Қазақ "жасыл" экономикасын құнттай алмай жатқанда, қытай "көк" экономикаға көшті

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4258

Қытай қазақ жерінде мұнай өндіруінің 20 жылдығын қорытындылады.

Қазақ "жасыл" экономикасын құнттай алмай жатқанда, қытай "көк" экономикаға көшті

Қытайлар бүкіл ғаламшар бойынша, соның ішінде тіпті Африкада да жер астындағы қазба байлықтарды қарқынды өндіруде. Әрине, олардың назарынан іргедегі қазақ елі сырт қала алмайтын еді.

Шығыс Қазақстан жақтағы шекара түйісер тұста соғысуға дейін бара жаздаған кеңес одағы құлаған соң, америкалық және түркиялық инвесторлардың ізін ала, "қызыл" партиясының қолдауымен шың елінің ірі компаниялары қазақ жеріне аяқ басты. Содан бері олар мұнда не бітірді?

Осы орайда Астанада Қазақстан мен Қытай халық республикасының мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығына 20 жылының қорытындысы шығарылды.

Бұл ретте "қара алтын" және "көгілдір отын" өндірудегі қытайлық инвестициялар негізінен "China National Petroleum Corporation" (CNPC) компаниясы арқылы жүргені айтылды.

CNPC вице-президенті Ван Дунцзиньнің айтуынша, қытайлар қазақстандық жобаларда мұнай мен газды өндірудің көлемін 10 есеге ұлғайтыпты. Атап айтқанда, егер 1997 жылғы бұлар қазақ жерінің қойнауынан небары 3,19 млн тонна "қара алтынды" сорып ала алған. Қазір болса, "шикі мұнайды өндіру көлемінің жиынтығы 290 млн тоннаға, ал өндірілген мұнай 54,74 млн тоннаға жеткізіліпті.

Расында, "аспанасты елінің" іргедегі Ұлы дала еліне аяқ басуы 1997 жылдан, яғни CNPC мен Қазақстан үкіметінің "Ақтөбемұнай" өндірістік бірлестігінің акциясын сатып алу туралы келісімге қол қойғаннан басталады.

Ван Дунцзиньға сенсек, 20 жылдың ішінде CNPC-дің Қазақстандағы мұнай-газ жобаларына бағыттаған инвестициялардың жалпы көлемі 42 млрд доллардан артық соманы, ал мемлекет бюджетіне төлеген салықтың жалпы көлемі 40 млрд доллардан артық соманы құрапты.

Осы жылдар ішінде қытайлар тек мұнай өндірумен шектелмей, мұнай мен газды өңдеу, құбырмен тасымалдау, мұнай өнімдерін өткізу және сату салаларына қанат жайды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда өндіру мен өңдеу саласында CNPC 7 жобада – "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ-ы, "ПетроҚазақстан Инк" АҚ-ы, "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-ы,  "Бузачи Оперейтинг Лтд" АҚ-ы, "СНПС-АйДанМұнай" АҚ-ы, "ҚуатАмлонМұнай" БК ЖШС-і және "супергигант" "Қашаған" жобасында үлестік қатысуы бар.

Бұл корпорация әлеует-күші асып-тасып келе жатқан Қытай елін сол үшін қажетті қуатпен қамтамасыз ету бойынша коммунистік партия тапсырмасын "беске" орындауда.

Осы бағытта мұнай және газ құбырларының құрылысы саласында CNPC "ҚазТрансОйл" АҚ-ымен бірлесе отырып, ең алғашқы "Қазақстан-Қытай" мұнай құбырын салды. Бұл құбырдың халықаралық сауда терминалдармен тікелей байланысы бар және мұнайды өткізудің қабілеті 20 млн тоннаны құрайды, оның сондай-ақ жалпы көлемі 100 млн артық тонна мұнайды қотару мүмкіндігі бар.

"CNPC "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясымен ықпалдаса отырып, жылына 55 млрд текше метр газ өткізу қабілеті бар және жалпы көлемі 190 млрд текше метр табиғи газды қотару мүмкіндігі бар "Қазақстан-Қытай" газ құбыры жобаларын іске асырды. Сондай-ақ табиғи газды Қытай нарығына тасымалдаудың ыңғайлы арнасын қамтамасыз етті", – дейді CNPC вице-президенті.

Мұнай өнімдерін қайта өңдеу және сату саласында CNPC компаниясы мен "ҚазМұнайГазбен" бірге, Шымкент мұнай өңдеу зауытын (МӨЗ) басқарып, пайдаланып келеді. Бұл зауыт Қазақстанда үш ірі мұнай өңдеу зауыттарының бірі болып табылады. Биыл "Шымкенттік МӨЗ-ді жаңарту және қайта құру" жобасының алғашқы кезегі аяқталды, енді зауыт К-4 және К-5 (Еуро-4 және Еуро-5-тің баламасы) стандарттарына сәйкес келетін мұнай өнімдерін шығара бастауда.

"Қазіргі уақытта екінші кезектің құрылысы аяқталуға жақын көрінеді. Бүгінде регенераторды тұрғызу мен жылына 2 млн тонна өнім шығаратын негізгі каталитикалық крекингті құру жұмыстары аяқталды. Жаңарту жұмыстары аяқталған соң, 2018 жылдың қыркүйегінде Шымкент МӨЗ-і халықаралық дәрежеге сәйкес келетін заманауи мұнай өңдеуші зауыт болады", – деп сендірді Ван Дунцзинь.

Қытайлар қазақстандық "темір тұлпарларды" қоректендіретін жанар-жағармай стансаларының да тұтқасын нық ұстауда. CNPC жергілікті кәсіпорындармен серіктесе отырып, құрамында 150-ден артық жанар-жағармай құю стансасы бар SINOOIL компаниясын құрды. Қазір ол Қазақстанда мұнай өнімдерін сатудың көлемі бойынша үшінші орынға шықты.

Шың елі қазақ елінен мұнай мен газды да өздерінің қытайлық құбырларымен әкетпек ниетте. Осы мақсатта құрал-жабдықтарды өндіру саласында CNPС үлкен диаметрлі болат құбырларын өңдіретін "Азиялық зауытты" тұрғызуда. Бұл жоба екі ел басшыларының тікелей назарында және екі ел арасында өндіріс құаттылығын дамыту саласында серіктестіктің аясында жүзеге асуда. Аталған зауыт үлкен диаметрлі болат құбырларының өндірісін жолға қояды және жергілікті тұрғындар үшін 300 жаңа жұмыс орынды қамтамасыз етеді. Бұл жоба 2018 жылдың ортасында іске қосылады, оның жобалық өнімділігі жылына 100 мың тоннаны құрайды деп күтілуде.

"Қытайлар зауыт ашыпты" десе, халықты бірінші тіксінтетіні де ол кәсіпорында ҚХР азаматтарының қаптайтыны болса керек. Осыған қатысты сұраққа жауабы ретінде CNPC вице-президенті Ван Дунцзинь өздерінің үлестік қатысуы бар қазақстандық кәсіпорындар кадр саясаты саласында әсіресе, өндіріс орындарына жергілікті тұрғындарды тарту қағидатын ұстанатынын айтты. Сондай-ақ қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыру үшін тренингтер мен курстарды ұйымдастыру арқылы мансапта жоғарлатуға бағытталған бағдарламасы да бар көрінеді.

"Қазіргі уақытта CNPC-дің өндіріс орындарында қазақстандық қызметкерлердің үлесі 98,3%-ға жетті", – деді ол.

Айтқандай, Дунцзинь мырза өз компаниясының әлеуметтік жауапкершілігінің мысалы ретінде Астанадағы "Қазақ ұлттық хореография академиясы" өздерінің қаржылай қолдауымен салынғанын ескертті.

"Қазіргі уақытта Қытай мемлекеті қазақстандық "Нұрлы жол" экономикалық даму бағдарламасымен сабақтас келіп отырған "Жібек жолының экономикалық белдеуі" концепциясын іске асыруда. Бұл Қазақстан мен Қытай екі ел арасындағы қарым-қатынас пен жан-жақты ынтымақтастығының дамуына үлкен күш беруде. Мұның өзі Қытай мен Қазақстан арасында өзара тиімді серіктестігінің жаңа тарихында екі елдің достығы одан әрі нығая түсіп, ұзақмерзімді перспективалы келешекке ортақ жол ашылады деп кәміл сенеміз", – деді ол.

Негізі, көптеген сарапшылар "Қытаймен дос болған абзал" деген ұстанымды жақтайды. Өйткені бір жарым миллиардтық халықпен қас болу абырой әпермейтіні айдан анық. Бірақ дос болғанда да, ішкі сырыңды алдырмай, әр сұрағанына көзсіз "құп" демей, тек өзара тиімді достасу керек. ҚХР тарапы қанша қысым көрсетсе де, Қазақстанның бұл ел азаматтарына визасыз режим енгізбей отырғаны да осы сарабдал әрі сақ саясаттың жақсы жемісі. 

Сонымен бірге қазір Қазақстан үкіметі бұл елден жоғары технологиялар әкелуге құлықты болып отыр. Себебі, Батыс Шығыс елдерімен озық технология бөлісуге ынталы емес.

Айтқандай, ҚХР-дың Сямынінде өткен БРИКС саммитіне өз басшылары Владимир Путинге еріп барған сарапшылар мен мамандар біраз түңіліп қайтыпты. Олардың байламынша, Қытай тағы да Ресейдің алдын орап кетті. Айта кетелік, саммит аясында ҚХР "көк экономика" деп атаған төл тұжырымдамаларының тұсауын кесті. Оның аясында қытайлар БРИКС бірлестігіне кіретін Бразилия, Ресей, Үндістан, Оңтүстік Африка мемлекеті айналасындағы көк теңіздердегі бай табиғи ресурстарды және үлкен экономикалық әлеуетті бірге, белсенді пайдалануды ұсынды. Қазір оған санкция сансыратқан Ресейдің технологиясы да, қаражаты да жоқ. Ендеше ол осынау ғаламат жобаға белсенді араласып кете алмай, оқшау қалғалы тұр.

Соның бір көрінісіндей, ізінше, Африкалық кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Джордж Себулела оңтүстікафрикалық және қытайлық компаниялар "көк экономикада" өзара әрекеттесу туралы 20-дан астам нақты келісім бекіткенін жария етті. Осылайша, ҚХР-дың бастауымен БРИКС елдерінің дамуының жаңа бағдары – су ресурстары мен теңіздегі тасымал жолдарын пайдалануға негізделген "көк экономика" іске қосылды.

Ал солтүстік көршілеріміз болса, саммитте айтылған құрғақ сөздерді теріп, күрсініп қайтты.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу