайының айтарлықтай нашарлауына 2013-2017 жылдары Қазақстанның қаржы нарығындағы турбуленттіліктің салдары, теңгенің девальвациясы және елдің аграрлық-өнеркәсіптік кешенін несиелейтін бірқатар банктердің дефолты себеп болды.  Бас холдинг осы  келеңсіз оқиғаларға дайын емес болып шықты, өйткені ол шетел нарықтарына доллармен және еуромен көп қарыз алған болатын, соның салдарынан айтарлықтай шығын шекті.

"Мемлекет басшысы ҚазАгро атына сын айтып, оны батыл реформалау қажеттігіне баса назар аударды. Эрнст энд Янг аудиторлық компаниясы растаған Холдингтің жинақталған шығыны 2019 жылдың басында 399,1 млрд теңгені құрады. Бұл – шығындардың жартысы девальвациядан болған шығындар, жартысы – екінші деңгейдегі дефолт банктеріндегі шығындар. Бұл – 2013-2018 жылдар аралығында ҚазАгроның алдыңғы менеджментінің қабылдаған шешімдерінің нәтижесі. Мысалы, тек 2018 жылы ғана бас Холдинг 148,3 млрд теңге шығынға батты",  - деді "ҚазАгро" ҰБХ Басқарма төрағасы Ербол Қарашөкеев

Барлық шығындар бас холдингте қалыптастырылған жағдайда, оның еншілес ұйымдары, атап айтқанда, Аграрлық несие корпорациясы, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры және ҚазАгроҚаржы сияқты ҚазАгроның үш ірі еншілес ұйымдары  табысты компаниялар болып қалып отырғанын айтып кету керек және олар ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемін жылдан-жылға арттыруда.

Холдингтің еншілес компанияларының саланы қаржыландыруының жалпы көлемі 2018 жылы 400 млрд теңгені құрады. Бұл – холдинг құрылғаннан бері бұрын-соңды болмаған көлем.  Бұл ЕДБ тарапынан АӨК-ні қаржыландыру үлесінің жыл сайын төмендеуімен байланысты болып отыр. Мәселен, 2011 жылдан бастап 2018 жылға дейін банктердің АӨК-ге несие беруі  6 есе, 448 млрд теңгеден 76 млрд теңгеге дейін төмендеді. Осыған байланысты, холдинг АӨК-де жалпы күйреуге жол бермеу мақсатында қаржыландыру көлемін ұлғайтуға мәжбүр болды (2011 жылдан бастап 2018 жылға дейін несие беру көлемі 4 есе, 93-тен 400 млрд теңгеге дейін өсті).

"Жағдайды түзету міндеті - күрделі мәселе және Үкімет пен Холдинг менеджментінің үйлестірілген шешімдерін талап етеді.  Біз ҚазАгро тағдыры туралы айтатын болсақ, Холдингтің еншілес компанияларында қазіргі уақытта 77 мыңнан астам қарыз алушы - ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, шаруа және фермерлік шаруашылықтар бар, олар ҚазАгроның қолжетімді несиелерін пайдалануда. Алдағы уақытта қабылданатын кез келген шешімдер, ең алдымен, олардың жағдайын нашарлатпауы тиіс", - деп атап өтті "ҚазАгро" ҰБХ Басқарма төрағасы Ербол Қарашөкеев.

Реформалау шеңберінде холдингтің жаңа топ-менеджменті шығындылық және төмен тиімділік проблемасын шешу үшін күш-жігерді шоғырландырудың үш негізгі бағытын белгіледі.

Бірінші - холдингтің қаржылық жағдайын тұрақтандыру бойынша жедел шаралар әзірлеу және қабылдау. Осы жұмыс шеңберінде холдинг биылғы жылдың мамыр айының соңында өзінің барлық валюталық берешегін түпкілікті өтеді. Теңге бағамының ауытқуы енді шығынға әкелмейді.  Алдағы 15 жылға арналған дамудың қаржылық моделінің жобасы әзірленді, ол Холдингті қалыптасқан жағдайдан біртіндеп шығаруды көздейді.

Екінші - холдингті оңтайландыру.  Оңтайландыру шеңберінде еншілес компанияларды тарату, олардың санын 7-ден 3-ке дейін қысқарту ұсынылады. Оңтайландыру басшыларды, артық буындарды, тиімсіз компаниялар мен бөлімшелерді қысқартуға мүмкіндік береді. Осы орайда, холдинг штатты 20% - ға қысқартқанын айта кету керек.

Алдағы уақытта тағы 25% - ға кезең-кезеңмен қысқарту болжанып отыр.

Үшінші - барлық процестерді автоматтандыру. Біздің қарыз алушыларымыздың 70%-ы – фермерлер, олар өз қажеттіліктері үшін 4 млн теңгеге дейін қарыз алады. Холдингтің жаңа басқармасы алдына олардың несиеге өтінімдерін қарау уақытын 30 күннен 3 сағатқа дейін қысқарту міндетін қояды.  Басты міндет – біздің қарыз алушыларымызды инстанциялар бойынша әр түрлі анықтамаларға жүгіртуге мәжбүр етпеу. Фермер ҚазАгроның керек құрылымына тек қана жеке куәлігімен келіп және 3 сағат ішінде несиеге мақұлдау алуы тиіс.

Естеріңізге сала кетейік, 15 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеңейтілген отырыс кезінде Үкіметке екі ай мерзім ішінде ҚазАгро холдингін жедел реформалау бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырған болатын.

"ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ құрамына кіретін компаниялардың инвестициялық активтерін тиімді басқаруды қамтамасыз ету арқылы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бойынша мемлекеттік саясатты іске асырады. Холдинг құрамына "ҚазАгроҚаржы" АҚ, "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ, "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ, "Азық-түлік келісім шарт корпорациясы" ұлттық компаниясы" АҚ, "ҚазАгроӨнім" АҚ, "ҚазАгроКепіл" АҚ және "Қазагромаркетинг" ЖШС кіреді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу